Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БАЛАҢЫЗ МЕКТЕПКЕ БАРУҒА ДАЙЫН БА?

БАЛАҢЫЗ МЕКТЕПКЕ БАРУҒА ДАЙЫН БА?
ашық дереккөз
БАЛАҢЫЗ МЕКТЕПКЕ БАРУҒА ДАЙЫН БА?
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы апта ғана қалды. Тиісінше оқу жылы жақындаған сайын ата-аналардың да мазасы кетіп, уайымы күшейе бастайды. Себебі қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған қазіргідей қиын кезеңде балаларды оқу жылына дайындау оңай емес. Әсіресе үйелмелі-сүйелмелі көп баласы бар отбасыларға айтарлықтай салмақ түседі. Сондықтан біз бүгінгі мақаламызда ата-аналардың түн ұйқысын төртке бөлген мәселенің мәнісіне тереңірек үңіліп, бір баланы мектепке киіндіру мен қажетті құрал-жабдықтарын алу қанша тұратынын зерделеп көрген едік. Сонымен, Тараз қаласындағы «Ауыл береке» базарына ат басын бұрып, алдымен кеңсе тауарларының бағасына назар аудардық. «Омар ата» көтерме базарында дәптердің бағасы 26 теңгеден басталады. Ал «ABDI» кеңсе тауарлары дүкенінде 12 парақтық дәптердің құны – 30 теңге. Кітап пен дәптер қаптағыштың бағасы әртүрлі. Арзанын қаласаңыз 100 теңгеге, егер қалтаңыз көтерсе 800 теңгеге сатып ала аласыз. Базар сөрелерінде сөмкенің де неше түрі самсып тұр. Сөмкелердің бағасы 3 000 теңгеден басталып, 20 000 теңгеге жетіп жығылады. Арқаны қисайтпайтын, ортопедтік жастықшасы бар сөмкелер 19 мыңнан саудалануда. Сондай-ақ костюм-шалбардың бағасы 25 000-60 000 аралығында екен. Базарды аралап, сатушылармен тілдескенде ұққанымыз, бірінші сыныптың оқушысын киіндіруге шамамен 40 000 теңгедей кетеді. Бұдан кейін жоғары сыныптың оқушысына қанша шығын кететінін өзіңіз-ақ есептей беріңіз. Реті келгенде ата-аналарды сөзге тартып көргенімізде баға былтырғыға қарағанда өскенін айтады. – Бір балаға кем дегенде 50-60 мың теңге кетеді. Бірінші сыныпқа баратын кенже балама костюмді базардан 14 мың теңгеге сатып алдым. Сапасы орташа. Сондай-ақ туфлиді 5 000 теңгеге, 3 500 теңгеден 2 жейде алдым. Бірнеше ішкиім, шұлық, галстук, белдік секілді ұсақ-түйектеріне 5 000 теңгедей кетті. Одан бөлек мектептің ішінде киетін аяқкиімі тағы бар. Баланың аяғы терлемесін, ыңғайлы болсын деп сапалы аяқкиімді 8 000 теңгеге сатып алдым. Сапалы, тер мен кірді көтеретін спорттық костюмдердің ең арзаны базарда 10 000 теңге екен. Кроссовканың бағасы 5 000 теңгеден жоғары. Бір жылға шыдас беретін сөмкенің бағасы 6 000 теңгеден басталады, – дейді Самал Азаматова есімді ата-ана. Ал базарда 20 жылдан аса уақыт сатушы болып істейтін Ардақ Байсейітова тамыз айының ең берекелі, табысты ай екенін айтады. – Шыны керек, біз жаңа оқу жылы қарсаңында бір жылда жинай алмаған ақшаны бір айда табамыз. Тамыз айына арнайы дайындаламыз. Тауардың сан түрін, әртүрлі өлшеммен әкеліп қоямыз. Арзаны да, қымбаты да жеткілікті. Сатып алушы келгенде жағдайына қарай керегін алады, – дейді. Сондай-ақ тағы бір ата-ана Назерке Тұрсынбай арзан әрі сапалы тауар алудың жаңа әдісін тапқанын жеткізді. – Бес баланың анасымын. Үшеуі мектепке барады. Екеуі балабақшада. Атаулы әлеуметтік көмек алмаймын. Жұбайым екеуміз еңбекақымызға сеніп отырған жандармыз. Ертерек мектепке қам жасайық десек те, біз де тура тамызды күткендей мектепке бір ай қалғанда жанталасып жатырмыз. Бірақ өзіміз секілді ата-аналарға кеңес ретінде қытайлық «Пиндуодуо» сайтын пайдалануға кеңес берер едім. Аталған сайт арқылы сөмкеге, қаламсап, пеналдарға, туфли, ақ жейде, белдемше секілді ұл-қыздарымның керек-жарақтарына тапсырыс беріп қойдым. Тауар Таразға 14 күнде келеді екен, – дейді Н.Тұрсынбай. Байқағанымыздай, қазір ата-аналардың әмиянымен қатар, жүйкесі де жұқарып жүр. Жұқармай қайтсін, ары тартса да, бері тартса да жетпейді. Базардан кейін «Маrt» сауда орталығына да барып, ондағы ахуалды да өз көзімізбен көріп қайттық. «DeFacto», «Waikiki», «KOTON», «H&M», «Еbebek» және тағы басқа компаниялардың сапалы тауарлары көздің жауын алады. Бағасына тоқталсақ, пиджак 10 000-13 000, шалбар 5 000-7 000, жилет – 4 500-5 500 теңге, галстук 1000 теңгеден сатылуда. Ұлдарға арналған «Винни» мектеп формасы 18 500-22 000 теңге болса, пиджагын 12 000-14 000 теңгеге бөлек сатып алуға болады. Шалбар – 6 500-8 000 мың, жеңсіз жилет – 5 500-6 500 теңге. Қыздың көйлек-көншегіне бұдан әлдеқайда көп қаражат кетеді. Костюмі – 10 000-15 000 теңге, ақ көйлек 3 500-4 500 теңге. Белдемше мен шалбар 7 000, жилет – 5 000, ал жакет – 4 000 теңге. Сөмке 3 500-10 000 теңге, бантик жұбымен 700, галстук 550, туфли жеткіншекке 3000 теңге, жоғарғы сыныптағы қызға 5500 бен 10 мың теңгенің арасында тұрады. Сонымен қатар Тараз қаласындағы кейбір алдыңғы қатарлы білім ошақтарының жеке мектеп формасы бар. Яғни ата-аналар форманы мектеп басшылығы айтқан дүкеннен ғана алады. Өкінішке қарай, облыс орталығында орналасқан «Триумф» секілді дүкендерде мектеп формасының бағасы базармен салыстырғанда 2 есе қымбат. Мәселен, «Триумф» дүкенінде ақ жейденің бағасы 7 мыңнан басталады. Міне, біз бағамдаған бағалар осылай деп тұр. Қалай қарасаң да қымбатшылық қысып, баға шарықтап, алқымнан алып тұр. Көпбалалы жанұяның балалары былтырғы формасын қайта киіп амалдамаса, мына заманда 6-7 баланы мектепке дайындаудың өзі оңай болмай тұр. Өмірге әкелген соң бағып-қағу, киіндіру – әрбір ата-ананың міндеті. Базарда баласын ерткен ананың бар мақсаты – оны қатардан қалдырмау. Сол себепті несие алса да, қалтадағы соңғы ақшасын жұмсаса да балаларын мектепке дайындап жатыр.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар