Жаңалықтар
«Айда айтыс өткізсек артық емес, Аспан түстес көк тудың авторына...»
- author AR-AY
- 11 тамыз, 2023
- 275
«Айда айтыс өткізсек артық емес, Аспан түстес көк тудың авторына...»
Айтыс – атамұра арда өнер. Оны заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Айтыс – сөз барымтасы, қайта айтпаса қайтпайды қарымтасы» деп бекер жырламаса керек. Біздің өңірде де атамұра өнерге деген құрмет жоғары. Біз оны Жамбыл ауданының 95 жылдығына және Шәкен Ниязбековтың 85 жылдығына арналып, облыс әкімдігі жастар мәселелері басқармасының қолдауымен, Жамбыл ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен аталған ауданның Шәкен Ниязбеков ауылында «Ақындар адалдықты жырлайды» атпен өткен облыстық жастар айтысында тағы аңғардық.
Іс-шараның ашылуында Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлының құттықтауын аудан әкімінің орынбасары Мақпал Досымбекова жеткізіп, айтыскерлерге сәт-сапар тіледі. Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі облыс бойынша департаментінің өкілі Ербол Бақтықожаев жас ақындардың қадамына құтты болсын айтты.
Бұл жыр додасына Мәдениет саласының үздігі Айтмұханбет Исақов, айтыстың ардагері, Қаратаудың қаранары Ербол Қамбатыр, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Есет Досалы, республикалық ақындар айтысының жүлдегері Нұрлыбек Құрманов әділ төрелік жасады.
Айтыс шымылдығы жуалылық Дидар Апбасов пен тараздық Медеу Мырзатай арасындағы айтыспен түрілді.
Дидар:
«Арындап сөз толғауым жолға сыймай,
Көңілімде толғаныс зор басылмай.
Атамның батасымен зуылдайын,
Шәкеннің құрастырған «Волгасындай» дей келе:
«Көрерменге айналдым тұнық тұрған,
Жыласам жылап, күлсем күліп тұрған», –
деп сөз бастады.
Медеу Мырзатай болса:
«Шәкен ауыл суың қандай шекер еді,
Әуелден қасиетті мекен еді.
Жасаған пультін жапон ұрламаса,
Аты-жөні жайылып кетер еді.
Көк байрақты көтеріп жүрген ұлдар ,
Көк байрақты әлі де көтереді», – деді.
Келесі кезекте Жамбыл ауданынан Елібек Нұрмаханбет пен Шу ауданының үкілі үміті Айым Көшербай сөз сайысына түсті.
Елібектің:
«Ту тіккен жасыл құмның бауырына,
Сәлем бердім жақсылар қауымына.
Қобыланды тұяғының ізі қалған,
Тағылым тұнып тұрған тамырында», – деп амандаса келе, қарсыласы Айымға:
«Екеумізді жұп қылып іріктеген,
Ағалардың талғамы биік дер ем.
Айымжан, Айым да сен, күнім де сен,
Мен саған жүрегімді жұлып берем.
Қысқасы, жүріп-тұрар келін керек,
Шәкен жасап шығарған пультпенен», – деген шумағымен әзілге ерік берді. Сонда Айым Көшербай:
«Менен сырың жоқ па екен жасыратын,
Жырың бар ма шашудай шашылатын.
Жігітсің-ау сезіммен босқа ойнап,
Көрінген қыздың басын қатыратын.
«Қытайский» махаббатың керек емес,
Сахнаға келгенде ашылатын», – деп тойтарып тастады.
Елібек:
«Айым қыз жөн білетін жас болсаңшы,
Өзгеден озып тұрған көш болсаңшы.
Шуда балабақшада істеп жүрсің,
Ұлағатты еңбекпен дос болсаңшы.
Менің балаларыма ана болып,
Жеке балабақшаны басқарсаңшы», – деп әзілдеді.
Ол әзілге Айым:
«Ақтарып ой айтпадың асқаралы,
Тағы бір бастадың ба бастаманы.
Біз үшін ұлтқа қызмет ету деген,
Ұрпақты тәрбиелеуден басталады», – деп жауап ұтымды қатты.
Мұнан соң шыққан жуалылық Санжар Даярбек пен таластық Айсұлу Жүнісбек сахнаға сән берді.
Санжардың:
«Тек көзбен көру керек бұл даланы,
Көрген сайын көңілің нұрланады.
Осы табиғатыңды көрген Шәкен,
Суретші болмағанда кім болады?
Айсұлу – тақырыбы шығарманың,
Көркемдігін көрместен тұра алмадым.
Суреттеп суретшінің ауылында,
Өзіңе құрметпенен жыр арнадым.
Оймақ ауыз, күлім көз, ай қабақты,
Ең көркем суретісің бір Алланың.
Сені көрсем қалайша шаттанбаймын,
Өзіңмен қалай бүгін мақтанбаймын.
Анам «Өзіме ұқсайтын қыз ал» деген,
Анама қалай қызмет атқармаймын.
Әкемнің әйеліне ұқсас қызды,
Шәкеннің ауылынан тапқандаймын», – деп шабыттана жырлады.
Айсұлу ақын:
«Санжар, шын ризамын құрметіңе,
Жететін мақтау айттың бір жетіге.
Айсұлуды әспеттеп жырға қосу,
Жазылған ба дәл сенің міндетіңе?
Тамсанып бір қарасаң жетпейді ме,
Алланың мендей сұлу суретіне.
Өзіңе жауап беріп жыр арнаймын,
Санжармен әзілдеспей тұра алмаймын.
Анамнан аумай қалған ару дейсің,
Келін болып шымылдыққа кіре алмаймын.
Астанада оқимын төрт жыл бойы,
Білім алмай, дамымай жүре алмаймын.
Мені сонша жақсы көрген анаңызды,
Төрт жыл бойы күттіріп жүре алмаймын», –
деген шумақтарымен көпшіліктің құрмет-қошеметіне бөленді.
Мұнан соң меркілік Мұқағали Балтабай мен байзақтық Нұртай Әліпбай айтысы көпшілікті жалықтыра қойған жоқ. Мұқағалидың:
«Бесжылдық тек ауылдың аты болса,
Мыңжылдықтан асып кетсін даңқтарың.
Арыны жоқ ақыннан сөз қалмайды,
Балығы жоқ теңіз де тамшы болар», – деп жақсы ойларды айта білгенімен, бұл жолы жарқырап көріне алмады. Мүмкін бұл қарсыласының ілесіп шабуда сәл сылбырлық танытуынан болар. Дегенмен жас ақын Нұртайдың да ертеңінен үміт күтеміз.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Аят Бәтей мен тараздық мектеп оқушысы Інжу Жаңабайдың айтысы да жақсы сөз сайысы болды.
Аяттың:
«Болады Шәкен атамен мақтануға,
Ізгі ісін айтамыз топ қауымға.
Қазақтың көк байрағын бар әлемнің,
Желбіретіп қойды ғой аспанында», – деді.
Ал Інжу:
«Кейінгіге салдырған нақты мұра,
Әр еңбегін теңеймін ат құнына.
Айда айтыс өткізсек артық емес,
Аспан түстес көк тудың авторына», – деп тақырыпты қозғай білді.
Байзақтық Ернар Бейсенов пен шулық Әділет Медетқұл да жарасымды айтыс жасады.
Шешуші кезеңде Дидар мен Айым, Айсұлу мен Елібек, Ернар мен Медеу айтысып, әдемі сөз саптады.
Қазылар алқасының шешімімен шулық Айым Көшербай айтыс жеңімпазы атанды. Жеңімпаздың жүлдесін облыс әкімдігі жастар мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар тапсырды. Жүлделі II орын жуалылық Дидар Апбасовқа берілді. Таластық Айсұлу Жүнісбек, тараздық Медеу Мырзатай, Жамбыл ауданынан Елібек Нұрмаханбет, байзақтық Ернұр Бейсен III орыннан көрінді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ,
Жамбыл ауданы
Келесі мақала