Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҰЛТЫМ ДЕГЕН ҰЛЫЛАР ҰМЫТЫЛМАУЫ КЕРЕК

ҰЛТЫМ ДЕГЕН ҰЛЫЛАР ҰМЫТЫЛМАУЫ КЕРЕК
ашық дереккөз
ҰЛТЫМ ДЕГЕН ҰЛЫЛАР ҰМЫТЫЛМАУЫ КЕРЕК
Елдің еркіндігі мен тәуелсіздігін жанын салып қорғаған еркін ойлы азаматтарды халық ардақтап, Алаштың азаматы деп атаған. 1917 жылы 12 желтоқсанда Орынбор қаласында жалпы қазақтардың II съезінде Алашорда автономиялық үкіметі құрылды. Бұл съезд көшпелі қазақ даласында, жалпы әлемде резонанс тудырған тарихи оқиға болды. Алашорда үкіметінен әсіресе жаңадан құрылған большевиктер үкіметі қатты сескенді. Үкімет басына білімді, парасатты, зерделі, елін-жерін сүйетін ұлтжанды, терең ойлы азаматтар келді. Қазақ Автономиялық Республикасын құрып кеткен Алашорда қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков большевиктер партиясының басшысы В.И.Лениннің қабылдауында бірнеше рет болды. Ондағы мақсаттары – Қазақ Автономиялық Республикасын құрып, шекараны бекітіп алуды көздейді. Қызылдардың қылышынан қан тамып тұрған кезеңде мұндай мемлекеттік дәрежедегі мәселені шешу оңай шаруа емес еді, әрине. Бастарын бәйгеге тіккен үш арыс алған беттерінен қайтпады. Сондай сауатты жазылған негізгі заңға қайшы келмейтін, ұлт мүддесін көздеген хатқа жауап бермеуге В.И.Лениннің де дәті шыдамаған болуы керек, үш қайраткерді арнайы қабылдауға келісім береді. Бірнеше айға созылған келіссөзден кейін В.И.Ленин 1920 жылы 20 тамызда Қазақ Автономиялық Республикасын құру туралы Декретке қол қояды. Осы тұста Ахмет Байтұрсынов Сталинге де кірсек қайтеді деп Әлиханнан сұранған екен. Ә.Бөкейханов: «Сталин не шешер дейсің, оның не ойы, не білімі көлемді емес, мінезі де шатақ. Барлық мәселені В.И.Ленинмен шешіп алсақ, аржағы жеңіл болады», деп басу айтады. А.Бөкейхановтың көрегендігі әрі Ленинмен достығы арқасында барлық мәселе шешіледі. Шекараны бекітіп алуда Әлімхан Ермековтың еңбегі орасан зор. Ол математикалық есептеу арқылы сондай кәсіби шеберлікпен жаңадан құрылған мемлекеттік шекараға топографиялық карта жасатып, Атлас картасына өзгеріс енгізуге мұрындық болады. Төрт тілде еркін сөйлеп тұрған 28 жастағы жас жігітке Ленин назар аударып, керемет шеберлікпен сызылған шекараның картасын көріп, таңғалғаннан басын шайқаған екен. Әлімханның бойындағы дарынды байқаған Ленин оны оңаша 2 сағат қабылдап, шекараны бекітіп берген дейді. 1920 жылы 24 тамыз күні Қазақ Автономилық Республикасының ұлттық мемлекеттік территориясын бекіткен Кеңес Үкіметінің қаулысы шықты. Ал Қазақ Автономиялық Республикасы құрылғаны туралы Жарлық 1920 жылы қазан айында жарияланды. Сонымен үш арыстың арқасында қазақ халқы саяси, экономикалық дербестігін алмаса да алғашқы тәуелсіздігін алғаны анық. Қазақ Автономиялық Республикасы құрылған 20 тамыз бен ұлттық мемлекеттік шекараның шегелеп бекітілген 24 тамыз күні үлкен тарихи оқиға ретінде алтын әріппен жазылып, бұл күндер Тәуелсіздік күні деп тойланса, нұр үстінде нұр болар еді. Қазақта «Аруағын сыйлаған ел азбайды» деген. Астана қаласының кіреберісінде «Қазақ халқына тәуелсіздік алып берген Алаш қайраткерлері» деген билборд орнатып, сол тұсқа үш кемеңгердің ескерткіштерін орнатса, олардың да рухы шалқып, бүгінгі ұрпақ та ұлт қайраткерлерін ұмытпай, ұлықтап жүрер ме еді. Қабылан КӨРПЕБАЕВ, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар