БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАҢА МІНДЕТТЕР МЕН МАҚСАТТАР
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында білім саласындағы өзекті 20 тақырыптық бағыт («бір өңір – бір бағыт» принципі) бойынша еліміздің әрбір өңірінде республикалық тамыз кеңесін өткізуді жоспарлаған болатын. Осыған орай кеше облыстағы білім беру саласы қызметкерлерінің «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында республикалық тамыз кеңесі басталды.
Кеңестің алғашқы күні «Білім саласындағы бақылау және бағалау» тақырыбымен панельдік секция отырыстары өтті. Отырысқа еліміздің әр аймағынан өңірлердегі білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің басшылары, білім басқармаларының қызметкерлері, мектеп директорлары, олардың орынбасарлары, педагогтар, мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері сынды 150-ге жуық білім саласының қызметкерлері қатысты. Тараз қаласындағы Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясының базасында өткен панельдік секция отырыстары «Білім саласындағы сапаны қамтамасыз етуде мемлекеттік бақылаудың тетіктері», «Мемлекеттік аттестаттау – білім беру қызметтерінің сәйкестігін бақылау», «Білім беру саласында бағалау жүйесін жетілдіру», «Педагогикалық этика және педагогтардың кәсіби қызметтегі жауапкершілігі», «Мектепішілік бақылау» сынды 5 бағыт бойынша өтті.
Панельдік секция отырыстарынан кейін секция қатысушылары облыстың үздік білім беру ұйымдарының тәжірибелерімен және Тараз қаласының тарихи-мәдени нысандарымен танысты. Онда еліміздің түкпір-түпірінен келген білім саласының қызметкерлері алдымен облыстық «Дарын» лицей-интернатының, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының, Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназияның, И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназияның, №35 «Ер-Төстік» бөбекжай-бақшасының және жуырда ғана пайдалануға берілген «Мөлдір бұлақ» облыстық оқу-сауықтыру орталығының жұмыстарымен танысып, тәжірибелерін тамашалап қайтты.
Мұнан кейін облыс әкімдігінде аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен білім саласы қызметкерлерінің облыстық кеңесі өтті. Жиынға ҚР Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас сарапшысы Исатай Сағындықов және құқық қорғау мен мемлекеттік орган басшылары, мәслихат депутаттары қатысты. Сонымен бірге қала мен аудандағы білім беру мекемелерінің өкілдері, ұстаздар бейнебайланыс арқылы қосылды.
Кеңесте алдымен ҚР Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова «Білім беру сапасын қамтамасыз ету – басты мақсат» тақырыбында баяндама жасады.
– Қабылданып жатқан жүйелі шаралардың арқасында бірнеше жыл бойы халықаралық рейтингтерде еліміздің білім беру саласында оң өзгерістер байқалғанын атап өткім келеді. Мәселен, «Білім» факторы бойынша IMD цифрлық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде (Institute for Management Development – Халықаралық басқарушылық даму институты, Лозанна, Швейцария) Қазақстан өз нәтижелерін 6 позицияға жақсартып, 30-орынды иеленді. «Білім беру саласына жұмсалатын қаржы» факторы бойынша еліміз 33-орынға жайғасты, ал 2021 жылы еліміз 62-орында болған еді. Биыл мемлекеттік бюджеттен білім саласына жұмсалған қаржы көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 5,5 триллион теңгені құрады.
Адами капитал көрсеткіштері бойынша Жаһандық инновациялар индексінде нәтижелеріміз айтарлықтай жақсарды. 2018 жылы 71-орында болсақ, 2022 жылы 60-орынға көтерілдік.
Жалпы мемлекет барлық деңгейде сапа мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.
Сондықтан өскелең ұрпақтың алған білімі мен іскерлік қасиеті еліміздің негізгі күшіне айналуы тиіс.
Осы мақсаттарға жету үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданды. «Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» және басқа да стратегиялық құжаттар жүзеге асырылуда.
Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісі бойынша білім берудегі өзгерістің 1 000 көшбасшысын іріктеу және даярлау тетігі әзірленіп, бекітіледі.
Осылайша келесі жылдан бастап жыл сайын жаңа форматтағы басшылардың кадрлық резерві толықтырылатын болады.
Педагогикалық тәжірибені тарату үшін биыл алғаш рет министрлік жанынан құрамына ең белсенді, белгілі білім беру көшбасшылары кірген педагог ардагерлердің республикалық кеңесі құрылды. Мұндай кеңестер еліміздің әр аймағында құрылуы тиіс, – деген Майра Тұрғанбайқызы келесі кезекте жаңа оқу жылына арналған міндеттерге тоқталды. Мұнан соң ҚР Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас сарапшысы Исатай Өмірзақұлы «Ұлттық тәрбие – сапалы білім берудің негізі» тақырыбында сөз қозғап, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие мәселесіне тоқталды. Сондай-ақ ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Даниярбекұлы «Білім саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою» тақырыбындағы баяндамасын оқыды.
Жиында облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек сөз алып, өткен оқу жылының қорытындысы мен жаңа оқу жылының мақсат-міндеттері туралы баян етіп, балалардың тәрбиесі, отбасы институтын дамыту бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды.
– Отбасы адам баласының өсіп-өнер, қанат қағар ұясы, алтын бесігі. Ал ата-ананың тәрбиесі – бала мінезінің іргетасы, бағыт-бағдар алатын шамшырағы. Осыған байланысты жаңа оқу жылында мектептердің ата-аналар қауымдастығымен өзара іс-қимылы негізінде тәрбие міндеттерін іске асыруда «Ата-аналар академиясын» құруымыз қажет.
Сондай-ақ тәрбие бағытында «Тоғыз ай – 9 іс-шара», «4 тоқсан – 4 өнер» жобалары шеңберінде іс-шаралар өткізу, мерейтойлық күндерге арналған сыныптан тыс іс-шараларды ұйымдастыру маңызды аспектілер саналады.
«Оқуға құштар мектеп», «Дебат қозғалыстары», «Мектеп парламенті», «Балалар және театр» «Жылыжайлар» және тағы да басқа жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар биыл да жалғасады.
Ұрпақ тәрбиесі мен білім егіз ұғым, бір кеменің қос ескегі секілді бірі болмаса бірі қиыс кетеді. Сондықтан өткен оқу жылында түрлі бағытты қамтитын 12 экспериментальді-тəжірибелік алаң жұмыс істеді. Бұл алдағы уақытта да білім беру сапасын жақсартуға оң септігін тигізетіні сөзсіз.
«Ауыл мектебі» пилоттық жобасы аясында «Білім беруді тұрақты дамыту қорымен бірлесе отырып, тірек мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүргізілуде. Осы жылы Сарысу ауданындағы Б.Адамбаев атындағы тірек мектебі аталған қордың қолдауымен заманауи үлгіде жабдықталса, жаңа оқу жылына дейін Жуалы ауданындағы №15 Ә.Бөкейхан атындағы мектеп-гимназия мен Мойынқұм ауданындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектеп жабдықталады, – деді Мейірхан Азатұлы.
Биылғы оқу жылында 12 115 түлек мектеп бітірген. 305 түлек «Алтын белгі» төсбелгісін алса, 852 түлек мектепті Үздік аттестатпен аяқтаған. Оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы 67,6 пайызды құрап, ҰБТ-дағы орташа балл 84,4 болды. Бұл өткен жылға қарағанда 1,9 балға жоғары.
Өткен жылмен салыстырғанда 100-ден жоғары балл алған мектеп бітірушілер үлесі 13,9 пайыздан 17,4 пайызға артып, ал шекті деңгейден өтпегендер үлесі 5,8 пайыздан 3,4 пайызға кеміген. Баяндамашы өз кезегінде салада әлі де назар аударатын жағдайлардың бар екенін алға тартты. Мәселен, Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша 17 мектеп 65-тен төмен орташа балл көрсеткен. Сонымен бірге өткен жылы төмен нәтиже көрсеткен 26 мектептің бесеуінің биыл да көрсеткіші төмен болды. 2 жыл қатарынан төмен көрсеткіш көрсеткен осы 5 мектептің бірі болған Меркі ауданындағы №33 орта мектептің директоры жұмыстан босатылыпты.
Бұдан соң басқарма басшысы гимназия-лицейлердің статусы, мектепішілік бақылау, педагогтардың кәсіби біліктілігі, саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатын жүзеге асыру шаралары, кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алу, қауіпсіздік мәселелерін қаузады. Сонымен қатар биылғы атаулы даталарды атап өту шаралары мен Білім күні білім алушылардың, олардың ата-аналары мен педагогтарының «Мектеп – мейірбандық мекені» атты республикалық челленджге қатысуға шақырды.
Жиында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов сөз сөйлеп, педагогтарды жаңа оқу жылымен құттықтады.
– Өңірде білім саласына айрықша назар аударылып келеді. Биыл білім саласына 284,8 миллиард теңге бөлінді. Бұл облыс бюджетінің 50 пайызынан асады. Саладағы инфрақұрылымды жетілдіру өте маңызды.
Биыл 25 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 9 мектеп пен 5 мектептің жапсарлас құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал 11 нысан құрылысы келер жылы аяқталады (8 мектеп, 3 мектепке қосымша ғимарат).
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын 12 мектептің жетеуінің құрылысы биыл, бесеуі келесі жылы басталмақ.
Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту да басты назарда. Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 11 326 баланы биыл 1 қыркүйектен бастап тегін тамақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 425,6 миллион теңге қарастырылды.
Мектепке дейінгі ұйымдардағы баланың қауіпсіздігі және білікті кадрмен қамтамасыз ету жұмыстарына көңіл бөлінуде.
Білім беруді ақпараттандыру – сапалы білім берудің тетігі.
Өңірде мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Интернет жылдамдығы 20 мегабит/секундтан төмен 165 мектептің жылдамдығын көтеруге 61 миллион теңге бөлінді.
Байланыс операторларымен бірлескен жұмыстар нәтижесінде 28 мектепте интернет жылдамдығы жақсарды.Техникалық мүмкіндігі бар 126 мектептегі жұмыстарды тез арада аяқтау қажет.Дегенмен 11 мектепте жоғары жылдамдықты интернетке қосу мәселесі күн тәртібінде тұр.
Көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен, киім-кешек, жазғы сауықтыру шараларымен қамтамасыз етуге жалпыға міндетті білім беру қорынан 6,1 миллиард теңге бөлінді. Киім-кешекке бөлінген қаржы ата-аналардың жеке шоттарына аударылды.
Бүгінгі күні «Жақсылық жаса!» ұранымен «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы өткізіліп жатыр.
Өңірімізде білікті ұстаздар қатары жыл сайын артуда. Жоғары нәтиже көрсеткен ұстаздарға 2 жылдан бері «Жамбыл облысының білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін» деген атағы беріліп келеді. Бұл марапат биыл да жалғасын табады, – деген Нұржан Молдиярұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген бірқатар мәселелер туралы сөз қозғап, аудан әкімдеріне, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысына бірнеше мәселені нықтап тапсырды.
Жиын барысында педагогтарға облыс әкімінің және Оқу-ағарту министрлігінің марапаттары табысталса, осы жылғы «Орта білім беретін үздік ұйым-2023» грантының иегері атанған Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №45 гимназияның директорына 48 миллион теңгенің сертификаты тапсырылды. «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауына қатысып, белсенділік танытқаны үшін бірнеше мектеп ұжымдары арнайы номинациялармен марапатталып, 500 мың теңге көлемінде сыйақыға ие болды.
Тамыз кеңесінің бірыңғай республикалық панельдік сессиясы бүгін «Баласағұн» орталық концерт залында жалғасуда.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала