Натрий цианиді зауытының екінші тынысы ашылды
Талас ауданында «Talas Investment Company» ЖШС зауытының екінші кезеңінің салтанатты түрде капсула салу рәсімі өтіп, өндіріс орнының құрылысы басталды.
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков, «Talas Investment Company» ЖШС-ның негізгі акционері Серікжан Сейітжанов, серіктестіктің басқарушы директоры Бахтияр Алдашов және тағы басқалар қатысты.
«Talas Investment Company» ЖШС кәсіпорны – алтын өндіру өнеркәсібінде және басқа да бірқатар өндірісте пайдаланылатын импорттық тауар саналатын химия өнеркәсібінің алғашқы кәсіпорны.
Зауыт 2014 жылы іске қосылған. Қазіргі таңда кәсіпорын қалыпты режимде жұмыс істеп отыр. Алты айдың қорытындысы бойынша 5 688 тонна натрий цианиді және 2 375 тонна аммоний сульфатын өндірген.
Қазіргі уақыттағы зауыттың қуаттылығы жылына 15 000 тонна натрий цианидін өндіруге мүмкіндігі бар. Кәсіпорында 557 адам жұмыс істейді.
Компания Ресейге және Орта Азия республикалары Моңғолия, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттеріне өндірілген өнімнің 30-40 пайызын экспорттап отыр.
Елімізде осы өнімге сұраныстың артуына байланысты кәсіпорын зауыттың екінші кезеңінің құрылысын бастап отыр.
Ол іске қосылғанда натрий цианидін өндіру жылына 15 мың тоннадан 30 мың тоннаға жетеді деп жоспарлануда.
Жалпы инвестиция көлемі 25,8 миллиард теңгені құрап отыр. Кәсіпорын өз жұмысын бастайтын болса, 300 адам жұмыспен қамтылмақ. Зауыт 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Келесі мақала