ҚАЗАҚСТАН МАКРОЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ЖОЛЫ
Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматов қаржылық қадағалаушының экономиканы қолдау бағдарламаларынан тезірек кеткені абзал болатынын айтты. Негізі, бұл тезисті Ғалымжан Олжаұлы месседж ретінде жиі жеткізіп жүр және оның өзіндік себептері бар.
Классикалық Ұлттық банк ипотекамен, бизнеске кредит берумен еш уақытта айналыспауы керек. Себебі оның мандаты бөлек. Ол ақша-несие саясатын (базалық ставка, нарықтағы өтімділік) жүргізу арқылы инфляцияны реттеп отырады. Ал инфляцияны ауыздықтау мен дәл сол кезде нарық пен халыққа арзан, базалық ставкадан екі есе төмен кредиттер тарату бір-біріне мүлде керағар нәрселер.
Мұнымен салық жинайтын, қолында нақты «кэш» бар Үкімет айналыса алады. Ал Ұлттық банк ақшаны тек станокта басып шығара алатындықтан (эмиссия), ондай әрекет бірден инфляцияның өршіп, бағаның қымбаттауына алып келеді. Біз осыны бастан кештік.
Ұлттық Банк кезінде қабылданған макроэкономикалық қате шешімдерден тез кеткісі келеді. Және қалай тез кетеді, солай экономикамыз дұрыс жолға түсе бастамақ.
Инфляция 1 пайыз, ал базалық ставка 4 пайыз болса, банктің нарықтық кредиті/ипотекасы 8 пайыз болмақ. Онда мемлекетке бір жерін қинап, макрозаңдылықтарды бұзып, субсидияланған кредиттермен айналысудың қажеті болмайды. Біз сол жолға түскіміз келеді.
Әрине, ол ұзақ жол. Бірақ одан дұрыс басқа жол жоқ.
Айбар ОЛЖАЕВ,
журналист, қаржы сарапшысы
Келесі мақала