Елдіктің алтын тұғыры
Отаншылдық – асыл қасиет. Жасынан руханиятқа сусындаған, ұлағатқа құлағын тосып өткен жас ұрпақтың бойынан патриоттық табылатыны анық. Облыстық Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы «Жамбылтану» бөлімінің ұйымдастыруымен ҚР Конституциясы күніне орай «Ата заңым –
ардақтым» атты танымдық кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың Отанды сүюге, Ата заңымызды қадірлеуге, Тәуелсіз мемлекетіне, туған жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Туып-өскен жеріміз Қазақстан Республикасын құрметтеу, еліміздің Рәміздерін қастерлеп, Отан – отбасынан, туған жерден басталатынын түсіне білу. Жастарды достыққа, адамгершілікке, саналылыққа, елінің мұрасын жалғастырушы тарихи саналы және мәдени азамат болуға тәрбиелеу.
Жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Лесбек Ілебаев, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, қаламыздағы жоғары оқу орындарының профессорлары және белсенді жастар қатысты.
Кездесуді жазушы, «Жамбылтану» бөлімінің меңгерушісі Көсемәлі Сәттібайұлы ашып, жиналғандарды мерекемен құттықтады.
– Конституция – еліміздің алтын бағдаршамы. Әрбір құқықтық мемлекеттің негізі – оның Ата Заңы. Ол тәуелсіз елдің басты нышаны, құқықтық өзегі. Ата Заңның айбары асқақ, пәрмені жоғары. Еліміздегі кез келген заң, кодекс, құқықтық құжаттар бастауын осы Конституциядан алады. Кез келген зайырлы мемлекеттің тірегі де, сүйенері де – Коституциясы. Себебі Конституция – әрбір елдің кедергісіз дамуына, азаматтардың құқығы мен бостандығының қорғалуына кепілдік береді. Осы заңды, заңның әділетсіз тұстарын да Жамбыл ақын да жырға қосқан, – дейді К.Сәттібайұлы.
Мұнан соң облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Шәріпбай Дәулетбаев сөйлеп, Ата Заңның қоғамдағы рөліне, маңызына тоқталды.
– Тәуелсіз еліміздің дамып өркендеуі – осы әділетті заңның арқасы. Конституцияның мықты күші. Конституция көп өзгермеуі керек. Мықты мемлекеттердің бәрінде солай, – деді Ш.Дәулетбаев.
Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Лесбек Ілебаев еліміздің бүкіл қозғалысы, адам құқығы заң аясында реттелгенін айтып, Конституцияның кемелді күшіне тоқталды. Жиында өзге де қатысушылар тақырып аясында ойларын ортаға салды.
Басқосуда тек әңгіме айтылып қана қойған жоқ. Жиналған қонақтар облыстық жасөспірімдер үйінің талантты ұл-қыздарының өнеріне куә болды. Дарынды өрендер тамылжыта ән айтып, қазақтың аяулы ақындарының жырларын жүрекпен оқыды.
Кездесу соңында Көсемәлі Сәттібайұлы барлық қонақтарға алғысын білдіріп, іс-шараның қызықты өтуіне атсалысқан дарынды өрендерді марапаттады.
А.БЕКЕНҚЫЗЫ
Келесі мақала
Біз бақытты ұрпақпыз!
Ұқсас жаңалықтар
Заң
Қазақстанның екі үлкен қаласында бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды.
- авторAR-AY
- 20 қараша, 2024