Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ИНТЕРНЕТ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ – КҮН ТӘРТІБІНДЕ

ИНТЕРНЕТ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ –  КҮН ТӘРТІБІНДЕ
ашық дереккөз
ИНТЕРНЕТ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ – КҮН ТӘРТІБІНДЕ
7 тамыз күні Астана қаласында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Интернет сапасы мен елді мекендерді сапалы байланыспен қамтамасыз ету мәселесі талқыланған отырысқа қоғамдық кеңес төрағасы Андрей Беклемишев бастаған ұйым мүшелері, ҚР ЦДИАӨМ және байланыс операторларының өкілдері қатысты. Кеңес барысында байланыс операторлары желілерді сапа жағынан да, географиялық жағынан да дамыту бағытында атқарылған жұмыстары туралы баяндады. Ұялы байланыстың бесінші буынын (5G) өрістету бағытындағы деректер ұсынылды. Сонымен қатар операторлар байланыстың қолжетімділігі мен желілердің ақауларын жою жөніндегі жоспарлары туралы сұрақтарға толыққанды жауап берді. Қоғамдық кеңес мүшелері еліміздің жекелеген шалғай өңірлеріндегі байланыс сапасына алаңдаушылық білдіріп, бұл өз кезегінде цифрлық инфрақұрылымның, экономиканың және қазақстандықтардың күнделікті өмірінің дамуына теріс әсер ететінін алға тартты. Бұл ретте операторлар «250+» бағдарламасының жетістіктері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Яғни осы жоба аясында тұрғын саны 250 адамнан асатын шағын шалғай ауылдардың тұрғындары мобильді байланыс және интернетпен қамтамасыз етілген. Байланыс операторларының өкілдері өз кезегінде желілерді жақсарту және қамтуды кеңейту бойынша белсенді жұмыс істеп жатқандарын атап өтті. Мұнан бөлек байланыс пен телекоммуникациялық технологияларды дамытуға инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасаудағы оң үрдістерді мәлімдеді. Осындай мүмкіндіктердің бірі – базалық стансаларды салу ережелерін жеңілдету. Себебі бұл процесс аса күрделі әрі көп уақытты талап етеді. Яғни ұялы байланыс желілерін орнату үшін оны жоспарлау, антенна-діңгек құрылыстарын салу, жабдықты сатып алу және орнатудан бөлек, оны жүзеге асыратын рұқсат беру құжаттары мен түрлі сараптамалар жинақтауды талап етеді. Ал бұл операторлардың айтарлықтай уақытын алып, қаржылық шығындарға әкеліп соқтырады. Операторлардың айтуынша, бұл процесс 12 айға дейін созылады. Сарапшылар бұл ретте әсіресе пәтерлер мен үй-жай иелерінің хаттамалық шешімін алудың қиындығын ерекше атап өтеді. Олардың пікірінше, мұндай хаттаманың қажеттілігі төмен. Себебі операторлар электромагниттік сәулеленуге арналған стандарттарды орындап отыр және радиофобияның әсерінен бұл жағдай көбінесе базалық стансаларды демонтаждауға әкеп соқтырады. Айта кету керек, 2027 жылға қарай операторлар республикалық маңызы бар қалаларда, облыс орталықтарында бірнеше мың базалық станса орнатуды жоспарлап отыр. Осы кезеңде 5G желілерін белсенді орналастыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде жаңа технологияны еліміздің бірнеше жүз мың тұрғыны пайдалануда. Күн сайын 5G желісі жұмыс істейтін жаңа орындар пайда болуда. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері баға саясаты мен байланыс сапасы операторлардың жауапкершілігінде екенін, өз кезегінде министрлік мемлекеттік реттеуші ретінде бұл бағыттағы жағдайды жақсартуға жағдай жасайтынын мәлімдеді. Жалпы мұндай қоғамдық кеңес отырыстары интернет сапасын жақсарту, сондай-ақ цифрландыруды ынталандыру және барлық тұрғындар үшін байланыстың қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам болып табылады. Ортақ күш-жігерді біріктіру арқылы байланыс және интернет-провайдинг саласындағы жағдайды жақсарту үшін нақты шаралар қабылдауға мүмкіндік туады.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар