Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ШЕТЕЛДЕ БІЛІМ АЛУ: МҮМКІНДІК ПЕН МҮДДЕ

ШЕТЕЛДЕ БІЛІМ АЛУ: МҮМКІНДІК ПЕН МҮДДЕ
ашық дереккөз
ШЕТЕЛДЕ БІЛІМ АЛУ: МҮМКІНДІК ПЕН МҮДДЕ
Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 100 мыңнан аса қазақстандық жас шетелге білім алуға аттанады екен. Тіпті кейінгі жылдары жоғары білімді елде емес, шет мемлекеттерде алғанды жөн көретіндердің қатары еселеп артып келеді. Жалпы жастар шетелге қалай шыға алады? Жолы қандай? Ең бастысы өзге елде жастарымызды қандай мүмкіндіктер күтіп тұр?! Біз бүгінгі мақаламызда көп жастың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап іздеп көрдік. Алғашқы кейіпкеріміз, тараздық жас Олег Ли Ресейде оқудың өз тиімділігі бар екендігін жасырмайды. – Әрине, елімізде де алдыңғы қатарлы, сапалы білім беретін университеттер өте көп. Бірақ мектеп бітіргеннен кейін әлемді шарлағым келді. Алғашында таныстарымнан Ресей мемлекетінде түсуге болатынын естідім. Сөйтіп, 2018 жылы құжаттарымды жинай бастадым. Оқуға түсу үшін ешқандай емтихан тапсырмадым. Тек құжаттарымды сайтқа жүктеу ғана қажет болды. Біршама уақыттан кейін Мәскеу Энергетикалық университетіне түскенімді білдім. Айта кету керек, құжаттарымды жинағанда оқушы кезімде алған дипломдарымды да қостым. Атап айтқанда, Ө.Жолдасбеков атындағы физика және механика пәндері бойынша өткен халықаралық ғылыми байқауға қатысып, жүлделі III орынға ие болған едім. Ресейде ұйымдастырылған ғылыми байқауға қатысып, онда да жүлделі III орыннан көрінгенмін. Бәлкім, осы секілді жетістіктерім Ресейдегі жоғары оқу орнына еш қиындықсыз түсіп кетуіме ықпал еткен болар. Мұнымен айтқым келгені, жастар еш нәрседен қорықпауы қажет. Қажетті байқауларға қатыссын. Шетелде білім алудан да сескенбесін. Әлемде мүмкіндіктер өте көп, – дейді Олег Ли. Түркия мемлекеті де талапты жастар үшін өте тиімді. Түркияның ең үздік университеттерінде тегін білім алуға мүмкіндік беретін «Türkiye Bursları» атты бағдарлама бар. Бұл – ұлтына қарамастан, кез келген шет мемлекеттің студентіне Түркияның жоғары оқу орнында тегін оқуға мүмкіндік беретін бағдарлама. 2012 жылы енгізілген бағдарлама бакалавр, магистратура мен докторантура, сондай-ақ ғылыми ізденістерге де грант бөледі. Бағдарламаға қатысуға әлемнің түкпір-түкпірінен жыл сайын жүз мыңнан аса адам өтініш береді. Олардың тек бес мыңы ғана білім алу үшін стипендия ұтып алады. Үміткерлердің арасында қазақстандықтар да көп. Тараздық Жания Үмен де стипендиат атанған жастардың қатарында. – 2022 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Халықаралық құқық қорғау» мамандығы бойынша білім алып, дипломымды қорғап шықтым. Бакалавр оқып жүргенімде-ақ шетелде білім алуды ойлайтынмын. Шыны керек, Түркияда оқимын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Себебі ойым – білімімді Еуропа мемлекеттерінде, АҚШ-та жалғастыру болатын. Бірақ оқуымыз пандемия кезеңімен тұспа-тұс келіп, жоғары білімді онлайн алуға тура келді. Еуропа елдерінің оқу орындары да COVID-19-ға байланысты құжаттарды ертерек қабылдап, дедлайндарға үлгермей қалдым. Бірде құрбыларым Түркияның жоғары оқу орнына түсу үшін құжат жинап жатқандарын айтып, бағымды сынап көруге үгіттеді. Сонымен, қаңтар айында құжаттарды жинап, арнайы сайтқа жүктедік. Құжаттарды өткізген соң сұхбаттан өтіп, «Халықаралық жария құқық» мамандығы бойынша грант иегері атандым. «Türkiye Bursları» бағдарламасының маған қатты ұнаған тұсы –стипендиаттарды тегін жатақханамен, тамақ, екі бағытқа әуе билеттері және медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді. Және жақсы оқығаның үшін стипендия да беріледі. Бағдарлама шеңберінде 3 жыл бойы Түркияда білім алуым керек еді. Бірінші жылы түрік тілін меңгерумен өтсе, қалған екі жыл мамандық бойынша білім аласың. Шыны керек, шетелге оқуға қабылданған әрбір жас алғашында стреске түседі. Өйткені қасыңда отбасың және жақындарың жоқ. Бірақ оқытушыларымыз әрдайым қамқор болып, ыстық ықыластарын аямады. Сонда да Қазақстанды қатты сағындым. Бір жыл Түркияда білім алғаннан кейін, ойлана келе, Қазақстанға қайтамын деп шештім. Шешіміме еш өкінбеймін. Қазір Алматы қаласында магистратурада оқып, жұмыс істеп те жүрмін, – дейді Жания Маратқызы. Сонымен қатар еліміздегі университеттерде де білім алып, 6 айға академиялық ұтқырлық бағдарламасымен шетел асуға болады. Осы игілікті ұтымды пайдаланғандардың бірі – Балнұр Якудаева. Балнұр биыл М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін тәмамдады. – Польша мемлекетіне ойламаған жерден бардым десем де болады. Дедлайн жақындаған уақытта академиялық ұтқырлық бағдарламасы туралы естідім. Құжаттарды тездетіп жинау қажет болды. Бірақ бір қызығы, бұл жайлы оқытушыларым, кафедра меңгерушісі де білмеді. Тек құжатымды жинап, бағдарлама аясында оқуға түскенімді білгенде ғана барлығына айттым. Сонымен не керек, Польшаға кететін уақыт та жақындады. Үй жағдайын, оқу мәселелерін алдын ала шешіп алдық. Ал Польша жылы қарсы алды. Әрине, өз үйіңе жетпейді ғой. Алғашқы кезде жаңа ортаға сіңісе алмай, біраз қорқақтадым. Қазақтарды көргенде қатты қуанатынмын. Дегенмен мұндағы оқытушы мен студент арасындағы жылы байланыс сәл де болсын жат жерде жүргенімді білдірмеді. Мен барған оқу орнымда адамның жасына мүлдем мән бермейтін. Жастар мен егде тартқан кісілер бірге оқып жүргеніне ешкім таңғалмайды. Студент өзінің оқитын пәндерін өзі таңдайды, ұнамайтын пән түссе, ауыстырып алатын. Мұндайды біздің елімізден байқамадым. Тағы бір байқағаным, жастар кез келген жұмыс орнына тәжірибесіне қарамай жұмысқа тұра алады. Жастарға көбірек мүмкіндік береді. Шетелде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алуым жаңа елдерге саяхаттауға да мүмкіндік берді. Еуропа елдеріне барып, өз көзіммен көріп келдім. Қазақстанға келгенде бірінші ойым туризмді дамыту болды, – дейді Балнұр өз ойларымен бөлісіп. Еуропада да білім қуып жүрген қазақ жастары көп. Әсіресе Чехия, Аустрия, Германия, Мажарстан университеттері қазақстандық студенттердің жоғары сұранысына ие. Магистратура бағыты бойынша Чехия мемлекетінде тәжірибе алмасқан Дәурен Естаев бүгінде өз ілімін жас буын өкілдерімен бөлісіп жүр. – Шетелде тәжірибе алмасу 2015 жылы Чехия Республикасындағы Прага қаласының Чехия техникалық университетінде ұйымдастырылды. Талаптарына келетін болсақ, алдымен GPA жоғары болу керек еді. Сонымен қатар өз мамандығың бойынша ғылыми мақаланы халықаралық немесе республикалық журналға жариялау міндетті еді. Қазақстан мен Чехия мемлекетінде оқу барысында айырмашылық аса көп емес. Айрықша атап өтетін тұстары да бар. Мұнда академиялық ашықтық пен адалдыққа қатты мән береді. Әрбір студент пен лектор арасындағы қарым-қатынастың жоғары үлгісін де айтпай кетуге болмайды. Соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған дәрісханалар барлығына бірдей қолжетімді. Бүгінгі таңда Тараз қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияда қызмет етемін. Өзімнің жиған білімімді жас буынға сіңіруді міндетім деп санаймын, – дейді жас маман Дәурен Естайұлы. Жастардың талпынысы мен талабына, қабілет-қарымына сай шетелде білім алуға, саяхаттауға мүмкіндік мол. Тек білімнің көкжиегін кеңейту үшін жастар осы игілікті тиімді пайдалана алса игі. Ең бастысы, өзге мемлекетте алған білім-білігін жаңартып, туған елінің даму жолына арнай алса, қажетті іске жарата білсе болғаны.

Аяулым ЖАМАНҚАРА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар