Тұрғын үй жалдаудың тиімді жолы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес халықтың жекелеген санатының баспанаға қатысты мәселесін жедел шешу мақсатында жалға алған тұрғын үйді субсидиялау тетігі былтыр іске қосылған еді. Биылдан бастап «Отбасы банк» жүзеге асырып жатқан тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасы баспана кезегінде тұрғандарды мейлінше көбірек қамтитын болады.
Бұған дейін бағдарламаға қатысу туралы өтінішті SMS-хабарлама арқылы алған азаматтар ғана жолдай алатын. Бүгінде аталмыш хабарламалар жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдерді тағайындау және төлеу қағидаларының талаптарына сәйкес уәкілетті орган қалыптастырған және банкке өткізген тізім бойынша жіберілуде. Тізімге төрт санат бойынша баспана алуға кезекте тұрған 70 мың адам кіріпті. Осы ретте тарқата айтар болсақ, тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялауға өтінімді І, ІІ топтағы мүгедектер, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көпбалалы отбасылар бере алады. Тағы бір талап – жалдау субсидиясын алуға өтініш білдірген отбасының жиынтық табысының мөлшері. Соңғы 6 айда отбасының әрбір мүшесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 көлемінен аспауы керек, бұл – 37 389 теңге.
Өткен жылдың 4 шілдесінен бастап «otbasybank.kz» платформасында бағдарлама талаптарына сәйкес келетін кез келген қазақстандық субсидия алуға өтініш беру құқығына ие болды. Ол үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет. Осының нәтижесінде субсидиялау бағдарламасына қатысушылардың тізімінде болудың және «Отбасы банктен» SMS-хабарлама күтудің қажеті болмай қалды. «Отбасы банктің» жұмысында пайда болған тағы бір өзгеріс – әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы мәселесі. Қазір аталған көмек жалақы, жеке кәсіпкерліктен түсетін табыс пен қызмет көрсету шарты бойынша төленетін қаражатпен қатар кіріс ретінде есепке алынып жүр. Мәселен, бір отбасында әйелі мен үш баласын асырап жүрген отағасының ғана табысы бар делік. Ол айына 180 000 теңге алады. Табыс талабы бойынша бұл отбасы субсидия алуға құқылы. Алайда бұл отбасы қосымша жәрдемақы алатын болса, онда әрбір отбасы мүшесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 көлемінен, яғни 37 389 теңгеден асып кетеді. Мұндай жағдайда аталған отбасы мемлекеттік қолдаудан қағылады. Дәл осы себепті бағдарламаға қазірдің өзінде 1000-нан астам қатысушы қабылданбапты. Қазір тиісті заңға өзгертулер енгізіліп жатқан көрінеді. Ол күшіне енсе, банк қосымша хабарлайды. Сол уақыттан бастап әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар табыс ретінде қарастырылмайды. Сондықтан бұрын осы себепті субсидия ала алмаған қатысушылар өтініштерін қайта тапсырса болады.
Жалдау ақысын субсидиялауға республикалық бюджеттен барлығы 40 миллиард теңге қаралса, тағы 10 миллиард теңгені жергілікті әкімдіктер бөлуде.
– Өтінім беру процесі толығымен цифрландырылған. Өтініштер қабылданатын және өңделетін цифрлы платформаның Қазақстанда баламасы жоқ. Бағдарлама шарттарына сәйкес келетін қазақстандықтарға «otbasybank.kz» платформасында өтінім беру қолжетімді. Алғашқы өтінімдерді беру барысында банктің IT мамандары тарапынан жедел реттеуді талап ететін қателер туындауы мүмкін екенін ескердік. Сондықтан бірінші кезеңде банктің клиенті болып саналатын үміткерлерден өтінімдер қабылдана бастады. Екінші кезеңде, яғни 26 сәуірде «Отбасы банктен» тағы 23 мың үміткерге SMS-хабарлама жіберілді. Жалдау шарттары бойынша, төлемдерді республикалық және өңірлік бюджеттерден қаражат түскеннен кейін маусым айынан бастау жоспарланып отыр, – деді «Отбасы банк» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Оның айтуынша, жалға алған үйді субсидиялау қағидаты азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген. Жалға алған үйдің 50 пайызы мемлекеттік субсидия есебінен жабылады да, қалған 50 пайызын көмек алушы өзі төлейді. Облыста 70 мың азаматқа қолдау көрсету үшін 50 миллиард теңге қажет. Оның ішінде республикалық бюджеттен жұмсалатын шығындар шамамен 40 миллиард теңгеге тең, ал қалған қаражат жергілікті бюджет есебінен бөлінеді.
Ең әуелі, бағдарламаға қатысушы төлемді алу туралы өтінішке қол қояды және жеке деректерді жинауға әрі өңдеуге келісім береді. Қол қойылғаннан кейін жүйе деректерді өңдеп, отбасының құрамын анықтайды. Содан кейін кәмелеттік жасқа толған әрбір отбасы мүшесі «otbasybank.kz» сайтына тіркеліп, ЭЦҚ арқылы жеке деректерді жинау және өңдеу келісіміне қол қоюы керек. Осыдан кейін жүйе деректерді қайтадан тексеріп, өтініш берушіге субсидия алуға келісім береді немесе себебін түсіндіріп, өтінішін кері қайтарады.
– Өтініш мақұлданса, хабарламада жалға алу аймағы, пәтер ауданы, жалдау ақысының максималды мөлшері мен қатысушыға тиесілі ең жоғары субсидия көлемі көрсетіледі. Осыдан кейін «Пәтер иесі туралы деректер» бөлімінде өтініш иесі пәтерді жалға берушінің жеке сәйкестендіру нөмірін немесе бизнес сәйкестендіру нөмірін көрсетуі керек. Осы сәттен процеске жалға алынатын тұрғын үйдің иесі қосылып, екінші кезеңі басталады. Баспананы жалға беруші де «otbasybank.kz» сайтында ЭЦҚ арқылы тіркеліп, «Жалға алу ақысын субсидиялау» бөлімінде деректерін растайды. Сондай-ақ жеке деректерді жинау және өңдеу туралы өтінішке қол қойып, жалға берілетін пәтердің кадастрлық нөмірін және қаражат аударылатын 20 сандық шотты көрсетуі керек. Осыдан кейін жүйе жалдау шартын және төлем кестесін жасап шығады, оған тараптар ЭЦҚ арқылы қол қояды. Субсидия алуға өтініш беруші жалдау шартын тіркегені үшін мемлекеттік баж төлейді. Содан кейін оның жеке кабинетінде төлем кестесі бар жалдау шарты пайда болады, – деді Л.Ибрагимова.
Жалдамалы баспананы әркім өзі іздейді. «Отбасы банк» субсидияны жалға алу келісімшартының мерзімі аяқталғанша ай сайын аударып отырады. Құжаттың күшін мерзімінен бұрын жоюға, сондай-ақ жаңа үй иесімен келісімшарт құруға рұқсат етілген. Бұл жағдайда «otbasybank.kz» порталында өтініш беру процесі қайтадан жасалады. «Отбасы банк» жыл сайын субсидия алушылардың шарттарға сай келуіне мониторинг жүргізіп, төлем тәртібін ай сайын қадағалап отырады. Біз жақында ғана субсидияға қол жеткізген Тараз қаласының тұрғыны Жанар Оразымбетті сөзге тарттық.
– Көпбалалы анамын. Маған осы тамыз айынан бастап 61 мың теңге субсидия шықты. Әр айдың 25-іне «Отбасы банктегі» шотыма түсіп тұрады. Қалғанын өзім салып отырамын. Сонда баспана иесіне айма-ай 120 мың теңге түсіп тұрады.
Бүгінде ел ішінде баспанаға зәру болып, пәтерден-пәтерге көшіп, жамбаспұл төлеп жүргендер жетерлік. Мына бағдарлама көптеген қазақстандықтардың мәселесін шешіп бергені бізді қуантады. Мен жалғыз өзім жалдық ақыны төлей алмас едім, шынын айтқанда, бұл үлкен көмек болды, – дейді ол.
Ескертетін жайт, жергiлiктi әкiмдiктер жалдамалы үйлер мен онда тұрып жатқан азаматтарды кемiнде тоқсанына бiр рет тексеретiн болады. Баспананы жақын туыстарынан және жұбайларынан, оның ішінде бұрынғы жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан жалға алуға, біреуге қайтадан жалға беруге тыйым салынған.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Келесі мақала