Есірткіге еліткендер азаймай тұр
Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Тараз қаласындағы үйінің ауласында қарасора өсіріп, есірткі сақтаған 45 жастағы азаматты ұстады.
«Қарасора-2023» және «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шараларын өткізу барысында жедел ақпаратты іске асыру кезінде күдіктінің тұрғылықты жеріне тінту жүргізілді. Нәтижесінде үйдегі картон қораптан жалпы салмағы 36 грамм тартатын кептірілген марихуана, ал бақшадағы егілген жүгерінің арасынан жалпы салмағы 36 келі 100 грамм болатын 125 қарасора бұталары табылды.
Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев ұсталған азамат кінәсін мойындап, қазіргі уақытта осы дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталғанын хабарлады. Қылмыстық кодекстің 300-бабының 2-бөлігі (өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді егу немесе қарасора сортын, көкнәр немесе құрамында есірткі заттары бар басқа да өсімдіктердің сорттарын өсіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталыпты. Бұл бап үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Сонымен қатар 24-28 шілде аралығында облыс аумағында «Дәрмек» кең ауқымды жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде. Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 2 күн ішінде есірткі құқықбұзушылығының
4 фактісін анықтады. Атап айтқанда, аса ірі мөлшерде есірткіні заңсыз сақтау дерегі (ҚР Қылмыстық кодексінің 4-бабының 296-бабы), құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсірудің 2 фактісі (ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабының 2-бөлігі), есірткіні өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау фактісі (ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 3-бөлігі).
Полиция қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шара барысында 12 дәріхананы, 1 емдеу мекемесін тексерді.
– Рейдтік іс-шаралардың қорытындысы бойынша, 2 күн ішінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 426-бабының 1-бөлігіне сәйкес 12 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар және медициналық техника айналымы саласындағы фармацевтикалық қызмет қағидаларын бұзу бойынша. Заңсыз айналымнан 85 келіден астам каннабис және 138 грамм 500 миллиграмм кептірілген марихуана, 4 килограмм 465 грамм «күкірт қышқылы» прекурсоры, 0,70 грамм синтетикалық есірткі алынды, – деп хабарлады полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев.
Мұнымен қатар аталған алдын алу іс-шараларын өткізу барысында Тараз қаласының полиция басқармасы, 1, 2-полиция бөлімдері, прокуратура және Тараз қаласы әкімдігінің қызметкерлері, сондай-ақ еріктілер бірлесіп, акция аясында ойын-сауық орындарында рейдтік тексеру шараларын жүргізді. Іс-шара барысындаа 43 ойын-сауық мекемесінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 441-бабына сәйкес Қоғамдық орындарда темекі өнімдерін (кальян) тұтынуға тыйым салуды бұзу бойынша 38 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі анықталды. Бұл баптың санкциясы 15 айлық есептік көрсеткіш (51 750 теңге) мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жазаны көздейді.
Рейд барысында Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салу туралы ақпараты бар парақшалар таратылды. Сонымен бірге Тараз қаласындағы кафе-барлардың әкімшіліктеріне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 422-бабы (есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды өткізу және (немесе) медициналық емес тұтынудың жолын кесу шараларын қолданбау) бойынша әкімшілік жауапкершілік туралы ескертілді. Осы бап талаптарын бұзу шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 мың теңге, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 300 мың теңге мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1 бабы (есірткі құралдарын насихаттау және заңсыз жарнамалау) бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген, яғни үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Келесі мақала