Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

КИНОЛОГТАР СЫНҒА ТҮСУДЕ

КИНОЛОГТАР СЫНҒА ТҮСУДЕ
ашық дереккөз
КИНОЛОГТАР СЫНҒА ТҮСУДЕ
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы №5513 әскери бөлімінің атқыштар батальоны базасында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының біріншілігіне орай кинологтар арасында қызметтік иттермен көпсайыс өтуде. Өңірлік іріктеу сынында Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан келген барлығы 23 кинолог маман шын мықтыны анықтамақ. 5 күнге созылатын сайыс барысында қызметтік иттер негізінен есірткі іздеу, жарылғыш заттарды анықтау, із кесу және одорология сынды 4 сынақтан өтеді. Жарысқа қатысушылардың арасынан иіс сезу қабілеті жоғары бельгиялық және неміс овчаркалары, лабрадор-ретривер, спаниель тұқымдас иттердің түр-түрін кезіктіруге болады. – Ит – қызметтегі ең сенімді серігің. Бірге жұмыс істеу үшін тіл табыса білуің керек. Өйткені жан-жақты дайындықтан өткен кинолог мамандар ғана қылмыстың ашылуына септігін тигізеді. Ит иіс сезу арқылы бізге қару-жарақты, жарылғыш заттарды және есірткі құралдарын анықтау мен іздестіру кезінде көмектеседі. Итті баптау мен үйретуге үлкен күш жұмсалады, – дейді №5513 әскери бөлімінің кинология қызметінің бастығы Жантөре Меңдіоразов. Жарысқа қатысушылардың арасында қызметтік иттерімен бірге танымал болған кинолог мамандар жеткілікті. Атап айтсақ, Әлімхан Жанпейісов сайысқа жыл сайын қатысады. Үнемі тек бірінші орыннан көрініп жүр екен. Биыл Ә.Жанпейісов сенімді серігі, лақап аты «Аргон» атты итімен бірге №5513 әскери бөлімінің намысын қорғап жүр. Қалған қатысушылар да осал емес. «Пан» атты итімен бірге Камран Фазайров, «Махно» атты итімен Абылай Адасханов та бас жүлдеден үміткерлердің қатарында. Кинология саласын жетік меңгерген тәжірибелі мамандар биыл да үздіктер қатарынан көрінеріне сенімді. Алғашқы кезеңде иісшіл иттер түрлі қораптардың ішіне жасырынған есірткі затын іздеді. Қаз-қатар қойылған жәшіктердің арасынан есірткіге ұқсас затты жаңылмай табу, әрине, оңай тапсырма емес. – Жәшіктерде жасырынған зат – есірткі емес. Онда тек марихуана тектес есірткінің мыңнан бір бөлігіне татитын иіс қана бар. Осындай кішігірім үлесін тауып үйренген иісшіл иттер күні ертең түрлі есірткі заттарын қиналмай табатын болады, – дейді мамандар. Сонымен, иттер өзге қораптардың қасынан жай ғана иіскеп өтіп кеткенімен жасырынған заты бар қорапқа жеткен кезде иесіне белгі бере бастады. – Жарыстың көздеген мақсаты – қиын әрі жауапты жедел-іздестіру іс-шараларына қатысушы үздік кинологтар мен иттер резервін қалыптастыру. Жарыс барысында кинологтардың кәсіби деңгейі және есірткіні іздеуге бейімделген қызметтік-іздестіру иттерінің дайындығы бағаланады. Сондай-ақ автокөлікте, ғимаратта, жүкте, өзге де орындарда есірткі құралдарын іздеу және анықтау бойынша дағдылар сарапқа салынады, – дейді жарыстың бас төрешісі, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік қызмет басқармасы кинология қызметі бөлімінің бастығы, подполковник Эрик Рахимов. 24 шілде күні басталған кинологтар сайысы алдағы сенбі, яғни 29 шілде күні мәресіне жетеді. Мамандардың айтуынша, бүгінде республиканың әр облысында кинологиялық қызмет орталықтары құрылған. Тіпті арнайы кинология қалашықтары дайындалған. «Онда дайындалатын иттердің иісшілдігі ерекше дамыған және жаттықтыруға тез бейім» дейді кинологтар. Бір ғажабы, иттер қажет иісті 5 жыл көлемінде ұмытпайтын көрінеді. Кинолог маман болу үшін итті жақсы көру ғана жеткіліксіз. – Кинология – қызықты әрі жауапкершілікті қажет ететін мамандық. Итпен байланыс орната білу аса маңызды. Бұл іске көбіне мінезі сабырлы иттер таңдалып алынады. Қызметтік иттер күшік кезінде әкелінеді. Оқу-жаттығу жұмыстары кезінде күшіктің жүріс-тұрысы, мінез-құлқы бірден назарға алынады. Дайындық жұмыстары серуендеу кезінде де жалғасады. Жаттығу жұмыстары алғашқы кезде жарты сағаттан бір жарым сағатқа дейін ұласады. Күшік берілген тапсырмаларды орындап, алғырлығын танытса, басқа топтағы иттермен бірге келесі жаттығу түрлеріне жіберіледі. Дәл осы кезеңде алаңдатарлық жағдайлар көп болса да иттер тек иесін тыңдауда табандылық танытады. Тапсырмаларды бұлжытпай орындаған иттердің қызметі ескеріліп тәтті беріледі, қала берді олардың ойын ойнауға сүйікті ойыншықтары да ұсынылады. Бір кинологқа бір иттен беріледі, – дейді кинолог Жантөре Меңдіоразов. №5513 әскери бөліміндегі үздік иттің бірі – «Зара». Жарылғыш заттарды іздестіретін «Зараның» нұсқаушысы – сержант Досан Аймаханов. «Зара» 2022 жылдың 20 қаңтарында №6506 әскери бөлімінің «Б» тобымен бірге Жалпақтөбе ауылында қырағылық танытады. Құрылысы аяқталмаған бір қабатты ғимаратты тінту кезінде «Зара» кресло маңына келіп дыбыс шығара бастаған. Сол жерден төрт граната табылады. Екі күннен кейін полиция қызметкерлерімен бірге «Зара» «Құмшағал» тұрғын алқабында қызмет атқару барысында канал жағасындағы топырағы бетіне шығып жатқан жерге келіп, үре бастайды. Әскери қызметшілер жерді қазады. Нәтижесінде қолмен басқарылатын 6 оқтаулы «РГ-6» үлгісіндегі гранатомет анықталады. Әскери бөлімдегі үздік иттердің тағы бірі – «Немо». «Немо» қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемесін күзетеді. «Немоның» қызмет жолына келсек, Айша бибі елді мекенінде қызмет атқару барысында кинолог ефрейтор Н.Ахметов қызметтік итті қолданып, ғимараттың ішін тексереді. Үйдің барлық бөлмесін тексеру барысында «Немо» бір бұрышты қазып, белгі береді. Ол бұрышта қара пакет жасырынғаны анықталды. Ішінен төрт 5,45 миллиметр калибрлі және үш 9 миллиметр калибрлі патрон табылған. Жалпы ширек ғасырдан астам уақыттан бері ұландықтар аянбастан ұлтты ортақ игілікке ұйыту, ел бірлігі мен тыныштығын сақтау жолында барынша күш-жігерлерін жұмсап келеді. Тек 2022 жылдың өзінде көшеде болған 1000-нан аса ұрлық-қарлықтың жолын кесіп, қылмыскерлерді құрықтаған. Кинология қызметі толайым табыстарға қол жеткізіп, мұнда тәрбиеленген «Аргон» қызметтік иті Ұлттық ұланның екі дүркін чемпионы да атанған. Қорыта айтсақ, «Ұланы бар елдің ұраны бар» демекші, олар аса қырағылықпен елімізді күзетіп келеді. Э.Тілеубердіқызы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар