ОҢАЛТУ ЖӘНЕ БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық жасау басты назарға алынған.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды болашақта қоғамдық ортада өзін-өзі ұстауға, адамдармен емін-еркін қатынас жасауға, өзін тең дәрежеде сезінуге үйрету, арнаулы әлеуметтік қызмет сапасын жақсарту жолға қойылған.
Бүгін 30 тамыз Қонституция күні қарсаңында аудан орталығы Жаңатас қаласынан мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталығы ашылды.
Орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімі Сәкен Мамытов, Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ғалижан Мейрманов, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме, кәсіпорын басшылары, кәсіпкерлер және қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты шарада аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйледі.
— Бүгін Конституция күні қарсаңында ауданымызда игі бастама қолға алынып жатыр. Бұл орталық бүлдіршіндеріміздің өмір сүру сапасын жақсарту үшін қызмет ететін ерекше үлгідегі орталық болмақ. Келешек ұрпақтың ойы озық, білімі терең, тәлім-тәрбиесі жоғары болуы үшін мемлекетіміз ерекше көңіл бөлуде. Бүгінгі нысанның ашылуы соның айқын бір дәлелі. Мүмкіндігі шектеулі балалардың осында емделуі оларға пайдасын тигізеді деп ойлаймыз. Әр жыл сайын балаларға деген қолдауымызды арттыра береміз,—деген аудан басшысы осы нысанды ауданда ашуға мүмкіндік жасаған облыс басшылығына, ат салысқан барлық азаматтарға алғысын білдірді.
Бұдан кейін Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ғалижан Мейрманов сөз сөйлеп, бұл ашылып отырған орталықтың мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту мен бейімдеудегі маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, нысанды ашуға ат салысқандардың атынан жеке кәсіпкер Мұрат Төлепбеков сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
Жаңадан ашылған оңалту және бейімдеу орталығының лентасын Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ғалижан Мейрманов және аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков салтанатты жағдайда қиды.
Айта кету керек, жаңадан ашылған орталықта 2 балалар дәрігері, дефектолог, логопед, музыкант, психолог мамандары балаларға сапалы қызмет көрсетеді. Орталық заманауи, медициналық оңалту жабдықтарымен қамтылған. Бүгінде, 25 орындық орталыққа 23 бала тіркеліп, емдеу курстарын бастап кетті.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі