Мал азығын қамдау – маңызды іс
Жаздың аптап ыстық күндері өтіп, қоңырқай күз де жетті. Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Ауа райын бақылайтын ресми орындардың болжамдарына сүйенсек, биылғы қыс кәріне қатты мінетін тәрізді. Осы себепті малдың жемшөбін әзірлеу – ауылшаруашылығы саласының ең маңызды міндеттерінің бірі. Осыған орай облыс әкімдігінде аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен аппараттық кезекті кеңес отырысы өтті.
Күн тәртібінде екі мәселе көтерілді. Мал азығын дайындау барысы туралы және Қордай ауданы бойынша әлеуметтік желідегі жарияланған өтініштер бойынша зерделеу жұмыстары туралы мәселелер қаралды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нүрби Жігітеков баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, осы жылдың 1 тамызына облыстағы мүйізді ірі қара мал саны 562 мыңды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 105 пайызға артқан. Ал қой мен ешкі саны 4 миллион 095 мыңға, жылқы саны 196 мыңға, түйе саны 8,6 мыңға және құс саны 1 миллион 993 мың басты құрап, 100,6 пайызға артыпты.
Облыс бойынша 218,8 мың гектар алқапқа мал азығы дақылдары орналастырылыпты. Оның ішінде сүрлемдік жүгері 4,1 мың гектар, біржылдық шөптер 27,9 мың гектар, көпжылдық шөптер 186,8 мың гектар. Биыл қыс қатты болады деген болжам бар болғандықтан қыстауға түсетін мал санына қарай барлық санаттағы шаруашылықтарға 513 мың тонна құнарлы жем және 2 миллион 069 мың тонна пішен, 87 мың тонна пішендеме, 81 мың тонна сүрлем, 439 мың тонна сабан қажет екен.
– Осы жылға асылтұқымды малшаруашылығын қолдауға республикалық бюджеттен 5,3 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі күнге 2 511 тауар өндірушілерге 4,8 миллиард теңге субсидия төленіп, бөлінген қаржының 91 пайызы игерілді. Сонымен қатар бүгінгі күнге жалпы сомасы 3,2 миллиард теңгені құрайтын 1 182 шаруашылықтардың өтінімдері күту парағына (резервке) тіркелді. Шаруашылықтарға мал азығын дайындау үшін жұмысшыларға еңбекақы төлеуге, мал азығын жинайтын техникаларды жаңартуға және басқа да маңызды маусымдық жұмыстарды атқару үшін айналым қаражаты керек, – деді баяндамашы.
Баяндаманы мұқият тыңдаған облыс әкімі өз орынбасары Қанатбек Мәдібекке арнайы тапсырма берді. Шалғай жатқан ауылдардағы шаруа қожалықтарын аралап, жай-күйімен танысуды жүктеді. Себебі қар қалың түскен жағдайда мал өліміне жол бермеу керектігін ескертті. Осылайша әкімдіктегілер қыркүйек-қазан айларында шалғай жатқан ауылдардағы шаруа қожалықтарын аралайтын болды.
Одан кейін аймақ басшысы әр ауданның әкімдерімен байланысқа шығып, қысқы мал азығының қаншалықты жеткілікті екенін сұрады. Қысқы мал азығын қамдау – оңай емес. Жаздың ыстығына қалдырмай, қурап кетпей шауып, оны жауын-шашынға қалдырмай тасып алу қыруар еңбекті қажет етеді.
Ал екінші мәселе бойынша облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхамед Ниязбеков баяндама жасады. Облыс әкімінің Қордай ауданы тұрғындарын жеке қабылдауда көтерген мәселелерінің орындалу барысы жайлы айтты. Қордай ауданы әкімдігінің ресми парақшасы әлеуметтік желілерде тіркелген. «Facebook» парақшасында – 1500, ал «Instagram»-да 8477 оқырманы бар. Ал жыл басынан 13 шілдедегі жағдай бойынша «Facebook»-те – 763, ал парақшасында 772 пост жарияланыпты. Қордай ауданының «Instagram» парақшасына жасаған талдау нәтижесінде жыл басынан бүгінгі күнге дейін түскен 33 өтініштің 15-не жауап ресми түрде қайтарылған, ал 18 өтінішке жауап берілмеген. Өтініштердің ішінде ең көп көтерілген мәселелер – көше жарығы, ауызсу, жол сапасы жайлы екен.
– Осы жылғы әкіммен тұрғындардың кездесуінде Отар ауылының тұрғыны С.Сүлейменова қызын II мүгедектік тобына өтуге ықпал етуді сұраған. Қызы Ләззат Сүлейменова өткен жылдың 22 маусымында МӘМС комиссиясына жіберіліп, онда мерзімсіз мүгедектіктің ІІІ тобы анықталды. Қазіргі уақытта жағдайы бірқалыпты. Мүгедектік тобын күшейтуде айғақтар жоқ. Осы жылдың қыркүйек айында медициналық зерттеулерден қайта өтіп, МЭМС комиссиясына жолданатын болады. Яғни іс орындалып жатыр. Кенен ауылының тұрғыны Қ.Бектұрсынов ауылдағы «MAB» дүкеніне банкомат қою мәселесі туралы сұрақ көтерген. Осы мәселе орындалмай тұр, – дейді Нұрмұхамед Мәделіұлы.
Э.ТІЛЕУБЕРДІҚЫЗЫ
Келесі мақала