Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте азық-түлік бағаларын реттеу, оның ішінде сүттің сатылымына қатысты мәселелер талқыланды.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 3,8 пайызды құраса, соңғы апта ішінде - 0,1 пайызды көрсеткен.
Статистикалық мәліметке сәйкес, соңғы бір апта ішінде 3 тауар түрінің бағасы көтерілген. Нақтырақ айтсақ, қырыққабат 5,4 пайызға, күріш 0,5 пайызға, сиыр еті 0,5 пайызға өскен. Ал күнбағыс майының бағасы 0,3 пайызға, пияз 9,2 пайызға төмендеген.
Сонымен қатар, Ұлттық статистика бюросының өңірлер бойынша сүт өнімінің орташа бағасы елімізде 374 теңгені құраса, Тараз қаласы бойынша сүт өніміне орташа баға 350 теңгені құраған.
Өз баяндамасында аталған басқарма басшысы облыс бойынша сүт өндірушілердің сүтті қабылдау орташа бағасы 150-170 теңгені құрайтынын жеткізіп, өңірдегі ірі 3 сүт өндеуші бойынша жүргізілген талдау жұмыстарының қорындысына тоқталды.
- Ағымдағы жыл басынан бері делдалдық схемаларды тексеру және сауда үстемесі мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылау жөніндегі 64 комиссия отырысы өтті. Барлығы 38 құқық-бұзушылық фактісі анықталды. Оның ішінде сүт өнімдерін сатып алып, сауда желілеріне қайта сатқан делдалдар анықталып, аталған өндірушілерді сауда желілерімен тікелей келісім-шарт жасасу бойынша жұмыстар жүргізілді,-деді Аспандияр Сейсебаев
Облыс әкімі өндірушілерден өнімдерді тікелей дүкендерге жеткізу жұмыстарын ұйымдастыру, әлеуметтік сала нысандарына өзіміздің сапалы әрі бағасы қолжетімді өнімдерімізді өткеру, жергілікті сүт өндірушілер мен қайта өндеу кәсіпкерліктерін қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, аймақ басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы барынша бақылауда болу керектігіне тоқталды.