Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МОЙЫНҚҰМДА ЖҰМЫССЫЗДАР АЗАЙЫП КЕЛЕДІ

МОЙЫНҚҰМДА ЖҰМЫССЫЗДАР  АЗАЙЫП КЕЛЕДІ
ашық дереккөз
МОЙЫНҚҰМДА ЖҰМЫССЫЗДАР АЗАЙЫП КЕЛЕДІ
Жұмыспен қамту орталықтары жойылып, оның орнына мансап орталықтары құрылғалы да бір жарым ай өтті. Түсінікті болу үшін айта кетсек, 1 шілдеден бастап еліміздің барлық облыс орталықтары мен мегаполистерінде 20 еңбек мобильдігі орталығы іске кіріссе, ал бұрыннан бар халықты жұмыспен қамту орталықтары мансап орталықтары ретінде қайта құрылып, өз жұмысын жалғастырып жатыр. Еңбек мобильдігі орталығының атқарып жатқан жаңа міндеттерін сөз етер болсақ, аталған мекеме жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныстарды талдаумен айналысуда. Алдын ала болжай отырып, өңірдің еңбек ресурстарының теңгерімін қамтамасыз ету және облыстың жұмыспен қамту карталарын әзірлеу, оларды жергілікті жерлерде іске асыруды үйлестіруге ден қойған. Өңірде жұмыспен қамтудың белсенді шараларын іске асырумен қатар, барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар шеңберінде ашылатын жұмыс орындарының құрылуына мониторинг жүргізеді. Жұртқа жұмыс тауып беру, осы мақсатта азаматтардың ерікті көші-қонына жәрдемдесу, азаматтарды көшіру бағдарламаларын өңірлік деңгейде жүзеге асыру да еңбек мобильдігі орталығының міндетіне жатады. Орталыққа жұмыс іздеп қайырылғандарға қол ұшын созып, жұмыссыз жүргендерді есепке алады, тұрғындарды еңбекке тарту шараларын қабылдап, халықты, жергілікті атқарушы органдарды және уәкілетті мемлекеттік органды өңірлік еңбек нарығының жай-күйінен хабардар етеді. Еңбек мобильдігі орталығы аталған функцияларды іске асыру мақсатында қала және аудан аумағында жұмыс істейтін еңбек нарығының кез келген институттарын белсенді түрде іске жұмылдыратын болады. Бұл тұрғыда аталған мекеме азаматтардың тиісті топтарын жұмысқа орналастырумен байланысты жекелеген функцияларды аутсорсингке беру құқығын алып отырғанын айта кетуіміз керек. Еңбек нарығының сұранысына сай және жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып облыстың жұмыспен қамту саясатын іске асыруда орталықтарға жүктелген міндет ауқымды. Оның ішінде халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, ерікті түрде қоныс аудару, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша іс-макеттерін қалыптастыру бойынша көрсетілетін қызметтердің барлық түрі сақталған және қызмет көрсету тиісті мекенжайлар бойынша орналасатын мансап орталықтары арқылы жүзеге асырыла береді. Бұл трансформация жұмыспен қамту қызметін жүйелі түрде қайта құруға, жалпы еліміздегі халықты жұмыспен қамту жүйесін жақсартуға, мемлекет есебінен көрсетілетін еңбек делдалдығы бойынша қызметтердің сапасын арттыруға бірден-бір септігін тигізбек. Бұл жаңашылдық аталған қызметтерді көрсету жүйесін одан әрі дамыта отырып, жұмыспен қамту саласындағы барлық қызметтер мен қолдау шараларын толық цифрландыруға сеп болмақ. Осы орайда біз облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының еңбек мобильдігі орталығының Мойынқұм аудандық мансап орталығы директоры Бақыткүл Қалымбетовамен тілдесіп, жыл басынан бері аудан халқын жұмыспен қамтуда қандай шаруалар атқарылғанын сұраған едік. Ол «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкер­лікті да­мыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 3 айлық қысқамерзім­ді кә­сіп­тік оқытудың да халыққа берері мол екенін айтады. Бұл бағытта 3миллион 400 мың теңге қаражат қа­­рас­тырылып, 15 азамат шетінен ба­лық шаруашылығы бойынша оқыту кур­сы­нан өтіп жатыр екен. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне ауданда 175 азаматты оқыту жоспарланса, «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту онлайн режимде жүргізіліп жатқан көрінеді. Бұл бойынша оқыту курсына жолданған тиісті азаматтар өз бе­тінше оқу процесіне қатысса, 7 айдың ішінде 65 азамат оқуын аяқтап, қолына сертификат алыпты. Мансап орталығына қайырылған жұмыссыз азаматтардың компьютерлік сауаттылығын ашу мақсатында 111 жұмыссыз онлайн оқытылған. – 35 жасқа дейінгі жастарға арналған жеңілдетілген несие бойынша 12 азаматтың құжаты «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының облыстағы филиалына өткізіліп, аталған мекеме тарапынан комиссия отырысы басталып, 11 жас өз бизнес жобаларын қорғады. Ұлттық жоба бойынша мөлшері 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз грант үшін 25 азаматқа 34,5 миллион теңге қа­растырылған. Бұл бойынша екі мәрте комиссия отырысы өтіп, 9 үміткер өз бизнес жобаларын қорғап, 11 700,0 миллион теңге азаматтардың жеке шоттарына аударылды. Жобаның халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту тармағы бойынша да ауданда атқарылған шаруалар жетерлік. Мәселен, өткен айдың соңында тұрған жұмыссыздар саны 548-ді құраса, жұмыссыздық деңгейі бүгінгі күнгі айдың қорытындысымен 3,4 пайыз болып отыр. Жалпы халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспары – 1 906. Жылдың 7 айында қолы бос 1 440 тұрғын жұмыспен қамтудың белсенді шарасына тартылып, көрсеткіш 75,5 пайызды құрады. Биылғы тұрақты жұмыстың жоспары – 904. 7 айда 577 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, жоспар 63,8 пайызды құрап отыр, оның ішінде 35-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жоспар – 22,5 пайыз. Әлеуметтік жұмыс орындарына 2023 жылы республикалық бюджет арқылы 19,9 миллион теңге көлемінде қаржы қаралып, 60 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланса, қазіргі таңда 71 жұмыссыз әлеуметтік жұмыс орнына тартылды. Қоғамдық жұмыс бойынша да 449,3 миллион теңге көлемінде қаржы қаралса, оның 372,9 миллион теңгесі республикалық, қалғаны жергілікті бюджет есебінен бөлінді. Аудан бойынша 550 жұмыссызды уақытша жұмысқа тарту жоспарланып, осы уақытқа дейін 507 адам қоғамдық жұмысқа тартылса, ол үшін бө­лінген қаржының 50848,0 мил­лион теңгесі жұмсалды,- дейді Бақыткүл Алдасугірқызы. Мойын­құмда «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы аясында 29 жасқа дейінгі 24 азаматпен 18 айға үшжақты келісімшартқа отыру нәтижесінде оларды тұрақты жұмыспен қамту міндеттеліпті. Ол үшін 29,8 миллион теңге қаражат бөлінсе, 7 айында 9 азаматпен келісімшарт жасалыпты. Олар тұрақты жұмысқа орналасқан. «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасына 1,2 миллион теңге қаражат қаралыпты. Бұл бойынша 2 азаматпен 7 айға келісімшартқа отыру қажет болса, үшжақты келісімшартқа отыру нәтижесінде жоба мерзімі аяқталғаннан кейін оларды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр. «Күміс жас» бағдарламасына зейнеткерлік жасқа таянған азаматтар қатысатыны белгілі. Бұл жоба аясында 15,4 миллион теңге қаржы қаралған екен. Жоспар бойынша 24 азаматты қамту мақсат етілсе, бүгінгі күнге 24 азамат бағдарламаға қатысқан. «Жастар тәжірибесі» бойынша осы жылы республикалық бюджеттен 108,6 миллион теңге көлемінде қаржы қаралып, жыл аяғына дейін барлығы 90 жасты жұмысқа тарту жоспарланыпты. Жыл басынан бері 29 өренге жолдама беріліп, тиісті қаражаттың бір бөлігі игерілген екен. Осы бағдарламаның шарапатын көрген жастың бірі – Фариза Қалыбай. Ол Мойынқұм ауылында тұрады. Фариза былтыр аудандық жұмыспен қамту орталығына жұмыс сұрап барған екен. Ондағы мамандар «Жастар тәжірибесі» арқылы аудандық архивке жолдама беріпті. Елгезек өрен ондағы білікті мамандарға көмектесе жүріп, айтарлықтай тәжірибе жинаған. Тамыз айынан бастап жастар ресурстық орталығына тұрақты жұмысқа орналасыпты. – Жасым 24-те. Осы Мойынқұм ауылының тумасымын. 2016 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін арман қуып Алматы қаласына жол тарттым. Мегаполистегі Қазақ ұлттық университетіне оқуға түстім. Екі жылдан кейін өз ауылымның жігітіне тұрмысқа шықтым. Отбасылық жағдайға байланысты елге қайтуымыз керек болды. Осылайша Тараз қаласындағы Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтына ауысып келдім. Онда «Есептеу техникасы және бағдарламалармен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша 2020 жылы диплом алып, одан кейін бала күтімімен үйде отырдым. Екі балам қатайғаннан кейін жұмыс іздей бастадым. Қазіргі аудандық мансап орталығы арқылы аудандық архивте 11 ай еңбек еттім, қолыма 80 мың теңгеге жуық айлықақы алып жүрдім. Ол жердегі мамандар білгенін үйретті. Жақында ауданда бос жұмыс орындарына ваканция жарияланды. Конкурсқа түсіп, жолым болып, аудандық жастар орталығының ұйымдастыру бөлімінің инспекторы болып тұрақты жұмысқа орналастым. Бұл жерде қолыма 95 мың теңге еңбекақы алады екенмін. Бала күтімімен үйде отырғанымда жұмыс жайлы көп ойланатынмын. Мемлекеттің жастарға көрсетіп жатқан қолдауы көп екен. Соның бірін өзім сәтті пайдаландым деп ойлаймын. Мемлекетіміз тұрақты дами берсін, маған жөн сілтеген аудандық мансап орталығының мамандарына да айтар алғысым шексіз! – дейді Фариза Болатбекқызы. Бұл – «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына былтыр қатысып, биыл тұрақты жұмысқа орналасқан жастың шынайы тілегі. Ал биыл ұлттық жоба шеңберінде жыл аяғына дейін орталыққа қайырылған жұмыссыздардың 1 906-сын жұмысқа тартудың белсенді шарасын қамту жоспарланса, оның 904-і тұрақты жұмысқа орналаспақ. Атаулы әлеуметтік көмекке жүгінгендердің белсенді шараға тартылу үлесі жоспар бойынша 81,2 пайыз болып бекітіліпті. «Жұмыс орындарын құрудың өңірлік картасы» жобасы аясында осы жылға 16 жоба белгіленіп, 156 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған көрінеді. Оның 48-і тұрақты жұмыс орны, 108-і уақытша жұмыс орны болмақ. Бүгінгі күнге 11 жоба іске қосылып, 75 жұмыссыз азаматты жұмыспен қамту көзделсе, меже 100 пайызға орындалған. Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар