Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы

Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы
ашық дереккөз
Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы
Заң – қоғамның әр саласына аса қажет. Адамзат баласының өмір сүруі белгілі бір заңдылықтарға бағынатыны сияқты, ғаламшарды мекен еткен әр мемлекеттің де негізгі заңы болуы өмір қажеттілігіне, адамның қауіпсіздігіне байланысты шығарылған шешім. Ол заңның барлық тілдердегі мойындалған атауы – Конституция. Дүрбелең замандарды бастан өткеріп, ақыр соңында қазақ елі де армандаған тәуелсіздігіне қол жеткізді. Алайда ұлан-байтақ жер мен ұшан-теңіз байлықтың үстінде отырған аз ғана халықтың халі – анталаған топ қасқырдың арасында қалып қойған, тұсауын енді ғана кескен жас сәбиге ұқсайтын еді. Сол уақытта еліміздің егемендігін паш еткен айбынды Ата Заңымыз қабылданып, ұлы дала төсіндегі тәуелсіз Қазақстанның өз көші өркениет шыңына бет алған болатын. Бұл заң басқа заңдардан өзгеше болды. Ол үшін талай адам түнде ұйқысын, күндіз күлкісін қиып, көз майын тауысқан тұлғаларды ұмытпаған жөн. Халқымыздың санғасырлық салт-дәстүрі мен таным-түсінігін ескере отырып, игілігі мен жарқын келешегін ойлап қабылданған Ата Заңымыз – еліміздің ілгері жылжып, жаһандану заманында алпауыт елдерге жұтылып кетпеуіміз үшін маңызды рөл атқарып келеді. Осы орайда еліміз 1995 жылы өзінің талғам-талқысынан өткен басты құжаты – Конституцясын жүрек қалауымен қабылдады. Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Қастерлі құндылығымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде біз қысқа мерзімде мызғымас мемлекетімізді орнатып, тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік. Ата Заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды. Конституция мемлекеттің, биліктің қайнар көзі, халықтың өзі екенін айқындады. Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Осы мерейлі межеге биыл 28 жыл толып отыр. Ата Заңымыздың қабылдануы, мемлекеттік рәміздеріміз Елтаңба, Туымыз бен Әнұранымыздың бекітілуі, ұлттық валютамыз – теңгенің енгізілуі Қазақстан Республикасының қалыптасуының аса маңызды кезеңдері еді. Тәуелсіздік туы ел өміріне елеулі өзгерістер енгізді. Сан ғасырлар бойы ата-бабамыз армандаған егемендікке қол жеткіздік. Ішкі-сыртқы саясатымызды ұлттық мүддеге сай жүргізіп, демократиялық даму жолына түстік. Зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың берік іргетасын қалап, өркениет көшінің бел ортасынан орын алғанымызды бүкіл әлем жұртшылығы мойындауда. Өндірістегі іркілістер мен дағдарыстарға қарамастан, Республика тұрғындарының ертеңгі күнге деген сенімі нығая түсуде. Халықаралық аренадағы, экономикадағы, әлеуметтік-тұрмыстық саладағы қол жеткізген жетістіктеріміздің барлығы мемлекеттігіміздің сара саясатын айқындап берген даңғыл жолымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясынан бастау алады. Қазағымыздың намысын биік ту ретінде жоғары ұстайтын, ата-бабамыздың салып кеткен сара жолын білімімен, жауапкершілікпен, намысқойлықпен өткеріп, келешек ұрпаққа мирас ретінде қалдыру – бүгінгі жастардың міндеті. Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихи әрі тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты. Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Конституция – мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан, елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі! Біз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасқан әлеуметті елге айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Еуразияның жүрегіне орналасқан елордамыз, әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды. Әрбір азамат өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды. Әрбір қазақстандықтың Конституциясының мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, сонымен бірге жеке өзі, өз отбасы мен өз балалары үшін де мәнділігін бағалай білу, өз міндеттемелерін қастерлеп, сақтап, орындауы маңызды. Конституция біздің басты құндылығымыз – тәуелсіздікті, бейбітшілік пен тұрақтылықты ғасырларға бекітті. Барша мемлекеттік институттардың, әрбір қазақстандықтың парызы – осы құндылықтарды қырағылықпен күзетіне алу. Осынау қол жеткізген жетістіктерді баянды ете отырып, оны ары қарай жалғастыру елінің ертеңін ойлайтын әрбір азаматтың және бүгінгі білім алып отырған жастарымыздың абыройлы борышы екені даусыз. Ақтоты ЖАҢАБАЙ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар