Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖАҺАНДЫҚ ЖЫЛЫНУ әлемді алаңдатып отыр

ЖАҺАНДЫҚ ЖЫЛЫНУ әлемді алаңдатып отыр
ашық дереккөз
ЖАҺАНДЫҚ ЖЫЛЫНУ әлемді алаңдатып отыр
Әлемде қазір сан түрлі табиғат құбылыстары орын алуда. Климаттың өзгеруі, жылу толқындарының жиі болуы, теңіз деңгейінің көтерілуі, мұздықтардың еруі, су тасқыны, құрғақшылық секілді табиғи зардаптар адамзатқа орасан қауіптің келе жатқанын сездіргендей. Ғаламдық жылыну – парникті газдан бөлінетін, ең әуелі, көміртегі диоксиді мен метанның ұзақ мерзімді, кумулятив әсері. Олар атмосферада жиналып, күннің жылуын ұстап тұрған кезде жердің температурасына әсер етеді. Жаһандық жылыну жер бетіндегі орташа температураның артуына себепші болып отыр. Соңғы жүз жылда жер бетіндегі температура шамамен 1°С-ға артты. Ауаны ластау, өнеркәсіп санының артуы, адамдардың қоршаған ортаны қорғаудың орнына ағаштарды кесіп, құртып, қалдықтарды лақтыруы, түрлі жағымсыз әрекеттері – бәрі-бәрі жаһандық жылынудың басты себептері болуда. Жер шарының орташа температурасы қазіргіден ­2°С-ға жоғарылайтын болса, адамзатқа ауыр апат алып келуі мүмкін. Дүниежүзілік мұхит деңгейінің өсуімен қатар, жаһандық температураның да өсуі атмосфералық жауын-шашын мөлшерінің өзгеруіне алып келеді. Нәтижесінде табиғи катаклизмдер жиілеуі мүмкін. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым жыл сайын жаһандық климат өзгерістеріне байланысты жаңа есебін жария етіп келеді. Есепті әлемнің ең үздік ғалымдары мен мамандар дайындайды. Сондай-ақ аналитиктердің шешім шығаруына көмек беретін әлемдегі жетекші климаттық орталықтардың ең жоғары дәлдіктегі мәліметтерін топтастырады. Осыншалықты жоғары деңгейдегі ғылыми жұмыстардың нәтижесі шығарған қорытынды бізге қуанарлық тұжырым беріп отырған жоқ. Соған қарап та Жер шары климатының жылынуы адамзат үшін аса қауіпті деңгейде екенін білуге болады. Есепке сай, алдағы бес жыл ішінде Жер шарының орташа температурасы 2017-2021 жылдар аралығымен салыстырғанда жоғары болады. Бұл орташа температураның тұрақты түрде жоғарылау үрдісі сақтала беретінін көрсетеді. Ғалымдар мұның ықтималдылығын 93 пайыз деп көрсетуде. Демек, алдағы бес жыл ішінде де климатта оң өзгеріс болмайтыны анық. 2016 жылы жаһандық климат мәселесін тақырып еткен Париж конференциясы өтті. Сонда әлем елдері орташа температураның жоғарылауын +2°С-ға жеткізбеу мақсатында міндеттер жүктеп алды. Онда БҰҰ-ның жаңа климаттық келісіміне қол қойылып, 2020 жылға дейін парниктік газдар көлемін азайту арқылы климат өзгеруінің алдын алу міндеттемелеріне қол жеткізілді. Алайда қабылданған шаралар мәселені түбегейлі шеше алмайтыны анық. Себебі әлемдегі ірі өндіріс базалары саналатын және халық саны көп Қытай мен Үндістан секілді елдердің өндірісі әлі де болса көмірге көбірек сүйенеді. Аталған елдер өзінің шарт-жағдайына қарай жақын жарты ғасырда көмірден толық қол үзуі де неғайбіл. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, ХХI ғасырдың соңына қарай жердің орташа температурасы 1,8 градусқа, ал тіпті нашарлаған жағдайда 4,6 градусқа жылынуы мүмкін. Зерттеулерді Юта университетінің Чаган Шакериоглу бастаған халықаралық ғалымдар тобы жүргізген. Әрине, табиғаттың мұншалықты өзгеруіне жер үстіндегі емес, астындағы шикізатты да барынша игеру әсер етері түсінікті. Адамзат өз даму сатысында әзірге одан бас тартпайды. Иә, жер қойнауы барынша тоналуда, бірақ оған қарсы тұрар амал бар ма? 2050 жылы Жер шарындағы адамдардың саны 9 миллиардқа жететінін ескерсек, онда адамзатқа жаңа кеңістіктерді игеру уақыт талабына айналуда. Париж қаласында өткен конференцияда электр қуатымен жүретін таксилер мәселесі де қаралып, жан-жақты талқыланды. Күн қуатымен ұшатын «Solar Impulse 2» ұшағының Жер шарын айнала ұшуды жүзеге асыруы бұл бағыттағы ізденістердің нәтиже бере бастағандығын көрсетеді. Қанаттарының жалпы ұзындығы 72 метрге жететін ұшақтың салмағы – 2,3 тонна. Негізі қанаттарына 17,2 мың күн батареясы орнатылса, олар электр қозғалтқыштарға қуат беріп отырады. Ұшақтың ұшу жылдамдығы сағатына – 140 шақырым. Сонымен, «Solar Impulse 2» ұшағы Атлант және Тынық мұхиттарының үстімен ұшып өтіп, өзінің тиімділігін дәлелдеп отыр. Әсіресе соңғысының үстінен ұшу өте қауіпті екендігін ескерсек, бұл әуе жолын еңсерген ұшақтың болашағы жарқын деп айта аламыз. Ғалымдар бүгінгі таңда баламалы қуат көздерін алу технологияларын барынша дамытуды қолға ала бастады. Күн мен желдің, тіпті теңіздің тербелісінен қуат алып келе жатқан адамзат жауған жаңбырдан да қуат көзін алуға дағдыланып келеді. Жақында қытайлық ғалымдар күн көзінен қуат алу қондырғыларына жаңбыр суынан да электр қуатын өндіре алатын қоспа ойлап тапқаны белгілі болды. Осылайша ғалымдар айтарлықтай табыстарға қол жеткізе бастады. Нәтижесі – алдағы күндердің еншісінде. Сонымен қатар осы орайда қоқыс және оларды жою мәселесін де айтпай кетуге болмайды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, республика бойынша рұқсат етілген 3 мыңға жуық қоқыс полигоны бар. Дегенмен оның 21 пайызы ғана экологиялық және санитарлық нормаларға сай. Демек, елімізде қоқыс мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Шетелде де бұл проблема маңыз­дылығын жойған жоқ. Әлемде жыл сайын 2 миллиард тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылады. Бұл – қо­қыс мәдениетінің дү­ниежү­­зін­­де бір ізге қойылмағанының көрінісі. Са­­рап­шылар тіпті 30 жылға жуық уақытта қоқыс көлемі 70 пайызға өсіп, 3,4 миллиард тоннаға жетеді деген пікір айтып жүр. Сондықтан еуропалық комиссия қайта өңделген өнімдерді пайдалануды арттыру бойынша ұсыныстарды жариялауды жоспарлап отыр. Өйткені пластиктің шамамен 40 және қағаздың 50 пайызы қаптама үшін пайдаланылады екен. Ал бұл тұрмыстық қатты қалдықтардың 36 пайызын құрайды. Қазіргі таңда елімізде қоқысты өңдеу мақсатында біраз шара қолға алынған. Республикада қатты қалдықты қайта өңдеп, энергетикалық отынға айналдыратын 6 зауыт салынбақ. Жоспар 2025 жылға дейін жүзеге асырылады деп бекітілген. Осылайша Қазақстан 2025 жылға дейін қоқысты сұрыптап өңдеуді 30 пайызға, өртеуге жіберетін қоқысты 20 пайызға жеткізуді көздеп отыр, ал қалған 50 пайызы қоқыс полигонында сақталмақ. Ал ғалымдардың болжауынша, егер жаһандық жылыну жылдам жүзеге асатын болса, 50 жылда мұздықтар еріп бітеді. Жағажайдағы елдер суға батып, Жер шарын мұз басады. Ауаның орташа температурасы 10-15 градусқа төмендейді. Ауа температурасының өзгеруінен сезімтал адамдар қатты зардап шегіп, көз жұмады. Ағаштар климаттың өзгеруіне өте баяу бейімделетіндіктен жойылып кетеді. Боран, дауыл, құйын, су тасқыны секілді апаттар жиілей түседі. Ауызсулардың тапшылығы орын алып, түрлі эпидемиялар мен аурулардың пайда болуына әсер етеді. Осы орайда жаһандық соғыстың орын алу қаупі де жоқ емес. Қазіргі кезде жаһандық жылынудың алдын алу үшін тың идеялар айтылып, тәсілдер ойластырылуда. Энергоресурстарды пайдалану мәселесі, парниктік газдарды, соның ішінде көмірқышқыл газының атмосфераға таралуына тосқауыл болуға әсер ететін әдіс-тәсілдер бар. Мәселен, парниктік газдардың ауаға таралуын тежеу – организмдерді жерлеу мен жасанды ағаштарды пайдалану арқылы жүзеге аспақ. Әрине, мұндай құрылғыларды жасап шығару үшін уақыт пен қыруар қаражат керек. Жер шары мен ұрпағымыздың болашағын ойласақ, әсіресе баламалы энергия көздерін тиімді пайдалануда көп жұмыс атқаруымыз қажет. Ал қазіргі жағдайда АҚШ пен Қытай зиянды әрі қауіпті газдарды атмосфераға шығару бойынша бір-бірімен жарысқанын тоқтатпайтынын ескерсек, адам өз денсаулығы мен болашағын шетке ысырып отырған уақытта жаһандық жылыну мәселесінде ілгерілеушілік болмайтыны анық. Гүлшат САПАРҚЫЗЫ, журналист
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар