Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ӘЛІБЕК ӘМЗЕҰЛЫНА АРНАЛҒАН ЭКСПОЗИЦИЯ АШЫЛДЫ

ӘЛІБЕК ӘМЗЕҰЛЫНА АРНАЛҒАН ЭКСПОЗИЦИЯ АШЫЛДЫ
ашық дереккөз
ӘЛІБЕК ӘМЗЕҰЛЫНА АРНАЛҒАН ЭКСПОЗИЦИЯ АШЫЛДЫ
А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының музейінде ҚР Мәдениет қайраткері, жазушы, драматург Әлібек Әмзеұлына арналған экспозиция ашылды. Іс-шараны жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Елен Әлімжан құттықтау сөзімен ашып берді. Одан кейін Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай игі бастаманың жалғасын табуына тілектестігін білдірді. – Осында жиналғандардың біразыңыз көзі тірісінде Әлібек Әмзеұлымен қызметтес болдыңыздар. Ол кісінің дәл осы театрдағы музейдің ашылып, жұмысының жандануына қосқан үлесі ерекше. Сол себепті Әлібек Әмзеұлына арналған экспозицияның театрдағы музей қабырғасында бой көтеруі де өзіндік мәнге ие, аса маңызды. Шын мәнінде, Әлібек Әмзеұлы – өзінен кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық із қалдырған көпқырлы тұлға. Оны әрмен қарай насихаттау, кейінгі ұрпаққа жеткізу сіздер мен біздің еншімізде. Сол себепті, ол кісімен қызметтес, әріптес болған әрқайсыңызды осы театр қабырғасындағы экспозицияны толықтыруға шақырамын, – деді Ерлан Нұрманұлы. Экспозицияның ашылуына мәдениет саласының қызметкерлерімен қатар, жазушының жары Әсия (Несіпкүл) Әбілова арнайы қатысып, өзінің ризашылығын білдірді. Іс-шара барысында сөз алған Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкелерінің кәсіптік одағы облыстық филиалының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев Әлібек Әмзеұлының жарына құрмет белгісі ретінде орамал жауып, гүл шоқтарын тарту етті. Әлібек Әмзеұлы туралы естеліктерді Қазақстанның халық артисі Мәкен Рахымжанова түйіндеп, экспозиция лентасын жазушы Елен Әлімжан мен жазушының жары Әсия Әбілова қиды. А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Мәлік Ақүрпеков іс-шараға қатысушыларға экспозицияға қойылған заттарды таныстырды. Тұлғаның өмірдерегі мен еңбек жолынан сыр шертетін музей бұрышында Әлібек Әмзеұлының өмірінің соңғы жылдары жазып кеткен «Менің заманым мен замандастарым», «Менің сырым мен шыным» сынды кітаптарымен қатар, алған наградалары және фотосуреттері, медальдары, театрда қызмет еткен жылдары сомдаған рөлдерін айқындайтын суреттері, облыстық мәдениет басқармасын басқарған жылдары көрсеткен жемісті марапаттары топтастырылған.

Ғалия АБЫЛАЙ, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының баспасөз хатшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар