Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ВОЛЕЙБОЛШЫ ҰСТАЗ

ВОЛЕЙБОЛШЫ ҰСТАЗ
ашық дереккөз
ВОЛЕЙБОЛШЫ ҰСТАЗ
«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 10 жыл» мерекелік медалінің, ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасының иегері, волейболдан Меркі ауданы құрама командасының капитаны, аудан, облыс чемпионы, ардагер спортшы Ерсайын Срайылұлы Ақылбаев – бүгінде аудан мақтанышы. Ерсайын он екі баланың ішінде өсті. Өзі де еңгезердей, екі иығына екі кісі мінгендей азамат болды. Оның үстіне жастайынан спортпен шұғылданып, қатарларынан оқ бойы озық жүрді. Әкесі Срайыл партия-кеңес қызметкері болатын. Ол кісі Асанбай Асқаров, Сейітжапар Төлендиев, Оспан Үмбетов, Торғаев сынды белгілі адамдармен үзеңгілес бола жүріп, Жамбыл атындағы колхозда агроном, Сұратта парторг, Тәттіде ауылдық кеңестің төрағасы сияқты жауапты қызметтерді атқарды. Анасы Мәриякүл – «Батыр ана». Үй шаруасында жүріп Бақыткүл, Әшіркүл, Фатима, Алтын, Ерсайын, Қалима, Ерғали, Сәлима, Самат, Салтанатты тәрбиеледі. Осы балаларының төртеуі педагог. Ерсайын Тұрлыбай батыр (бұрынғы Красная Заря) ауылында Мәрия әпкейінен сауат ашып, кейін аудан орталығына барып, Қарабайдың мектеп-интернатында жатып оқыды. Осы жерде ол Күнту Керімбаев ағайының баскетбол командасына жазылып, спортпен айналыса бастады. Мектепте жүріп-ақ облыс чемпионы атанды. Қарағандыда өткен мектеп оқушыларының республикалық Спартакиадасына қатысты. Сөйтіп, Ерсайын баскетбол мен волейбол бойынша ауданның құрама командасының белді мүшесі болып алды. Ерсайын сол бір кездерді еске алып: «Сол кезде біздің волейболшылар командасына Құдайберген Жантаев ағай бойы сырықтай қара жігітті әкеліп қатарымызға қосты. Ол өзі қант зауытында жұмыс істейді екен. Зауытқа Кубадан қант құрағын әкелетін әлгі жігітті біздің командаластар «Куба» деп атап кетті. Оның атын шығарған қант құрағы емес, оның өзі болатын. Ол алаңға шықса болды, жұрт оны қолпаштай жөнелетін, өйткені оның соққысын ешкім қайтара алмайтын. Туш ұрғанда бірінші «центрге» түсіретін. Біздің командада сол кезде Сержан Смайылов, Қайрат Рысбаев, Сәкен Шүкіров, Қайрат Шөкеев, Көлбай Урбишев, Юнус Халапов деген мықты ойыншылар болды. Біздің құраманы бұл төңіректе ешкім жеңе алмаушы еді, дейді. Ерсайынды 1980 жылы әскерге шақырды. Ол үш жыл қатарынан Балтық және Тынық мұхитында әскери теңізші, бірінші дәрежелі старшина шенін алып, Ленинград, Владивосток пен Находкада әскери борышын өтеді. Иығында пагоны жүріп те ол ол матростар мен маряктардың сүйікті спортшысына айналды. Сергей, Володя, Сырым сынды достар тапты. Үш жыл мұхитта, теңізде жүріп, Ерсайын әбден шыңдалды. Ол әскерден елге оралысымен Шымкенттегі (физкультурный) дене тәрбиесі техникумына оқуға түсіп, 1986 жылы №17 СПТУ-ға денешынықтыру пәнінің оқытушысы болып жұмысқа тұрды. Тұрсыналы Олжабаев осы оқу орнының директоры еді. Ол кісі Ерсайынды бала кезінен білетін. Өзі де спортқұмар жан болатын. Ерсайын осы жерде (кейін №9 колледж болып аталды) 35 жылдан бері шәкірттерге дене тәрбиесі пәнінен дәріс беріп келеді. Ол бір мезгілде колледжде, Екпіндідегі мектепте де жұмыс істей жүріп зейнетке шықты. Күні бүгінге дейін ауданның құрама командасының белді мүшесі әрі капитаны болып келді. Ол бүгінде ардагерлер командасының капитаны. Е.Ақылбаев 1985 жылы отау құрды. Зайыбы Бағила екеуінің үш ұлы, жеті немересі бар. Үлкен ұлы Еркін әкесінің жолын қуып, дене тәрбиесі институтын бітірді. Екінші ұлы Ернұр Қызылордадағы «Сырдария» мұнай компаниясында істеген, қазір кәсіпкер. Кенжесі Сырым волейболдан облыс чемпионы, жастар құрама командасының мүшесі. Келіні Нұрзада мұғалім. Ерекеңнің осы жылдар ішінде қол жеткізген жетістіктеріне көз жүгіртіп көрсек, ауыз толтырып айтарлықтай марапаттары бар екен. Оның омырауында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 10 жыл» мерекелік медалі, облыстық спорт комитеті берген төсбелгісі жарқырайды. Сонымен қатар ҚР Білім және ғылым министрі Аймағамбетовтің берген Құрмет грамотасы, 2017 жылғы республикалық «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарында алған команда кубогы, Меркі ауданының 90 жылдығы мен Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған ардагерлар арасындағы халықаралық турнир мен Қазақстан Президенті күніне орай өткізілген Спартакиадада жеңімпаз атанғанын дәлелдейтін дипломдар мен грамоталар ардагер спортшының майталман еңбегін паш етсе керек. Кейінгі кезде Ерекеңнің омырауын білім беру саласындағы айрықша еңбегі үшін берілген «Ұлағатты ұстаз» және «Қазақстан Республикасының ардагер волейболшысы» төсбелгілері толықтырды. Ардагерге ең ыстық көрінетіні – «Үздік денешынықтыру пәнінің мұғалімі» медалі. Өйткені омыртқасы бүтін 35 жыл оның жас ұрпаққа берген тәрбиесімен өлшенеді. Ұстаз бала тәрбиесін бәрінен де биік қояды. Иә, спортта Ерекең көп шәкірт тәрбиеледі. «Шынықсаң – шымыр боласың» деп жүріп отыз бес жылдың қалай өткенін өзі де білмей қалыпты. Ол спортзалға келсе, жұрттың бәрі оны қолпаштап, құрмет көрсетеді. Ал ойын алаңына шыққанда жамырай шапалақ ұрған жанкүйерлердің қолпашына көміліп қалады. Осының өзі спорт ардагерінің көңілін көтеріп, қанат бітіреді. Оны шәкірттері ұстаз деп, ал жанкүйерлері нағыз спортшы деп таниды. Ол сонымен қатар ауданның рухани өміріне де белсене араласады. Жақында Ерсайын Срайылұлы қажылыққа барып келді. Оны бүгінде ауылдастары ғана емес, аудан жұртшылығы құрмет тұтып, сыйлайды. Сейсен ҚОЖЕКЕ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, Меркі ауданы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар