Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЯДРОЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК: ҚАЗАҚСТАН-АҚШ СЕРІКТЕСТІГІ

ЯДРОЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК: ҚАЗАҚСТАН-АҚШ СЕРІКТЕСТІГІ
ашық дереккөз
ЯДРОЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК: ҚАЗАҚСТАН-АҚШ СЕРІКТЕСТІГІ
Семей ядролық сынақ полигоны 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи Жарлығымен жабылды. Әлемдегі ең ірі полигон болып саналатын сынақ алаңын жабу арқылы Қазақстан ядролық қаруды таратпау жөніндегі көшбасшы ел атанды. Осылайша Отанымыз бейбіт болашақ пен ядролық қарусыз əлемді құру жолын таңдады. Содан бері Қазақстан ядролық қаруды таратпау іс-шараларына белсенді атсалысып, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі елеулі үлесі əлемдік қауымдастыққа үлгі болып келеді. Осы орайда еліміз АҚШ Қорғаныс министрлігінің Қауіптерді азайту жөніндегі агенттігімен (DTRA) 30 жылға жуық уақыттан бері ядролық қаруды таратпау бағытында бірлесе белсенді жұмыс жүргізуде. Аталған агенттік Семей ядролық сынақ полигонында жүзеге асырылған бірқатар жобаны қаржыландырды. Әсіресе 209 ядролық сынақ жүргізілген «Дегелең» сынақ алаңында қыруар жұмыс атқарылды. Қазақстандағы АҚШ елшілігінің мәліметінше, 1994 жылы Американың ведомствоаралық экспедициясы елімізге келіп, 6 апта бойы Семей полигонының Дегелең таулы аймағын зерттейді. 1963 жылы ядролық қаруды сынауға ішінара тыйым салу туралы шартқа қол қойылып, ауада, ғарыш кеңістігінде, су астында ядролық сынақтарға тыйым салынғаннан кейін Кеңес үкіметі 340 жерасты ядролық сынақтың 186-сын Дегелең тау сілемінде өткізді. Осыны негізге алған АҚШ тарапы ядролық сынақтар үшін пайдаланған барлығы 181 тоннельді тез және қауіпсіз түрде жабуды Ұлттық ядролық орталық (ҰЯО) басшылығына ұсынады. Кейін Қазақстан АҚШ Қорғаныс министрі Уильям Перриге ядролық сынақ жүргізу инфрақұрылымын қауіпсіз жоюға көмек көрсету жөнінде ресми сауал жібереді. Екі жақ уағдаласқаннан кейін қауіп-қатерді бірлесіп азайту бойынша «Нанн-Лугар» (CTR) бағдарламасы әзірленеді. Көп ұзамай жоба басталып, АҚШ Қорғаныс министрлігінің Қауіптерді азайту жөніндегі агенттігі мен Қазақстан жылына 60-қа жуық тоннельді жабады. Сынақ инфрақұрылымын жою процесі үш жыл ішінде аяқталады. Қазір барлық сынақ инфрақұрылымы қауіпсіз жағдайда. Дегелең алғашқы жобасы аяқталғаннан кейін бірнеше жылдан соң Ұлттық ядролық орталық бүкіл Семей полигонындағы радиологиялық мәселелер бойынша кешенді бағалау бағдарламасын бастады. Орталық қызметкерлері солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытты картаға түсіріп, ядролық қалдықтар қалған аймақтарды анықтады. Оларды жою үшін «DTRA» қайтадан ҰЯО-ға серіктес болды. 2013 жылы екі мекеме алғашқы ядролық сынақтар өткізілген алаңда толық жүйелі зерттеу жүргізуге келіседі. Бастапқыда кейбір атмосфералық немесе жерүсті сынақтар қалған қалдықтар жер бетінен біркелкі жойылса, кейбір жағдайларда жиналған қалдықтарды қазып, оны алаңнан тыс жерде қауіпсіз сақтау үшін тасымалданды. Ал қалдықтар аз шоғырланған жерлерде оны анықтау қиынға соқты. Ол үшін жерді жыртуға және одан әрі материалды сұйылтуға тура келді. Қазір Ұлттық ядролық орталық Семей полигонындағы аумақта шынайы радиологиялық бағалау жұмыстарын жалғастыруда. Барлық аймақ 2021 жылдан бастап зерттелуде. «Ядролық қаруды таратпау режимін Қазақстан өте қолайсыз кезде қабылдады. Сол үшін осы елге өте ризамын. Менің ойымша, біздің сынақ алаңындағы жұмысымыз әлемді қауіпсіз жерге айналдыру жөніндегі күш-жігеріміздің жалғасы», дейді «DTRA» таратпау бағдарламасының менеджері Марк Гибсон. Айта кетсек, «DTRA» агенттігінің негізгі мақсаты – АҚШ Қорғаныс министрлігіне, АҚШ үкіметіне және халықаралық серіктестерге жаппай қырып-жою қаруының таралуына қарсы тұруға және оның таралуын тоқтатуға ұсыныс беру. Бұрынғы Семей сынақ полигонында өткізілетін жоба «DTRA» агенттігінің халықаралық одақтастармен және серіктестермен бірге жүргізіп жатқан ядролық қаруды таратпау бойынша маңызды жұмысы осының бір мысалы болып табылады. «DTRA» агенттігі – қаржылық қолдау жағынан, сонымен қатар Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңыздылығы жағынан Ұлттық ядролық орталықтың ірі серіктестерінің бірі. Сондай-ақ ядролық қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастық – екі ел арасындағы екіжақты қатынастың басым бағыттарының бірі. Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің мамандары да Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде 30 жыл ішінде көптеген бірлескен жұмыстар жүргізілгенін айтады. Мәселен, 2023 жылдың басында Ядролық физика институтының Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығының базасында маңызды семинар өтіп, ядролық қауіпсіздікті сақтау мәселесі талқыланды. Жиында Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының сол кездегі орынбасары Ғұмар Серғазин: «Комитет АҚШ-пен ынтымақтастық бағдарламаларының уәкілетті өкілі әрі үйлестірушісі болып саналады. Бұл ынтымақтастық 1993 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы келісімнен бастау алады. Қазіргі күнге дейін ядролық нысандарда ядролық-физикалық қауіпсіздікті жаңғыртуды қамтамасыз ету бойынша көптеген жоба іске асты. Ынтымақтастық аясында Ядролық физика институтында ядролық қауіпсіздік бойынша оқу орталығы ашылды», деді. Жалпы Семей сынақ полигоны Кеңес одағының ядролық бағдарламасы шеңберінде құрылған еді. 1947 жылы Шығыс Қазақстанда сайын даланың ортасында салынған полигон шамамен 7 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Онда 1949 жылы 29 тамызда Кеңес одағы алғашқы ядролық сынақ өткізді. 1991 жылы Кеңес одағы ыдырағаннан кейін сынақтар тоқтатылды. Бүгінде дүниежүзілік қауымдастықтың барлығы Қазақстанның ядролық қауіпсіздікті сақтауға қосқан үлесін мойындады. Ал сарапшылардың айтуынша, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекеттегі қолайлы саяси ортаны қалыптастыру үшін жасалған маңызды қадам.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар