Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өңірлік жол картасы өнімділікті арттыра ала ма?

Өңірлік жол картасы өнімділікті арттыра ала ма?
ашық дереккөз
Өңірлік жол картасы өнімділікті арттыра ала ма?
Облыста жергілікті атқарушы орган тарапынан су тапшылығын шешу мақсатында су жүйелерін қалпына келтірудің өңірлік жол картасы әзірленді. Жол картасы аясында 2023-2025 жылдары 257 сушаруашылығы нысанына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл туралы аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің айтуынша, бүгінгі күнге 257 нысанның 56-сына жобалық-сметалық құжаттама сараптаманың қорытындысымен әзірленген. Сонымен қатар қазіргі таңда 113 каналдың сметалық құжаттары әзірленуде десек, ол жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Жалпы 257 сушаруашылығы нысанын қалпына келтіру үшін шамамен 40 миллиард теңге қажет. – Аталған жол картасында жетіспейтін суды қосымша су көздері арқылы қамту көзделген. Су тапшылығы бар аудандарда жерасты суын алу үшін 646 ұңғыма қазу жоспарланған. Бүгінге 103 ұңғыма қазылып, 3,8 мың гектар алқапқа су жеткізілді. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен сыйымдылығы 5,3 миллион текше метр жаңа 10 суқойма салу көзделген болатын. Бүгінде 3 суқойманың құрылысы басталды. Жылдан-жылға облыста су үнемдеу технологиялары енгізілген алқаптар ұлғайып келеді. Бұл көрсеткіш 2021 жылы 40 гектар болса, биыл 57,2 мың гектарға жетті, – деді Қанатбек Мәдібек. Бұдан бөлек басқосуда 2019 жылдан бастап облыстың 6 ауданында Халықаралық банктер несиесі есебінен 69 мың гектар алқапта жалпы құны 40 миллиард теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асуда. Аталған жобалардың әкімшісі – Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны. Бүгінде жобалар аясында 20,5 миллиард теңге игеріліп, 33,9 мың гектар алқапқа су жеткізу жақсарған. Жиында «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Ерлан Өтегеновтің, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараевтың, ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің, Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы Гүлмира Имашеваның да қысқаша есептері тыңдалды. Облыс әкімі су тапшылығына қатысты соңғы жылдардағы жағдайды ескере отырып, су үнемдеу технологияларының тиімділігін атап өтіп, жаңбырлатып және тамшылатып суарылатын алқаптардың көлемін арттыруды, ұңғыма қазу шараларын да барынша қолға алу керектігін атап өтті. Сонымен қатар аймақ басшысы жауаптыларға ауылшаруашылығы мақсатында жерасты суларын пайдалану бойынша рұқсаттама мерзімін 25 жылдан 50 жылға дейін арттыру жөнінде жан-жақты мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырды. «Қазсушар» кәсіпорны облыстық филиалының жұмысын күшейтудің маңыздылығын айтып, алдағы уақытта мекеменің есебі арнайы тыңдалып, талқыланатындығын жеткізді. Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев суармалы алқаптар мен су жүйелеріне жан-жақты талдау қажеттігіне тоқталып, тиісті тұлғаларға жөндеу, жаңғырту жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуын барынша бақылауда ұстауды міндеттеді. Облыс әкімінің баспасөз қызметі
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар