Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Jambyl-109» мыңнан аса қызмет түріне өтініш қабылдайды»

«Jambyl-109» мыңнан аса қызмет түріне өтініш қабылдайды»
ашық дереккөз
«Jambyl-109» мыңнан аса қызмет түріне өтініш қабылдайды»
«ОРАЙЫ КЕЛГЕН СҰХБАТ» АЙДАРЫНДА «JAMBYL-109» ОБЛЫСТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ДИСПЕТЧЕРЛІК ҚЫЗМЕТІ МЕКЕМЕСІНІҢ БАСШЫСЫ БАҚКЕЛДІ ТҰРСЫНБЕКПЕН СҰХБАТТАСЫП, АТАЛМЫШ МЕКЕМЕНІҢ ЖҰМЫСЫ, МІНДЕТ-МЕЖЕЛЕРІ, ЖОСПАРЛАРЫ ЖАЙЛЫ ТУРАСЫНДА ӘҢГІМЕ ӨРБІТТІК. – Бақкелді Ғабдоллаұлы, алдымен сұхбатымызды сіз басқарып отырған мекеменің жұмысынан бастасақ. Шыны керек, «Jambyl-109» облыстық бірыңғай диспетчерлік қызметі жайлы көпшілік біле бермейді. – 2019 жылы өткен Азаматтық форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы, Шымкент қалары мен жалпы еліміздің барлық облыс орталықтарында бірыңғай жедел емес әрекет ету мақсатында 109-бірыңғай диспетчерлік орталықтарын құру мәселесін көтеріп, арнайы хаттамалық тапсырма берген болатын. Және одан кейін ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халық үніне құлақ асатын мемлекеттік тұжырымдамасы аясында бұл мекеме құрылды. 2019 жылдың бірінші қыркүйегінде бұл мекеме Тараз қаласының аумағында ашылды. Алғашында диспетчерлік қызметтің жұмысы газ, су, секілді тұрғын үй төңірегіндегі коммуналдық мәселелер болған. Одан кейін еліміздің басқа да облыс орталықтарында, Нұр-Сұлтан қаласында құрылғаннан кейін, сол кездегі облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы қызметтің өзектілігін қарап, 2020 жылы қалаға ғана емес облыс көлемінде қызмет көрсетуді тапсырды. Осы кезде мекеме басшылығына мен келдім. Шыны керек, ол кезде жұмыс жолға қойылмаған еді. Маған берілген тапсырма облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласы, жалпы байланыс тартатын кез келген аумақтан кез келген уақытта 109-мекемесіне хабарласу мүмкіндігін жасау болды. Сол жұмысты жасай жүріп, келесі мәселе қызметкерлердің ауқымын көтеріп, штаттық кестені өзгерттік. Мұнда қызметкерлер саны 29-ға жетті. Тұрғындар арасында біздің қызметтің бар екенін, қалай қайырылуға болатыны жайлы жарнамаларды көбейтіп тарата бастадық. Бұл орталық коммуналдық қызмет саласындағы өтініштерді бірыңғай 109 нөмері арқылы тіркейді. Автоматтандырылған орталықта өтініштердің орындалуын қадағалап, коммуналдық қызметтерге жауапты органдарға жолдайды. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің кері байланысына, жұмыс сапасына және жылдамдығына мониторинг жасайды. 109 нөмеріне адамдар, қар және қоқыс тазалау, сусыз қалу және жарықсыз қалу секілді күнделікті тұрмыста кездесетін мәселелер бойынша хабарласуға болады. Коммуналдық қызметтерге арналған бірыңғай диспетчерлік қызмет орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Барлығы да тәжірибеден өткен операторлар. 109 қызметі мыңнан аса қызмет түріне өтініш қабылдайды. Одан кейін 1000-ға жуық мекемемен етене байланысамыз. Олар – жергілікті атқарушы органдар мен жекеменшік кәсіпорындар және облыс әкімдігі жанындағы басқармалар. Яғни кез келген тұрғын 109 қызметіне хабарласса оның өтініші толығымен тыңдалады, сол өтініштің мазмұнына қарай тиісті мекемені анықтап, сол мекемеге жібереміз. Жалпы, ТМД елдері бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы «iKomek 109» диспетчерлік орталық үздік болып келеді. Бүгінде барлық облыс орталықтарында мұндай диспетчерлік орталықтар болғанымен, олар тек қалалық деңгейде ғана құрылған. Біздің артықшылығымыз, бізде диспетчерлік қызмет тек облыс орталығына ғана емес, облыстың барлық аумағына қызмет көрсетеді. «Jambyl-109» қызметі 3 тармақтан тұрады. Алдымен операторлар тікелей қабылдап, оны түсініп алып, ІК деген жүйесі аясында арнайы кітап аштырады. Оны оператор ашпайды, шағымданушы хабарласқанда аталған жүйеден автоматты түрде карта ашылады. Сол жерде операторлар өтініштерді тіркейді. Екінші желіде инспектор жұмыс істейді. Инспектор өтініштің мазмұнымен танысып, оны үшінші желіге, яғни жауапты мекемелерге арнайы жүйе арқылы жолдайды. Жоғарыда мен бізде мыңға жуық мекеме бар деп айттым ғой, сол мекемелер ІК жүйесіне қосылған. Оған әр мекемеден бір қызметкер жауапты. Ол қызметкер немесе басқа жауапты өкіл өздеріне түскен өтініштің орындалу межесін белгілейді. Бізде қазір жұмыс барысындағы өтініштер бар, мерзімі ұзартылған өтініштер бар және мерзімі кешіктіріліп орындалған өтініштер бар. Сонымен бірге мерзімінде мүлде орындалмаған өтініштер бар. Орталық өтінішті қабылдап алғаннан кейін, біздің жүйеміз адам өмірінің қауіпсіздігіне байланысты автоматты түрде күнін белгілеп береді. Бізде жауап беру кезеңі 1-7 күн арасында. Негізі 1 күнде жауап берілуі керек. Дегенмен кейбір мекемеге еркіндік берілген. Мәселен, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ашық люк бойынша хабарласады. Олар 1 күнде оны жөндеп үлгере алмаса міндетті түрде адам өміріне қауіпсіз болуы үшін жағдай орын алған жерді қоршауға алуы керек. Басында біз қала көлемінде қызмет еткенде коммуналдық мәселелерді қарастырдық, мекеменің қызметі кеңейген кезде бұл қызметтің екінші тынысы ашылды. Ол – облыс тұрғындарының кез келген сұрақтарына жауап беру. Егер мекеме бізге тіркелмеген болса біз хат жолдап, тұрғынға міндетті түрде жауап береміз. Қазіргі таңда біз жаңадан қызмет енгізіп жатырмыз. Мәселен, жуырда «Тараз Транс Энерго» орталығымен жақсы бір үрдісті жолға қойдық. Өздеріңіз білесіздер, қазір қаламызда жыл онекі ай ыстық су үздіксіз беріліп тұрады. Егер бір себептермен ыстық су өшірілетін болса, біз ыстық суды халыққа жеткізу қызметін қосып отырамыз. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің келісімен біздің қызметте біраз мәселе жолға қойылды. Аппараттық кеңеске қатысып, жұмысымызды тікелей баяндайтын болдық. Бастапқыда мерзімі өткен, мерзімінде орындалмаған, мүлде орындалмаған өтініштер саны 400-500 болса, қазіргі кезде апталық есепте соның бар болғаны үш-төртеуі ғана орындалмайды. Облыс әкімінің тікелей назарында болғаннан кейін мекемелер де сылбырлықты қойып, уақтылы орындауға тырысады. Осы тұста тағы бір айта кетерлігі алдағы уақытта облыстағы барлық Call-орталықтардың жауапкершіліктерін өз мойнымызға алмақшымыз. Яғни барлығына интеграция жүргізу арқылы бір арнаға тоғыстыратын боламыз. – Түскен өтініштерге жауап берудің мерзімін кім анықтайды? – Бұл жерде өкінішке қарай мерзімін арнайы жүйе анықтайды. Бірақ жүйеде Нұр-Сұлтан қаласынан барлық орталыққа бізге модуль ретінде түседі. Ол жерде толығымен заңдық нормативтерге байланысты барлығын шешудің жолын жүйеге енгізеді. Сол арқылы уақыт бөліп береді. – 2019 жылдан бүгінге дейін қанша өтініш түсті? – Бірыңғай диспетчерлік қызметіне 2019 жыл мен 2021 жыл аралығында барлығы 138 230 өтініш тіркеліп, қанағаттандырылған. 2022 жылдың 7 маусымында барлығы 21 133 өтініш тіркеліп, оның 20 620-сы қанағаттандырылды. 280 өтініштің қарау мерзімі ұзартылып, 233 өтініш бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Өткен жылдары күніне 30-40 қоңырау түссе. Қазір оның саны 250-300-ге дейін жетеді. Яғни 2-3 есеге көбейе түсті. Бізге жұмыс күндері, күндізгі уақытта хабарласушылардың саны көп. – Облыс бойынша шағымдар мен өтініштер қай ауданнан көбірек түседі? – Әлбетте облыстың орталығы, облыстың жүрегі Тараз қаласынан хабарласушылар көп. Жалпы біздің мекеме облыс бойынша проблеманы шешетін үлкен орталыққа айналып келе жатыр. Мысалы, Мойынқұм ауданында ауызсуға байланысты көтеріліп жатқан проблемалар көп. Байзақ ауданында ауыл шаруашылығына қатысты проблемалар көтеріліп жатады. Сол секілді барлық ауданда проблемалар жетерлік. Дегенмен салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, Тараз қаласында мәселе көп. Бірақ тиісінше қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мекемесі мәселелерді шешуге тырысып жатады. Кенжелеп жатқан да тұстары бар. Ол енді қаржыға және басқа да себептерге байланысты. – Құдай бетін ары қылсын, егер адамдар жол апатына түссе, күйіп қалса, жоғарыдан құлап кетсе дегендей өміріне қауіп төнетін жағдайда жедел жәрдем қызметімен байланыса алмай қалған кезде сіздердің мекемеге қоңырау шалса, көмек бола ма? – Әрине, болады. Дегенмен әр қызметтің өз міндеті бар. Біз жедел жәрдем қызметі емеспіз деп тұтқаны қоя салмаймыз. Әрекет етеміз, бірақ ол үшін бізден жауапкершілік алынбайды. 102 тұрғанда, 109 қызметіне көп хабарласа бермейді. – Жедел жәрдем, полиция қызметіне кейде ерігіп, жалған хабарламалар айтып қоңырау шалып жататындар жайлы естіп жатамыз. Сондай жағдайлар сіздерде де болап тұратын шығар? – Ондай жағдайлар көп. Бізде тұрақты хабарласушы тұрғындарымыз да бар. Біздің орталықта жасы келген әйел кісі оператор болып жұмыс істейді. Ол кісінің бір ерекшелігі даусы жас қыздардың даусы секілді сыңғырлап тұрады. 40 жыл өмірін телефония саласына арнаған кісі ғой. Даусы ұнайды ма, әйтеуір сол кісінің ауысымында жасы 35-40-тар шамасындағы бір ер кісі қоңырау шалып тұрады. Оператор кісі бір күні түнгі ауысымға шықса, тағы бірде күндізгі ауысымға келеді. Ал хабарласушы азамат қайдан біліп алғанын білмейміз, дәл сол оператор кезекшілікке түскен күні хабарласып, өтінішін айтып жатады. Оператор әрбір азаматтың базынасын тыңдап, тиісті жауабын беруге міндетті. Әлгі азамат оператордың даусын есту үшін қаладағы мәселелердің барлығын теріп жүріп, жеткізеді. Бұдан бөлек, жүйкесі жұқарған кісілер хабарласып, жауап қанағаттандырылмаса операторлардың әке-шешесінен қайырып, балағаттап жатады. Кейде түнде үйінде су атқылап, болмаса шатырынан су кетіп жатқан тұрғындар хабарласып, «Сендер келіп жөндеңдер? Әкімдік қайда қарап отыр?» деп шу шығарып жатады. Бір жағынан жұмысымыз, тұрғындармен жіті байланысты болғандықтан түсінуге тырысамыз. Тағы мына нәрсені айтқым келеді. Мысалы, «ТаразТрансЭнерго» орталығы жылу тасымалдаушы мекеме ретінде жылуды үйдің алдына дейін әкеліп береді. Ал үйдің ішінде жылу жүйесіне тұрғынның өзі жауап береді немесе пәтер иелері кооперативіне қарайды. Оны біздің тұрғындар «Менің үйімде жылу жоқ. Неге олай?» деп бізге шығып, ашуланып жатады. Осындай халық пен тиісті мекемелер арасында түсініспеушілік көп. Өтініш беретін кезде мардымды, дұрыс жеткізу жағы да ақсап, түсініспеушіліктер орын алып жатады. – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар