Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кең болсаң, кем болмайсың

Кең болсаң, кем болмайсың
ашық дереккөз
Кең болсаң, кем болмайсың
Қайырымдылық жасаудың қазіргі қазақ қоғамында әлеуметтік құбылыс ретінде маңызды орны бар. Әлеуметтік жауапкершілікті сезіну және қайырымдылық шараларына қатысу, ауыр дертке шалдыққан балаларды емдеуге қаражат жинау бүгінде айрықша үрдіске айналды. Бұл сірә, жыл сайын қайырымдылық ұйымдарының қатары артып, ізгі істі жүзеге асыратын бағдарламалардың да саны көбейгенінің көрінісі болса керек.  Қазір қайырымдылықпен айналысатын қорлардың басым бөлігі жүрек қан-тамыр аурулары, онкологиялық дерт, сал ауруы, аутизммен ауыратын балаларды емдеуге донорлық қаражат жинау мен емханалар және мамандандырылған мекемелерге медициналық жабдықтар алып берумен айналысады. Дейтұрғанмен қайырымдылық қорларының қызметі белгілі бір мәселелерді шешу үшін ақша табу ғана емес, олардың мақсат-мүддесі әлдеқайда тереңде жатыр. Қайырымдылықпен айналысу кәсіби басқарушылық көзқарасты да талап ететінін айта кетуіміз керек. Мысалы, қаражат жинау негіздерін білу, жиналған қаржы жөнінде түрлі кеңестер алдына есеп беру негізгі шарттарының бірі. Қазір әлемдегі әлеуметтік бағдарланған инновациялардың көпшілігін қайырымдылық қорлары ұсынғаны белгілі. Мысалы, Қазақстанда «Сәби», «Дара», «Аяла» қорларының арқасында жаңа туған нәрестелерге алғашқы кардиологиялық операциялар жасала бастады. Алматыда «Сәби» қорының бастамасымен мүгедектерге арналған алғашқы көмек қолын созу кызметі пайда болды. Оның қатары сал ауруына шалдыққан балаларға арналған терапия, сондай-ақ оңалтуға арналған тегін сапарлар легімен толысқаны көңіл қуантады. Қорлардың атқаратын рөлдеріде осында жатыр. Олар мемлекетке медицина мен әлеуметтік қамсыздандырудың жаңа жетістіктерін игеру мен қолдануда көмек көрсете бастады. Сонымен қатар медицинаны барлық қоғамдық проблемаларды шешу процесіне тарта отырып, мұқтаждарға әлеуметтік жауапкершілікпен қарауға дағдыландыруда. – Қайырымдылық – сауапты іс. Қолдан келсе жақсылық жасағанға не жетсін. Бес саусақ бірдей еместігі секілді, әлемде адамдар да әртүрлі. Көмекке, қолдауға зәру, дертіне шипа іздеген қанша жандар бар арамызда. Әрине, барлығына бірдей көмектесу мүмкін емес. «Көп түкірсе көл» демей ме? Қиналған жанның көз жасына бейжай қарай алмайтын мейірімді жандар, ерікті жастарымыз көмекке зәру қанша азаматтың сауабын алып жүр. Ең бастысы жақсылық жасауға деген ниетіміздің басым болуында. Себебі материалдық көмектен басқа психологиялық тұрғыдан да бізден көмек сұрайтын жандардың да барын ескергеніміз жөн, – дейді Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркепов. Жақсы іске мұрындық болып жүрген жандардың баршылық екенін жеткізген Орталық «Һибатулла-Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек Төлегенұлы «Ел үлесі – пәтерге» жобасы арқылы биыл облыс, аудан мешіттерінің ұйымдасуымен 11 отбасының қоныс тойын тойлауы бағалағанға үлкен еңбек екенін айтады. Әулиеаталық жұртшылық пен мешіт жамағаттарының бірлесіп осындай игі жобаларды жандандыруы, қайырымдылықтың өз арамызда қанаты кеңге жайылып, дүйім жұрттың жақсылық жасауға құлшынуы көңіл қуантарлық іс. – Айта кету керек, өңірімізде кейбір азаматтар өз табысының бір бөлігін, яғни белгілі бір пайызын шариғат бекіткен тәртіп бойынша зекет ретінде тапсырып жатады. Ол да қайырымдылық бағытқа жұмсалады. Анығын айтқанда Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының ұйымдастыруымен республика көлемінде арнайы «Уақып» қоры ашылған. Жиналған зекеттер сол қорға тапсырылады. Уақып – үздіксіз садақа деген мағына береді. Аталған қордың да мақсаты сол, барша көмекке мұқтаж жандарға қажеттіліктерін үлестіріп, теңдей бөлу, – дейді Ғалымбек Төлегенұлы. Бүгінде шаһар тұрғындарының арасынан жасырын көмек қорларымен, кәсіпкер аға буындардың демеуімен жұмыс жасап жатқан қайырымдылық жұмыстары қаншама. Қайырымды істер елеусіз қалмайды. Олар шамшырақ секілді көмек күткендер үшін ойламаған жерден жарқырайды. Қайырымдылықпен айналысқан адам мұқтаждарды тек материалдық құндылықтармен ғана қамтып қоймай, оларға қуаныш сыйлап, жарқын болашаққа деген үміт отын тұтатады. Біреудің кем-кетігін бүтіндеп, жоқ-жітігін түгендеу, өзгеге қолдау көрсету тек қаржымен ғана өлшенбейді. Өйткені жұрттың бір-біріне қол көмегі немесе шынайы әңгімелесу, ақыл беріп, жөн сілтеу арқылы көмегі тиюі мүмкін. Біреу өзгеден «бәрі жақсы болады» деген сөзді естуге зәру шығар. Мұндай жағдайда сөз көмегінің де маңызы айрықша. Тегінде әр адам жақсы өмір сүруге, әр бүлдіршін бақытты балалықты бастан кешуге лайықты. Оларға көмек қолын созған адам да күні бойы өзін бақытты сезіну ғажап емес. Сондықтан баршамыз жақсылық жасауға ұмтылайық.

Әнел ӘШІРҚҰЛ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің III курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар