Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖАСА, ЖАМБЫЛ СПОРТЫ! Сурдлимпиада ойындарында спортшыларымыз 3 күміс, 8 қола медаль жеңіп алды

ЖАСА, ЖАМБЫЛ СПОРТЫ! Сурдлимпиада ойындарында спортшыларымыз 3 күміс, 8 қола медаль жеңіп алды
ашық дереккөз
ЖАСА, ЖАМБЫЛ СПОРТЫ! Сурдлимпиада ойындарында спортшыларымыз 3 күміс, 8 қола медаль жеңіп алды
Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында екі аптаға жалғасқан XXIV Жазғы Сурдлимпиада ойындары мәресіне жетті. Төртжылдықтың басты спорттық додасында әлемнің 100 елінен келген 4 мыңға жуық спортшы бақ сынады. Бәсі жоғары бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 4 алтын, 7 күміс, 18 қола медаль жеңіп алып, 29 жүлдемен жалпыкомандалық есепте 13-орынға табан тіреді. Ел қоржынына 11 жүлдені жамбылдық спортшылар салып, мерейімізді үстем етті. Кеше Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде Cурдлимпиада ойындарында олжа салған жамбылдық спортшыларды салтанатты күтіп алу рәсімі өтті. Спорт кешенінің алдына жиналған қала тұрғындарының, спортшылардың қарасы көп болды. Спортсүйер қауым жеңіспаздарды үлкен қошеметпен күтіп алып, сый-құрметін көрсетті. Ардагерлер ақ батасын берді. Ал салтанатты рәсімді ашқан облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков саңлақтарды жеңісімен құттықтап, ақжарма тілегін арнады. – Құрметті спортшылар, қадірменді қонақтар! Жамбыл облысының спортшылары соңғы жылдары әлемдік аренада үлкен табыстарға қол жеткізіп жүр. Соңғы Жазғы және Қысқы Сурдлимпиада және Паралимпиада ойындарында спортшыларымыз үлкен жетістіктерге жетіп, абыройымызды асқақтатты. Мүмкіндігі шектеулі жандардың спортты жанына серік етіп, әлемдік аренада ел намысын қорғап жүруін нағыз ерлік деп білемін. Біз мүмкіндігі шектеулі болса да рухы биік жандардың алдында әрқашан басымызды иеміз. Бұл азаматтар спорт арқылы басына түскен қиындықтарды ерлікпен жеңе білді деп ойлаймын. Баршаңызды жарқын жеңісімізбен құттықтаймын. Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын, – деді Нұрбол Жүнісбеков. Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев Жамбыл облысынан қатысқан 13 спортшының 11 жүлде алуы ерлікпен пара-пар екенін айтып, спорт саласының басшыларына, жаттықтырушыларына алғысын білдірді. Сондай-ақ ел тарихындағы Паралимпиада ойындарының тұңғыш чемпионы, даңқты спортшы Зульфия Габидуллина, Лондондағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, «Қазақстанның саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Алмаш Ибрагимова сөз алып, спортшыларды жеңісімен құттықтады. Грек-рим күресінен Жазғы Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері Нұржан Асан өз кезегінде жетістіктеріне ортақтасқан көпшілікке ризашылығын жеткізді. – Біздің жеңісімізді елеп-ескеріп, құрметтеп жатқандырыңыз үшін мың да бір рақмет. Бұл жалғыз біздің ғана жеңісіміз емес. Қазақ елінің жеңісі. Әрбір мықты спортшының артында білікті бапкер тұрады. Сондықтан ұстаздарымызға, жаттықтырушыларымызға айтар алғысым шексіз, – деді Нұржан Асан. Жалпы Сурдлимпиада ойындарында Жамбыл облысынан 6 спорт түрінен 13 спортшы ел намысын қорғады. Атап өтер болсақ, дзюдодан – Айдос Түгелбаев, Эвелина Егембердиева, Анна Краморова, Фериде Кара-Оглы, еркін күрестен – Ғабит Есжанов, Ғасыр Тұрғынбай, Шыңғысхан Әлдибаев, грек-рим күресінен – Абзал Досжанов, Нұржан Асан, жүзуден – Руслан Райымбеков, Софья Закутняя, таэквондодан – Олжас Рысжанов, жеңіл атлетикадан Яна Сибирякова. Дзюдодан Фериде Кара-Оглы жекелей сында қола жүлде иеленсе, командалық жарыста үшінші орынға қол жеткізді. Анна Краморова жекелей жарыста күміс медаль, командалық жарыста қола жүлде, Эвелина Егембердиева және Айдос Түгелбаев командалық жарыста қола медаль иеленді. Сондай-ақ таэквондодан Олжас Рысжанов жекелей және жұптық жарыста екі қола медальмен күптелді. Грек-рим күресінен 77 кило салмақта Асан Нұржан қола жүлдеге қол жеткізсе, еркін күрес шеберлері Ғабит Есжанов (57 кило) пен Тұрғынбай Ғасыр (74 кило) ХХІV жазғы Сурдлимпиада ойындарының күміс жүлдегерлері атанды. Осылайша Жамбыл облысының спортшылары дуы басым додада жасындай жарқырап, туған жерге абыроймен оралды. Жамбыл спортының жұлдызы тек биіктен жарқырай берсін!

Талғат НҰРХАНОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар