Ауыл шаруашылығы
ШАРУАЛАР ҮШІН ҚАУЫРТ ШАҚ: ауданда шөп ору науқаны басталды
- author AR-AY
- 11 маусым, 2022
- 313
ШАРУАЛАР ҮШІН ҚАУЫРТ ШАҚ: ауданда шөп ору науқаны басталды
Шөп ору науқанына әзірге округке қарасты Майбұлақ ауылындағы «Темірбекова» және Қосмұрат ауылындағы «Байшымыр» шаруа қожалықтары кіріскен.
Ағайынды Арлан және Бақыт Дәуренбековтердің «Байшымыр» шаруа қожалығында орақ науқаны алғаш күннен-ақ қызу қарқынмен басталған. Біз келгенде үй іргесіндегі 4 гектар жоңышқа алқабына орақ салыныпты.
Бітік шыққан жоңышқаның бойы биік, сабағы жуан. Алқап басында бір шөп шабатын «Германка» комбайны жүйткіп жүр. Комбайн рулінде отырған Арлан Дәуренбековтің ұлы Әлтаирдың епті әрекетінен техника тілін жетік меңгеріп алғаны байқалады. Ол қазір №16 Жуалы колледжінің бірінші курсында оқып жатыр. Колледж қабырғасында алған теориялық білімін осы алқапта тәжірибемен ұштастырып жүр. Жас жігіт әкесі басқаратын шаруашылыққа қолғабыс еткеніне қуанышты.
– Мына комбайнды жақында ғана жөндеп шығардық. Ұлымның механизатордың оқуын оқығаны сеп болып, ақауын жылдам таптық. Қажетті қосалқы бөлшектерді әкеліп, аз уақытта дайындық сапына қойдық. Жөндеп болған соң бір айналымға сынақ орымына салдық. Комбайнның түзік екеніне көз жеткен соң, орақ науқанын бастадық.
Енді бұйырса, бір-екі күнде орылған жоңышқа сәл дегдісе болды, тайлауға кірісеміз. Шөп тайлағыш техникамыз да дайын, – дейді қожалық басқарушысы Арлан Дәуренбеков.
Шаруа қожалығы 2000-жылдардың басында «Шыңбұлақ» өндірістік кооперативінен бөлініп шығып, өз алдына жеке болып құрылыпты. Әу баста қожалық жұмысын әкесі Рысқұлдың өзі жүргізген екен. Максим Горький колхозының Қызыл жұлдыз бөлімшесінде ұзақ жылдар мал бағып, ауылдың гүлденуіне үлес қосқан Рысқұл ұлдарына шаруаның қыр-сырын үйретіп, дұрыс бағыт беріп отырады. Кейіннен қожалық ісін ұлы Бақытқа сеніп тапсырады.
Қожалықтың қолдағы төрт түлік малының қыстайғы шөбі мен жемін қарамағындағы 60 гектар жерінен дайындалады. Мұнда шаруашылыққа қажетті техниканың барлық түрі бар. Соның ішінде бір-бірден шөп және астық оратын комбайн, картоп отырғызатын, шөп тайлайтын және дән себетін агрегаттар. Күнделікті шаруашылық жұмыстарына інісі Бақыт, ұлы Әлтаир мен Шымкенттен келген жиені Болат қолғабыс жасауда.
– Көктем айының жауын-шашынды болуы шаруамызға игі әсерін тигізіп тұр. Қазір көптеген шаруа жауынның тоқтап, күннің ашылу сәтін күтіп отыр. Бой алған жоңышқа гүлдеп, пісіп-жетіліп, оруға дайын. Ауа райы ыңғай беріп, ылғал молырақ түсетін болса, қара күзге дейін бір алқапты үш-төрт мәртеге дейін орып алуға болады.
Әдетте дала жұмыстары басталғанда бағасы шарықтап шыға келетін жанар-жағармайды да мемлекет жеңілдетілген бағамен ұсынып отыр. Мұның өзі біз үшін үлкен көмек-қолдау, – дейді Арлан Дәуренбеков барлық тірлікті тәптіштеп.
«Германка» аумағы атшаптырым алқапты бір демде айналып шығады. Төңіректе мотордың гүрілі мен шалғы сырылынан басқа үн жоқ. Бұл алқапта жоңышқа орымы аяқталғаннан кейін «Германка» ауыл сыртындағы басқа алқапқа түседі.
Қожалық басқарушысы орақ науқанын аз күнде аяқтап, мал азығының берік қорын жасайтынына сенімді.
Абылайхан СӘРСЕН,
журналист,
Жуалы ауданы