Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТҰНЫҚ ТҮНДЕ ҚҰСТАР ӘНІ БАЛҚЫТТЫ, ТЫНЫШ ТҰРҒАН ЖҮРЕГІМДІ ҚОЗҒАДЫ-АУ...

ТҰНЫҚ ТҮНДЕ ҚҰСТАР ӘНІ БАЛҚЫТТЫ, ТЫНЫШ ТҰРҒАН ЖҮРЕГІМДІ ҚОЗҒАДЫ-АУ...
ашық дереккөз
ТҰНЫҚ ТҮНДЕ ҚҰСТАР ӘНІ БАЛҚЫТТЫ, ТЫНЫШ ТҰРҒАН ЖҮРЕГІМДІ ҚОЗҒАДЫ-АУ...
Хакім Абай айтқандай, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда». Тұяғымен жер тарпыған тұлпарлардың топ жарып шығуы үшін де аламан керек. Ақындар да сондай ортаны аңсап тұрады. Осы орайда Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы жұрттың рухын көтерген жыр додасын ұйымдастырды. «Жыр жауһары» деп аталған поэтикалық дуэльге 15 жас ақын қатысып, өлеңге таластарының бар екендігін байқатты. Өңіріміздегі жастар шығармашылығын дамытуға жол ашу, оқырмандардың қазақ поэзиясына деген қызығушылығын арттыру, талантты өрендердің көпшілікке танылуына мүмкіндік жасау мақсатында ұйымдастырылған сайыстың қорытындысында Т.Рысқұлов ауданынан келген Әлімжан Шөңгербай бірінші орынды иеленді. Екінші жүлдені тараздық Ғайникен Маралтайқызы еншілесе, үздік үштікті Жұматай Көксубай, Сымбат Сұлтан түйіндеді. Сонымен қатар әртүрлі аталымдар бойынша да жүлделер табысталды. Поэтикалық дуэльдің жеңіс тұғырынан көрінген үміткерлерге ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Өзге де қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды. Әлімжан ШӨҢГЕРБАЙ Туған жер Тұнық түнде құстар әні балқытты, Тыныш тұрған жүрегімді қозғады-ау. Дәл осындай сезімді де сан күттім, Шағымда анау бозбала. Құлындай боп желісіне байланған, Жұлдыз біткен тұра қапты тізіліп. Көз жасындай дидарынан қайғы алған, Ағып барад (ы), Кетпесінші үзіліп. Бәлкім, бұл да тым ерекше сәндеуге, Кезең шығар Тәңір өзі қызыққан. Апам түткен жүндей болып әр жерде, Ыдырайды бұлттар. Қайтсін енді жүрегімді қозғамай, Тұнық түнде құстар әні балқытты. Алтын бақа секілденіп толған ай, Көл бетінде қалқып тұр. * * * Ұлы уақыт бұл түнге құрық тастап, Көкжиек жалқауланып көз ашқандай. Жұмыртқа таң жарылып шығыс жақтан, Саруыз күн төгілді көк аспанға. Бар қарасын аспанның тонағалы, Ұнатпаған кейіпте жарықты әлем. Жел әкеткен жеңгемнің орамалы, Тау шыңына ілініп қалыпты, әне. Қинайды екен осынша жанды неге? Шәмші айтқан «Сығандық серенада». Тағы бір шал кем шықты әңгімеге, Төңкерілген қазандай төбеге анау. Үнсіз. Іші бірақ та дауылдатқан, Жан-жағына қараса бәрі аярдай. Ақ жаулықты кемпір тұр ауыл жақта, Қотыр болған қорымға қарай алмай. Жақсы көріп жаныммен тыңдар көптен, Шәмші әнінен түседі көңіл неге? Ұстараның жүзінде бір жалт еткен, Кезең екен осынау өмір деген. *** Күндей болып жарқырап шыққан алдан, Сұлулыққа сендегі сұқтана алман. Дәл өзіңдей еркелеп қарап маған, Тауға иегін сүйейді бұлттар анау. Нұрлы жүзің гауҺардай жарқыраған, Сенен асып тумайды-ау артық адам. Иығыңнан төгілген төмен қарай, Бұрымыңнан аумайды сарқырама. Сені көріп көкейге келуде өлең, Болса болар осындай керім деген. Орамалың секілді желбірейді, Қызғалдақтар қырдағы жел үрлеген. Кезеңдей боп көңілде ай, күн сөнген, Ауырлап бір кеткенде қайғым жерден. Сені көріп жүрегім шуылдады, Аққу-қаздар ұшқандай айдын көлде. Жарылуға жүргенде сәл-ақ қалып, Үміт берді, дем берді Жаратқаным. Енді асығам тек саған сәттер сайын, Көкіректен көгершін қанат қағып. О, қоңыр күз, мұңайдың не себептен, Жазға өкпелеп қалдың ба кешегі өткен? Мен де сендей түнеріп жүрем кейде, Жұбата алмай кеткен ед (і) неше көктем. Сендік әлем жалғыздық тұрағы ма? Сіңіп кеткім келеді тұманыңа. Өзің жайлы сыр айтып жеткізеді, Жапырақтар сыбырлап құлағыма. Осынау өмірге сен келген күні, Сөнді жылу...өлді жер...өлген гүлім. Оңашада ойларым тұншығады, Үнсіздік кеп тырнайды кеудемді дүр. О, қоңыр күз, өзіңе сыр ақтардым, Үнсіздікті жалғанда ұнатқан кім? Саған өлең оқып ем тыңдамадың, Аспанға өлең оқып ем жылап қалды. * * * Шашыратып қала шамы түрлі ойды, Тырсылдаған сағат мазаны ұрлайды. Жаңа туған ай құлағын аспанға, Төсеп түн сыр тыңдайды. Жанарынан сол аспанның аққандай, Жұлдыз біткен төгіліпті ақ қарға. Дәл осындай сәтте мезгіл шақырар, Ең аяулы шақтарға. Артта қалып сағынышты күндерім, Күрсініспен шығарады түн демін. Будақ-будақ бұлттарды жасардай, Мен де еліктеп үрледім. Қалып қойып ақ пен қара қалыпта, Атпаса екен енді мүлдем жарық таң. Кім түсінер әйтпесе бұл сана мен, Жүрегімді алысқан. Еркіндігім Жаратушы қолында, Дүние түгіл, кеудемде де толы ызғар. Жаңа туған айға қарап, сыбырлап, «Өмір» дедім...соңында. Жұматай КӨКСУБАЙ Қазақстаным Жер тарпып өскен құлының белді, Тұлпар ғасырдың дүбіріне ерді. Шығысқа ағып, текес боп кеткен, Балқаш боп қайта бір ұлың келді. Көп көрдің елім безбен жауырды, Соқтырған едің сөзбен дауылды. Алатау, сенің аппақ бұлтыңдай, Мен төгіп алдым көзден жауынды. Далаңды көріп жұмақ па деппін, Қалаңды көріп жылап та кеттім. Қазақтық бойдан жойылар сәтте, Азаттық алып, мұратқа жеттің. Көк Туың тұрса желбіреп биік, Ұрпақ жүр ұлтын елжіреп сүйіп. Алланың саған пейілі түсті-ау, Беріп жерін белгілеп қиып. Өтсінші ұлың өр төсін бермей, Атағың кетсін жер төсін ендей. Жетпіс жыл бізді желкеден басқан, Өтейік жаттың желкесін көрмей. Ұрпаққа беріп таза күш, дарын, Көрейік көкке балаң ұшқанын. Тәуелді боп өт Аллаға ғана, Тәуелсіз менің, Қазақстаным! Сурет Үйсін, Тәңір тауларым, Қызықтайтын қылығын. Самалдармен ауладым, Шегірткенің шырылын. Көлеңкелер тұр сынып, Тобылғының түбінде. Ентігеді тіршілік, Қызыл мұрын іңірде. Бал құшағы құтты әнге, Көмілетін қаймақ түн. Терезеден сүт сәуле, Төгілетін жайлап тым. Айды сұлу қыз деймін, Жұлдыз моншақ тағатын. Күрең шашын, нұр кейпін, Бұлтқа жуып алатын. Таңның тұнық сауырын, Тырмалайды мысық түн. Әрең-әрең бауырын, Көтереді күшік-күн. Қора-қора қойлармен, Өлең өріп барады. Қойшы ауыр ойлармен, Көген өріп барады. Сырғаларын шалғынның, Кешіп келе жатамын. Жүзіктерін таңымның, Есіп келе жатамын. Шырылымен құстардың, Төгіледі күміс шық. Моншағына мыс талдың, Көз салады күн ыстық. Сағыныш даусы Ақ, адал өмір берген, Анашым текті ұраным. Мен сенің құшағыңа, Оралғым кеп тұрады. Сәбиін жетелеген, Көшеден ана көрсем. Сіздегі мейірді аңсап, Қасына бара бергем. Бір сәби жылап тұрса, Ешкім де жұбата алмай. Мен сені іздеп кетем, Сіз ғана уатардай. Тауларға теңер едім, Одан да биік едің. Көктегі күннен бұрын, Сен мені сүйіп едің. Аядай ауылымда, Басталып болашағым. Алысқа жетеледі, Арманмен бала шағым. Топ көрсем елеңдеймін, Елемей жай көшіңді, Емес пе жылым жылқы, Өмірім бәйге сынды. Кенжемдей көремін деп, Бірге өскен достарымды. Көргенде мені ойлаумен, Серік қып босқа мұңды. Солардың жанарынан, Мені іздеп таптың ба екен? Бір маған бар тілекті, Арнаумен жаттың ба екен? Сіз барда жырым асқақ, Сіз барда әнім жақсы. Біздерде бәрі күшті, Біздерде бәрі жақсы. Алаңдама, ана.... Жалғыздық Сырласайық жалғыздық, Бері келші, өтінем, Беті күйген өмірдің, Сүйіп қойшы бетінен. О, несі екен, Тәңірім, Жалғыздығым ұнайды. Жапырақтың бетінде, Жалғыз тамшы жылайды. Екеусің бе, бауырым, Асықпа сен, асықпа. Жетсе адамдар жетеді, Жалғыз жүріп бақытқа. О, жалғыздық, мен сені, Жақсы көрем, расым. Екеулердің ішінде, Жалғыз болып тұрасың. Қалың адам ішінен, Оны аңсайсың неге сен?! Жалғыздықты сондықтан, Бақытсыздық деме сен. Мен, мен деген кеудеден, Аттайсың-ау, жалғыздық. Өзім деген ниетпен, Сақтайсың-ау, жалғыздық. Жалғыз ғана ғұмырды, Берді бізге Тәңірім. Жалғыздықтың сондықтан, Білу керек қадірін. Жалғыз тілмен жырлар ем, Жалғыздығын ортаның. Сондықтан мен екі-үш, Төрт-бесеуден қорқамын. Қоштасайық, жалғыздық, Сен екенсің қинайтын. Қоштаспайық, жалғыздық, Сені әйтеуір қимаймын... Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ Жібек жолы бойындағы шамшырақ... Самаладай жарқыраған шамдары, Шолпан жұлдыз сияқтанып таңдағы. Көктемде көз жауын ап гүл шаһар, Гүлзар баққа айналады жан-жағы. Жарып шыққан бәйшешектей қар астын, Сыры терең тарихыма жол аштым. Арда ұлдарың ақындығын қайраған, Асау, ақжал толқынына Таластың. Әз басынан Қыдыр қашып, бақ көшіп, Уыз жасқа фәни-дүния жапты есік. Айша арудың пәк сезімін құндақтап, Құшағында тербеп жатқан ақ бесік. Аяулы сәт – езілетін ет-жүрек, Жас-жұбайлар сонда берер сертті кеп. Жалғастырып екі дүние арасын, Тектұрмас тұр төбесімен көк тіреп. Деген елміз іргемді жау бұзбасын, Қарт тарихтан бізге жеткен сыр басым. Пері нәттес перизаттар мөлдіреп, Шыңғысханның таңғалдырған жүзбасын. Сансыратса саған барам сан сұрақ, Хауызынан әуен ағар тамшылап. Жан-жағына сәуле шашып тұратын, Жібек жолы бойындағы шамшырақ. Бастан кешкен сан сұрапыл сынақты, Әсем шәрі атсын таңың шуақты. Зау биікте тұра берші, Таразым, Азияның алтын тәжі сияқты! Бақыт Бақыт деген кім екенін білемін, (Көрші апай ғой) (Темекісі ауызынан түспейтін.) Күлесің, Күлесің де түнересің. Күйемін, Көрші апайды есімі үшін сүйемін. Ол да менің жастығыма қызығар, (Бәлкім, иә?) Есімін де қызғанатын түрі бар, «Бақыт апай» демеші деп сызылар, Өмірімде жалғыз Бақыт екенін (ол) кеш ұғар. Ал мен оны ойламаппын жалғыз деп, (Өйткені аты Бақыт қой). Ол да өзін санамапты жалғыз деп, Көршімнің де өмірінде бақыт тек Есімінде екен ғой. (Кеш ұқтым). Нала Білтесін үміт-шамның, Білдірмей тұтаттың да. Үзігін үгіп жанның, Жүйкеге жүк арттың, ә... Жалт бердің, жарамады, Жігерді құм еткенің. Жанымды жаралады, Салғаның жүрекке мұң. Өртіңді өлең болып, Өшірмей, өсірем деп. Кей-кезде керең болып, Бәр-бәрін... кешірем деп. Жаралы жолбарыстай, Сәтіңе куәдүрмін..! Аз күндік алданыштай, Сезімге құлақ түрдім. Алапат тағдырыңды, Ардақтап алақанда. Жатқа айтып әр жырыңды, Дұға еттім ала таңда. Мендегі тәкаппарлық, Таудан да еді биік. Жүрекке жүрмес жарлық, Басқаны қалсаң сүйіп. Соңғы сөз... кетті батып, ...Жақындап нең бар еді?!. Жаза алмас емші-уақыт, Дертімді емде ал енді! Сымбат СҰЛТАН Есеюге асықпаймын Балалықтың үні әлі де естіліп, Ойнаушы ек қой аула жақта кешкілік. Бойжеткен шақ балалықты әкетті, Содан бері қалдым біраз ес біліп. Еркелігім қалды содан жырақтап, Кірқожалақ, байқайтынбыз кім аппақ?! «Сені біреу ұнатады» десе егер, Қапаландық жылап қап... Бұзықтықпен жасайтынбыз күшті іс көп, Қарын ашса әзір болып түсті ішпек. Көршілерді шығарып ап аулаға, Кешке үйге қайтатынбыз күс-күс боп. Ол күндерден сезілмей жүр қазір леп, Балалығым кете қоймас жазым боп. Ойыншық та ойнайтынбыз аулада, Шөп-шалаңнан түрлі тамақ әзірлеп. Еш алаңсыз жүретінбіз шаттанып, Балалығым оралса ғой бақ болып. Киім сатып алсақ егер базардан, Ойнауға да киетінбіз мақтанып. Әйәй киім дақ болып... Балалықтан артығы жоқ ұққаным, Одан басқа сағынғам жоқ түк бәрін. Қонақ келсе дастарқанға қоятын, Анамыздың жеп қоюшы ек тыққанын. Естеліктің үзігі де бар мәлім, Жеңі ұзынның қысқартып ап сәл қолын. Ескірсе де жамап алып киіп ек, Үлкендерден қалғанын. Жоқ еді ғой бала күнде түс-талғам, Жаңа көйлек – ол біз үшін күшті арман. Бірінен соң бірі киіп сіңлілер, Ұзын жейде қысқарған. Байыбына бармайтынбыз әр істің, Бала күнгі доспен содан таныспын. Ес білгелі ескі әлемді сағындым, Содан бері балалықтан алыспын. Асыр салып ойнасам ғой көшемде, Бала болған ақындар да, көсем де. Мына тағдыр тез есейтіп жіберді, Есеюге асықпаймын десем де... Үнсіздік Жүрек сөзі – бірде сор, бірде күйік, Біз сөйлессек кетердей мұң кеңейіп. Тыныштықта тылсым бар тым әдемі, Үнсіздікте бір тіл бар Үндемейік... Бар маңайды алмасын жан қаумалап, Тіл шығарды аяқтан шалғандар-ақ. Біз екеуміз үндемей ұғысайық, Көздер оны берсінші аудармалап... Сөйлесуді тұрмысың қазір қалап? Олай болса, тұра бер әзір қарап. Біз екеуміз алайық сөйлесуді, Үнсіздіктің тіліне тәржімалап... Ұғып, біліп қоймасын ешкім оны, Мен білемін, ол тілді кеш біледі. Жарияға жар салма «сүйемін» деп, Үндемей-ақ айта бер, Естіледі... Жүрек сезді, сөзіңді ішім ұқты, Көрсетейін көздермен кішілікті. Сөздің түрін қайтемін саған айтып, Көздің тілі одан да түсінікті. Үндемейік, Сездің бе, бұл іс дұрыс? Жетіп барар жүрекке шын ішкі күш. Мүлде несі бар бізде әңгіменің, Үндемеші, үндеме, тыныш-тыныш... Жоғалту Сезім дейтін бір сиқыр шіркін үдеп, Бара-бара барынша бұлқынып ед(і). Жаңа ғана жанымды жаралады, Кеудемдегі кішкентай бір тілім ет... Амал бар ма, алмадым ашық ұғып, Жанардың да қалғандай жасы құрып. Неғылғаны? Қашқақтап жүр бүгінде, Өз жүрегім өзімнен жасырынып... Қуыс кеуде болып-ақ қалды-ау ішім, Кімге жетер ендігі бар дауысым? Тілегімді Тәңірге айтам енді, Жүрегімді жоғалтып алмау үшін... Жазарым да кетпесін тайқып бүгін, Төгілейін Табайын айтып тыным... Бәрін қойшы, қарғам-ау, бұл жалғанда, Жұмыр етсіз кешемін қайтіп ғұмыр? Қорықпаймын, Құдай-ау қайғы алудан, Өз кеудесін мен емес пайда қылған. Жүзім жылы болса да қорқам қатты, Жүрегі жоқ адамға айналудан... Құдай салған жүрсем де жолмен бүгін, Сарсаң қылды, сабылтып сол мендігім. Өзімді-өзім жоғалту ештеңе емес, Жүрегімді жоғалтсам – өлгендігім...  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар