Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жұртты жұмыспен қамтыған Фархат

Жұртты жұмыспен қамтыған Фархат
ашық дереккөз
Жұртты жұмыспен қамтыған Фархат
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты былтырғы Жолдауында мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесі жасалатынын атап көрсетті. Сондай-ақ мемлекетпен етене жұмыс істеген бизнес өкілдеріне қолдау көрсетіле беретінін сөз еткен болатын. Мемлекет басшысы аталған Жолдауда: «Келесі мәселе. Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап. Сонымен қатар мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет. Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануға тиіс. Жетінші. Мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің жаңа үлгісіне көшу керек. Қазір көптеген жоба кейбір кәсіпкерлер мен шенеуніктердің майшелпегіне айналды. Келісімшарттар ашық және конкурстық негізде жасалуға тиіс. Осы мақсатта тиісті заң қабылдау қажет», деген еді. Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміздің кәсібі мемлекеттік сатып алумен тікелей байланысты болғандықтан Сарысу ауданы, Жаңатас қаласының тұрғыны – Фархат Шаимқұловтың кәсібі жайлы ашып жазуды жөн көрдік. Жалпы ел ішінде тірлікке епті, істің көзін таба білетін, қолының қары, сөзінің жаны, ақыл-ойының нәрі бар адамдар қай кезде де болған. Мұндай тумысынан елгезек, өз ісіне пысық адамдарды жұрт төңіректеп, маңайына топтаса қалатыны белгілі. Қазіргі заман осындай кез келген істің парқын білетін, әр ісін болашақты болжай отырып жүзеге асыратын адамдардың оң жамбасына келіп тұрғанын мойындауымыз керек. Ондай азаматтар жеке кәсіпкерлік немесе серіктестік ашып, сол арқылы заң аясында еңбек етсе, нәпақасыз қалмайтынын өз кәсібін мемлекеттік сатып алу арқылы дөңгелетіп отырған азаматтардың тірлігінен де аңғаруға болады. 1986 жылы Талас ауданының Майтөбе ауылында дүниеге келген Фархаттың отбасы ертеректе Жаңатас қаласына қоныс аударып, сол жақта еңбек еткен екен. Осы қалада есейіп, орта мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында «Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру» мамандығы бойынша жоғары білім алады. Дегенмен ол заман ағымын ерте түсініп, бірден кәсіпкерлікке бет бұрыпты. Нақты айтқанда, ол 2009-2013 жылдары жеке кәсіпкерлікпен айналысып, 2013 жылы «Байтұр-2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құра­ды. Серіктестіктің атқаратын қызметі – құ­­ры­лыс нысандарын салу және жөн­­деу жұмыстарын жүргізу. Рас, ел ішінде қолдан бригада жасақтап, бі­­реудің қорасын салып, тағы бірінің үйінің шатырын жауып беріп жүрген жігіттер жетерлік. Он саусағынан өнер там­ған жігіттер құрылысты да, басқа да жұмысты жалданып істегенімен тапқан табысынан мемлекетке салық төлеп отырғандары некен-саяқ. Ал Фархат тапсырысты жеке адамнан қабылдап үй салса да мемлекетік сатып алу конкурсы арқылы жеңіске жетіп, әлдебір нысан құрылысын жүргізсе де мемлекетке заңды түрде салық төлеп, серіктестікте еңбек ететін қызметкерлер мен жұмысшыларға жалақы төлей отырып, олардың да салық органдары алдында есебін жүргізіп отырған адам. Бүгінде ол өзі басшылық ететін серіктестіктен бөлек, «Жаңатас сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде техникалық және жалпы сұрақ жөнінде орынбасар қызметін қоса атқарып жүр. Онымен кәсібі жайлы әңгімелесу барысында ұққанымыз, ұстанымы – мемлекет берген мүмкіндікті қай салада жүрсең де сауатты әрі тиімді пайдалану. Бұл өз кәсібін ұршықша иіріп отырған азаматтың сөзі. – Қазіргі уақыт тірліктің заманы. Бастысы заңнан аттамай, бейнеттене білген адам көздеген мақсатын бағындырады. Оның үстіне қазір елімізде жеке кәсіпкерлік немесе шағын және орта бизнес не сервистік қызмет секілді кез келген сала жетіліп келеді. Кәсіпкер болғаннан кейін салаға қатысты кез келген жаңалыққа, жаңа қабылданған заңдарға үнемі құлақ түрулі болуы керек. Себебі кәсіпкер салықтық төлем не болмаса салалық мәселелерден, жаңалықтан қалыс қалса, онда өз тірлігі кедергіге ұшырайды. Сондықтан заңнамалардағы өзгерістер, нормативтік құжаттардағы өзгертулер мен толықтырулар секілді жаңашылдықтарды серіктестіктің заңгері арқылы үнемі назарда ұстап отырамыз. Себебі дәл біздің кәсіпте жаза басып, қате қадам жасауға болмайды. Осы уақытқа дейін жеке адамның да мемлекеттік тапсырыс бойынша да құрылыс нысандары, оның ішінде жөндеу жұмыстарын ойдағыдай атқардық. Ісімізден әзірге кем-кетік табылған жоқ, – дейді Фархат Исақұлы. «Байтұр-2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысын жүргізген ең ірі деген нысандарға келсек, 2020 жылы аудандағы ұзындығы үш жарым шақырым «Ұйым» каналын ағымдағы жөндеуден өткізген екен. Бұрнағы жылы «ЕвроХим-Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің №4 тұрғын үйдің сыртқы қабырғаларын оқшаулау және қасбетін металл панельдермен қаптау жұмыстарын атқарған. Былтыр аудандағы біріккен өнеркәсіп алаңы аумағында орналасқан бірнеше ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізсе, биыл қатты желде ұшқан Жаңатас қаласындағы №5 ықшамаудандағы №10 тұрғын үйдің шатырына күрделі жөндеу жүргізіп, қалпына келтіріпті. Серіктестіктегі қызметкерлер мен жұмысшылардың құрылысшылар жалақысы 100-200 мың теңге аралығында. Ұжымда негізгі заңгер, жүргізуші, прораб секілді тұрақты жұмысшылардың саны 10 адам болса, құрылыс жұмысына тапсырыс түскенде адам саны бұдан да арта түсетін көрінеді. Тұрақты және жалданып жұмыс істейтін адамдардың барлығы да Жаңатас қаласының тұрғындары. Соның бірі – көлік жүргізуші Марат Әлдешбаев. Ол «Байтұр-2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 5-6 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтады. – Осы Жаңатас қаласының тұрғы­нымын. Серіктестікте өзі аудар­атын жүк көлігі мен жүк көтергіш (кран), жүкартқыш (погрузчик) және шағын автобус бар. Бұл серіктестіктің өз техникасы. Қалған құрылысқа қажетті техникалар керек болған жағдайда жалға алынып жатады. Менің міндетім – құрылысшыларды іс басына, үйді-үйіне аман-есен жеткізу. Кейде қол босағанда серіктестік техникасын жөндеуге көмек беремін. Алатын жалақым көңілге қонымды. Әне-міне дегенше жасым да алпысқа таяп қалды, үбірлі-шүбірлі, немере сүйіп отырған жайым бар. Біз тоқырау уақытында ел ішін жұмыссыздық қалай жайлағанын көзбен көрген адамбыз. Ал қазір заман түзелді, еңбек етемін деген адамға жұмыс көп. Жастар бірден табысы мол, жеңіл жұмыс іздемей, ақысы татымды болса, кез келген істен қашпауы керек, – дейді Марат Шаханұлы. «Байтұр-2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысшыларға әр кез сыйақы беріп тұратын көрінеді. Жағдайы төмен отбасыларға да қолдау көрсетуден тартынған емес. Соның нақты айғағы – серіктестіктің жағдайы төмен бір отбасына пәтер сатып алып беруі. Ауданда мешіт құрлысына да қаржылай қолдау көрсеткен екен. Жалпы Фархат Шаимқұлов қайырымдылық іс-шараларға және ауданның өркендеуіне, абаттануына үлес қосумен қатар, көпбалалы отбасыларға демеушілік жасап жүрген кәсіпкер һәм қоғам белсендісі. Отбасылы, қазіргі таңда үш ұл, бір қыздың әкесі. Ол ауданда шағын және орта бизнесті дамытуға үлес қосқаны үшін Сарысу ауданы әкімдігі мен «AMANAT» партиясының Құрмет, Алғыс грамоталарын иеленген. «Жаңатас қаласының 50 жылдығы» медалін де кеудесіне таққан. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарлама аясында «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаты ретінде «Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша арнайы дипломмен де марапатталыпты. Қазақта «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін. Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін» деген қанатты сөз бар. Фархат Исақұлының жеке кәсіпкер ретінде өз ісін жүргізіп қана қоймай, маңайына көмек қолын созып, демеушілік танытып жүруін біз бойға біткен жомарттық қасиет деп ұғындық. Бұл біз сөз еткен кәсіпкердің бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген мәселеге бейжай қарамайтынын аңғартады. Осындай іскер әрі елге жұғымды азаматтар арамызда көп болсын! Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар