Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жеке тұлғалардың банкроттығы деген не?

Жеке тұлғалардың банкроттығы деген не?
ашық дереккөз
Жеке тұлғалардың банкроттығы деген не?
2022 жылғы 22 желтоқсанда мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» ҚР Заңына (бұдан әрі – Банкроттық туралы заң) қол қойды. Бірақ ол ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткеннен соң әрекет ете бастайды. Бұл дегеніңіз, қарыздары бар, сол қарыздарын өтей алмайтын азаматтардың 2023 жылғы 3 наурыздан банкроттыққа өтініш бере алатынын білдіреді. Банкроттық туралы заң рәсімнің үш түрін көздейді, олар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталған рәсімдерге тек қарыз алушының өзі бастамашы бола алады, яғни несие беруші борышкердің банкроттығына өтініш беруге құқылы болмайды. Соттан тыс банкроттық қашан қолданылады? Қарыз алушы-жеке тұлғаның банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің алдындағы берешегі 1600 айлық есептік көрсеткіштен (2023 жылы бұл 5 млн 520 мың теңге) аспайтын болса, онда ол соттан тыс банкроттық рәсімін қарастыра алады. Бірақ қарыз алушы төмендегідей кейбір талаптарды сақтауы керек: — оның атына тіркелген, оның ішінде, ортақ меншіктегі мүлік болмауы керек; — өтініш берілген күні, қатарынан 12 ай ішінде ол кредиторлардың, коллекторлардың алдында міндеттемелер бойынша төлем жасамаған болуға тиіс; — мерзімі өткен берешек туындаған уақыттан бастап, 18 айдан аспайтын мерзімде борышкерге қатысты кредиттік шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілген болуға тиіс; — өтініш берілген күні ол 7 жыл бойы банкроттықты қолданбаған болуға тиіс. Сондай-ақ соттан тыс банкроттыққа өтініш берілген күні 5 жылдан астам уақыт бойы өз берешегін өтемеген қарыз алушы – жеке тұлғалар жүгіне алады. Алты ай бойы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын борышкер кешіктірілген мерзімді ескерусіз аталған рәсімді қолдануға өтініш бере алады. Аталған рәсімді қолданғаннан кейін борышкерге «банкрот» мәртебесі беріледі. Өтінішті 2023 жылғы 3 наурыздан бастап, «электрондық үкіметтің» www.egov.kz. веб-порталы арқылы беруге болады. Қазіргі уақытта тестілеуден өтіп жатқан ақпараттық жүйе арқылы борышкердің қажетті өлшемшарттарға сәйкестігі тұрғысынан мүдделі мемлекеттік және өзге де органдардың деректерімен автоматты түрде салыстырып тексеру жүргізілетін болады. Сот арқылы банкроттық қашан қолданылады? Азаматтар аталған рәсімді 1600 АЕК-тен астам борыштар бойынша (2023 жылы – 5 млн 520 мың теңге) және кредиторлар алдындағы борыштардың барлық түрлері бойынша қолдана алады. Сот арқылы банкроттық барысында борышкердің мүлкі сауда-саттық кезінде сатылады. Алайда, бұл жерде ескеретін тұстар бар. Кредитор сот арқылы банкроттық барысында борышкердің жалғыз баспанасын тек ол кепіл нысанасы болған жағдайда ғана алып қоюға құқылы. «Банкрот болған адамдар» үшін салдары қандай? Соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға шешім қабылдаған борышкердің мыналарды білгені дұрыс: — 5 жыл бойы қарыз және микрокредит алуға тыйым салынады (ломбардтардың микрокредиттерін алуды қоспағанда); — қайта банкроттық болу 7 жыл өткен соң ғана мүмкін болады; — банкрот болған тұлғаның қаржылық жағдайына банкроттықтан кейін 3 жыл бойы мониторинг жүргізілетін болады. Алименттер бойынша, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бойынша, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық бойынша шығынды өтеу жөніндегі борыштар есептен шығаруға жатпайды. Банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі туралы толық консультацияны қайдан алуға болады? Жеке тұлғаның банкроттығы тәртібі туралы анағұрлым толық ақпарат ҚР Қаржы министрлігінің және ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің интернет-ресурстарында жарияланады. Қосымша ақпарат алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ байланыс орталығына 1414 нөміріне (қосымша нөмір 3) не https://t.me/SalyqBot тelegram-чатына хабарласуға болады. Тараз қалалық №2 халыққа қызмет көрсету  бөлімінің басшысының м.а Е.А.Тоқымбаева                  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар