Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

КӨЗДІҢ ЖАУЫН АЛған кимешектер

КӨЗДІҢ ЖАУЫН АЛған кимешектер
ашық дереккөз
КӨЗДІҢ ЖАУЫН АЛған кимешектер
Кимешек – аналарымыздың басына таққан алтын тәжі. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда кимешек қолданыстан шығып бара жатыр десек те артық айтқанымыз емес. Дегенмен ұлттық киімдеріміз ұмыт болмасын деген ниетте кәсіп ашып, барынша насихаттап жүрген жандар да жоқ емес. Мәселен, біздің бүгінгі кейіпкеріміз, көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері, Байзақ ауданындағы Қостөбе ауылының тұрғыны Бибігүл Шуақбай тігіншілікті жастайынан жанына серік етіпті. Арғы әжесі де, өз апасы да кимешек киген екен. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, бүгінде Бибігүл тапсырыспен кимешек тігіп табыс тауып отыр. – Кимешектің мән-мазмұны тереңде жатыр. Кимешек туралы тарихи деректер де көп. Ертеде екі тайпа ел жауласып, өзара бітімге келе алмағанда ақ жаулықты аналарымыз араша түсіп, кимешектің үстіндегі жаулығын ортаға тастайтын болған. Киелі баскиімнен ешкім аттап өте алмаған. Бұл – кимешектің саяси әрі тарихи мәнін айшықтап тұр, – дейді Б.Шуақбай. Негізі жаңадан босаға аттаған жас келінге кимешек кигізбейді. Құрсақ көтеріп, бөбегін аман-есен бауырына басқан соң, кей аймақтарда қырқынан шыққан кезде ауыл әжелері, абысындары жиналып, кішігірім той жасайды. Тойда жас анаға кестелеп тігілген кимешек кигізеді. Жас келiншектер көркемделген кимешек кисе, егде әйелдердің кимешектері ою-кестесі жеңіл, сары, ақ жіппен сырылады. Жасы ұлғайған әйелдер жасыл, қоңыр жiптермен иір кестелер тiгiлген кимешек киеді. Бибігүлдің ұл-қыздарының бәрі шетелде білім алып, бүгінде еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүр. Үлкен қызы бірнеше тілді жетік меңгерген. Кореяда білім алып, қазіргі таңда аталған мемлекетте отбасымен бірге тұрып жатыр. Ал екінші қызы Ләззат Мырзаш танымал психолог. Ол озық дәстүрлеріміз бен мұраларымызды жаңғырту жолында аянбай тер төгіп жүр. Ләззат анасы тігіп берген «Томирис», «Гүлшуақ», «Айша», «Нұрила», «Ділдә» сынды тарихта ізі қалған аналарымыздың есімімен аталатын жиырмаға жуық көздің жауын алатын кимешекті халық арасында насихаттап келеді. Бибігүл Шуақбайдың айтуынша, кимешек келіншектердің, аналардың жасына қарай көркемделетінін және әртүрлі үлгіде болатынын айтады. – Кимешек ақ матадан тігіліп, жиегі астарланады. Кимешектің иекті айнала, маңдайды жауып тұратын екі жағын шықшыт дейді. Кимешек жас ерекшелігіне қарай көркемделеді. Жасы егде әйелдердің кимешегінің ою-кестесі жеңіл, сары, ақ жіппен сырылады. Ал жас әйелдердің кимешегі қызыл, жасылмен әшекейленеді. Кимешектің алдын жақ деп атайды. Оны қол кестесімен кестелейді. Кимешектің шылауыш деп аталатын түрін жас келіншектер, орта жастағы әйелдер, әжелер де киеді. Кимешекті басқа сәйкестендіре пішіп, тігеді. Кимешектің белден төмен түсіп, шашты жауып тұратын ұзын ұшы құйрықша деп аталады. Жалпы кимешек кеуде, иық, жонды жабатындай тұйық етіп жасалады. Тек адамның бет-әлпеті ашық тұратын жері ойық болады. Ойықтың екі жағы, кеудеге келер тұсы кестеленіп, әшекейленеді. Жылтыр жіптермен бастырылып, сырыла тігіледі. Ал ойықтың жиегін өңді жіппен шалып тігеді. Мұны алқым шалу деп айтады, – дейді Б.Шуақбай. Қазақ дәстүрінде кимешектің кеудедегі бөлігінің ұшына күміс теңгелер тағылады. Бұл баскиімге сән береді, әрі төмен қарай басып, жазылып тұруға әсер етеді. Кимешек әйелдердің шашын шаң-тозаңнан қорғап, қобырап тұрмауына септігін тигізеді. Кимешектің Қазақстанда бұрама жаулық, иекше атаулары да кездеседі. Кестесіне қарай қызыл жақты, сары жақты, ақ жақты болып бөлінеді екен. Ісмерді Ақтау, Атыраудан да адамдар іздеп келіп, жөн-жобасына сай кимешек тіктіреді екен. Ауылдың жасы да, кәрісі де қолының ебі бар тігінші әйелді жақсы көреді. Қажетін тіктіріп, тапсырыс беріп жүреді. Алақандай ауылдағы тігінші Бибігүл анамыздың жұмысына сәттілік тіледік. Эльмира БАЙНАЗАРОВА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар