Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Америка биржасы, қазақтың киесі һәм 20 миллион доллар

Америка биржасы, қазақтың киесі һәм  20 миллион доллар
ашық дереккөз
Америка биржасы, қазақтың киесі һәм 20 миллион доллар
Nasdaq биржасындағы шортселлерді қазақтың киесі ұрды. Олар өз тарихында тұңғыш рет қазақстандық компанияға шабуыл жасаған еді. Енді ойындарынан өрт шығып, 20 миллион доллар шығынға батуы мүмкін. Триллерге белгісіз осы қызық оқиға туралы асықпай, түсінікті тілмен жазып шықтым. Көп терминдерді түсініп жүресіздер. Үлкен Шорт Голливудта түсірілген «The Big Short» фильмінің орысша аудармасы «Игра на понижение» деп келтірілген. Бірақ тікелей аударатын болсақ – «Үлкен Шорт». Үлкен шорт операциясы деп түсінсек болады. Фильмде 2008 жылғы америкалық ипотекалық кризисінің жақындап келе жатқанын сезген түрлі қорлардың аналитиктері одан мүмкіндігінше пайда табуға тырысады. Яғни, нарық құлайды деп инвестициялық банктермен бәс тіге аласыз. Бұл қысқа позициядағы кредиттік-дефолттық своп, бір сөзбен айтқанда облигациялардың құлдырауына төленетін сақтандыру қағазы. Фильмде аналитиктер Майкл Бьюри, Марк Буум осындай своптарды көптеп сатып алып, экономика құлап, барлығы кризиске ұшырағанда олар керісінше байып кетеді. Яғни, олар өсіп бара жатқан нарыққа қарсы ойнады. Қор нарығында акциялардың төмендеуінен пайда табатын инвесторлар типін «аюлар» дейді. Шорт – инвестордың өзіне тиесілі емес акцияларды брокерден қысқа мерзімге қарызға алып, жоғары бағамен сатып жіберуі. Енді инвестор сол акцияның нарықта арзандауын күтеді. Арзандағаннан кейін өзі сатқан акцияны қайта арзанға сатып алады да, брокерге қайтарып береді. Соның арасындағы ақша айырмасы инвесторға пайда ретінде келеді. Мұнда бастысы – белгіленген уақыт ішінде әлгі акциялар арзандауы керек. Әйтпесе, инвестор күйіп кетеді. Шортистерге белгілі бір акцияның құлауы тиімді болғандықтан, олар бұл үшін мүмкін нәрсенің бәріне барады. Осы жолда олар компанияны биржада құлата алатын мәліметтер іздеп, тәуелсіз сарапшылар арқылы түрлі әшкерелеуші зерттеулердің пайда болуына ықпал етеді. Гинденбург мотивациясы Осындай ең танымал шортселлердің бірі, өзін зерттеушілер тобы деп таныстыратын Hindenburg Research жаңа тренд қалыптастырды. Натан Андерсон басқаратын зерттеуші топ алдымен нысанаға ілінген компанияға биржада шорт позиция ашады, артынан сол компанияға қатысты әшкере зерттеу жариялайды. Егер компания акциялары құлдыраса, олардың мұрты майланады. 2020 жылы Hindenburg Research Tesla-ға бәсекелес болуы тиіс деп саналған, капитализациясы 28 миллиард долларға жеткен Nicola стартапын зерттеу жасау арқылы әшкерелеп, оның акцияларын 75 пайызға құлатқан болатын. Сол кезде шортселлерлер, оның ішінде Hindenburg Research те бар, жалпы алғанда 263 миллион доллар пайда тапқан. Шорт үлесіне қарағанда, Hindenburg Research қанжығасы кем дегенде 50 миллион доллармен майланғанын байқаймыз. 2023 жылы Hindenburg Research атақты миноритарлық акционер Карл Айканның Icahn Enterprises, Twitter негізін қалаушы Джек Дорсидің Block төлемдер компаниясы мен үнді миллионері Гаутам Аданидің Adani Group алпауытына шабуыл жасады. Сол кезде аталған компаниялардың ортақ капитализациясы 99 миллиард доллар жоғалтқан. S3 Partners мәліметтері бойынша, Icahn-дегі барлық ашық шорттар идеалды жағдайда 56 миллион табыс бере алған. Бұдан Hindenburg Research жартысын тапты деп топшыласақ, Adani Group бойынша 50 миллион доллардың шамасында табыс, Block пен Twitter жағдайында шамамен 5 миллион доллар пайда келген. Биржада әр нәрсенің тегін жасалмайтынын ішіңіз сезетін шығар. Қазақтың киесі АҚШ-та да ұрады Әлемдік алпауыттарды шертіп жүрген Hindenburg Research айналып келіп Nasdaq биржасында листингтелген Freedom Holding Corp. туралы зерттеу шығарғанын көрдік. Бірақ осы жолы Hindenburg Research оңбай қателесті. Зерттеу материалы жарық көрген күні нарықтағы котировкалар сәл құбылды да, артынан Freedom өсе бастады. Шорт-сквиз сценарийі орын алып, шортшылар кеше 8 миллион доллар жоғалтты. Болжам бойынша бүгін-ертең тағы 12 миллион доллардан айрылуы тиіс. Шорттың өз қалыптасқан нарығы, пайда нормасы бар. Негізі шортселлерлер қателеспей дәл ұратын. Бұл кейс биржа тарихында қалады және біраз зерттелетін болады.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар