ҰЛТТЫҚ ТАНЫМЫМЫЗДАҒЫ САНДАР СЫРЫ
Әр халықтың әдет-ғұрпы, салт-санасы әрі діни түсінігіне байланысты және басқа да өмір сүру қағидасына қатысты кие тұтатын заттары мен тарихи жәдігерлері кейде бір санға немесе бір затқа байланысып жатады.
Біздің де сана-сезімімізге ғасырлар бойы әсер етіп келген ұғымдардың бірі – сандар. Кешегі ата-бабаларымыз сандардың сиқырына сеніп, тілдік қолданыстарына да енгізген.
Жалпы сандарға байланысты қазақтың сан алуан сөзі бар. Мысалы, бір ғана 40 санын алатын болсақ, сол арқылы бейнелейтін, әрі кей дүниелерді сол санның маңайына топтастыратын жағдайлар аз емес. Біреудің парасаттылығын, ақылдылығын көрсету үшін де осы санды пайдаланған. Оған «ханда қырық кісінің ақылы бар» деген сөзді жатқызуға болады. Бір жағынан, бұл бір адамның бүкіл болмысын суреттеп тұрса, енді бір жағынан, хан маңайына топтасқан уәзірлер ақылдасқан сайын әртүрлі пікір білдіріп, ханға ақыл қосатынын айтса керек.
Осы хан мен уәзір дегеннен келіп шығады. Қазақта «қырық уәзір», «қырық қыз», «Қырымның қырық батыры», «Тазшаның қырық өтірігі», «бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс» деген сияқты сөз тіркестері көп. Бұдан біз 40 деген санның жай сан емес екендігін аңғарамыз. Қандай болған күнде де бұл сан лауазымды ортада көп айтылатын, өзінің сән-салтанаттық магиясы бар сөз деуге болады. Әсіресе топтық ортаға байланысты бұл сан жиі айтылатын сыңайлы. Өйткені «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деген сөзді алып қарасаңыз да 40 санының қандай ортада айтылатыны анықталып тұрғандай. Сондай-ақ әр сан өз орнына қарай қызметін атқарады. Оның сол өзі тұрған орынға беретін мағынасы болады. Мысалы, қырық санының тәрбиелік мәніне үңілсек, «Қызға қырық үйден тыйым» дейді. Бұл қыз баланың өскен ортасына қарай тәрбиеленетінін көрсетсе керек. Ал «қырық жас – қынапқа салған қылыш» деп айтуының да мәні, бұрынғыдай жастық қылма, жоқ нәрсеге мінез таныта берме деп ескертіп тұрғандай. Міне, сол сияқты бір істі аяғына шығара алмаған адамға «қырқына шыдап, қырық біріне шыдай алмайсың ба?» деген мағынадағы адамға жігер, шабыт беретін сөздің де түйіні осы қырық санына келіп тірелуі тегін емес.
Қазақ осы санды жақсы көргені соншалық, оны балаға да, байлыққа да қолданады. Тіпті өмірге келген баланы қырық күннен кейін қырық қадам жүргізіп, қырық қасық сумен шомылдырып, қырқынан шығарса, адам қайтыс болғанда да қырық күн өткізіп, қырқын беріп қоштасып жатады. Міне, мұның бәрі де қазақтың қырық санын киелі санайтынының белгісі деуге болады. Сондықтан да «Қырықтың бірі –
Қыдыр» деп қадірлейді.
Бұдан бөлек қазақтың тағы да бір қасиетті деп есептейтін саны жеті болса керек. Өйткені жетіге байланысты да «жеті ата», «жеті шелпек» деген сияқты сөз тіркестері бар жұрт ішінде.
Атақты Қобыланды батыр жырында жетіге байланысты:
Өзі қақтың жолында,
Он сегіз мың ғаламның,
Он бесі бар қасында,
Жеті Кәміл бабасы,
Келді жетіп қасына, – деп келтіреді.
Ал аңыз әңгімелерде де «жеті қат көк, жеті қат жер» деген тіркестің жүруі де біздің ұлттық танымымызды айқындап тұрғандай. Аспанға қарап «Жеті қарақшы» жұлдызын таныған біздің қазақ жеті санын қашанда жетістікке жетудің символы ретінде санағаны белгілі. Сондықтан да нағыз толысқан ер жігітті жеті қазынасының толық болуымен бағалаған. Ол жеті қазынаның ішіне ер жігіт, сұлу әйел, құмай тазы, берен мылтық, жүйрік ат, ақыл-білім, қыран бүркітті жатқызған. Ал «жұт жеті ағайынды» деп есептеген халқымыз оны құрғақшылық, жұт, өрт, оба, соғыс, топан су, зілзала деп бөліп, қасиетті сан арқылы олардың басын біріктіріп, қайғысын бейнелесе, наурыз көже жасағанда жеті дәмнің басын қосып қуанышын да жеткізе білген.
«Тыңдамаған сөз жетім.
Киюсіз тозған бөз жетім.
Иесіз қалған жер жетім.
Басшысы жоқ ел жетім.
Аққу-қазсыз көл жетім.
Жерінен айырылған ер жетім.
Замандасы қалмаса –
бәрінен де сол жетім», – деп мүсіркейтін де осы қазақ. Тіпті жоқтың өзін жетіге толтырған халқымыз жерде өлшеуіш жоқ, аспанда тіреуіш жоқ, таста тамыр жоқ, Аллада бауыр жоқ, тасбақада талақ жоқ, аққуда сүт жоқ, жылқыда өт жоқ, деп жеті жоқты тізіп шығуының да ар жағында философиялық ой жатқан жоқ па?!.
Жеті санын кие тұтып, оны әр бағытта қолданған ата-бабаларымыз мезгілдің ауысуына байланысты қолданылатын амалдарды да «жеті амал» деп атаған. Оған күннің тоқырауын, қарашаның қайтуын, үркердің батуы мен мұздың қатуын, киіктің матауын және қыс тоқсан мен ай тоғамын жатқызып есептеген. Сондай-ақ бір аптада жеті күн болады деп біз күнделікті өмірімізде қолданып жүрген апта атауларын ежелгі бабаларымыз бүгін, ертең, бүрсігүні, арғы күн, ауыр күн, соңғы күн, азына деп атаған. Міне, қарап тұрсақ, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде жеті санымен байланысатын атаулар мен ұғымдар көп. Бұл біздің ұлттық болмысымыздың қалыптасуында осы бір санның өз орны бар екенінен дерек берсе керек.
Бір нәрсені сан арқылы белгілеу немесе белгілі бір заңдылықтарды, сөздерді бір санның бойына тоғыстыру біздің ұлттық кодымызда сақталғандай. Сан арқылы сан түрлі нәрсені айту да бір өнер. Оған біздің ауыз әдебиетіміздегі тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін санамағымызды жатқызуға болады. Ондағы жырдың жүлгесі былай:
Бір дегенім – бесік,
Шықтық содан өсіп.
Екі деген – елім,
Далам, тауым, көгім.
Үш дегенім – үміт,
Үміт артар жігіт.
Төрт дегенім – төзім,
Төзе білем өзім.
Бес дегенім – бақыт,
Бағалайтын уақыт.
Алты деген – ақыл,
Тыңдағаның мақұл.
Жеті деген – жалау,
Жүректегі алау.
Сегіз деген – сөзің,
Серт беретін кезің.
Тоғыз деген – тоқтау,
Елдің жоғын жоқтау.
Он дегенім – Отан,
Қорға оны, ботам! – дейді. Бұл санамақтың бір түрі ғана. Оның да өз ыңғайына қарай айтылатын басқа да түрлері бар. Бірақ бәрінің бір ұқсастығы онға дейінгі сандармен байланысып жатады. Бұдан басқа да қазақта елдің дамуына байланысты «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан», болмаса өмір қағидаларына сәйкес «он үште отау иесі» деген сияқты санға байланысты сөздер көп. Ал мынау әлемді бірауыз сөзге сыйдырып, «он сегіз мың ғалам» деп атауының да ар жағында сандардың құпиясы жатқандай.
Қазақтың тағы бір жақсы көретін саны төрт болса керек. Өйткені «Төрт құбылаң тең болсын», «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деп жатады. Еңбектің қадірін білсін, еңбегі бар адам қайда жүрсе де аш қалмайды дегенді мәдениетті түрде «Қайда барсаң да қазанның құлағы төртеу» деген сияқты мәтелдермен келтіруінің өзі талай дүниенің жіп ұшын шығарып тұрғандай.
Дәл сол сияқты ата-бабаларымыз бес санына да аса құрметпен қараған. Өмірдің өзінің өткінші екенін біліп, «бес күн жалған» деп атаған. Сондай-ақ бес санына байланысты бес қару, бес парыз, бес намаз, бес борыш, бес қатер деген сияқты оны жік-жікке бөліп қарастырған. Атап айтар болсақ, ер қаруы бес қару деп біліп, оған айбалта, найза, қылыш, шоқпар, садақты жатқызған. Бұл бес қарусыз батырды толымды ер деп санамаған.
Жалпы мұсылман адамның бес парызы ретінде бір Алланы тануды, намаз оқуды, ораза тұтуды, зекет беруді, қажыға баруды қарастырған. Ал бес уақыт намаз деп таң намазы, бесін намаз, екінті намазы, ақшам намаз, құптан намазын атаса, бес қатердің ішіне от, су, жау, ауру, сөзді кіргізген. Мұның бәрі де адамның өмір сүру қағидаларының алғышартына айналып кетті десек, еш қателеспейміз. Міне, сол бес санына байланысты Абай атамыздың да бір толғанғаны бар.
«Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз...
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз, – дейді. Бұл қазіргі әрбір қазақтың ойына сақтайтын сөзі, бойына жинайтын әдетіне айналуы тиіс. Бес санының қасиеті туралы және бес санына байланысты айтылған сөздердің ішінде бұдан артығы жоқ болса керек.
Қазақтың ғасырлар бойы қасиетті сан деп келе жатқан тағы бір саны – тоғыз. Бұл санға байланысты сөз тіркестеріміз де өте көп. Тіпті бұл сан арқылы адамның өмірге келуін бейнелеген. «Бала ананың құрсағында тоғыз ай тоғыз күн» жатады деген ұғым қалыптасқан.
Сонымен қатар түрлі даушарларда төлейтін айыпқа, беретін сыйға байланысты да қалыптасқан «бір тоғыз», «үш тоғыз», «тоғыз тоғыз» деген сияқты да кесімдер бар ел арасында. «Тоғыз жолдың торабы түйіскен жер» деп атаудың ар жағында елмен елдің байланысын айтса керек.
Келесі мақала