Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АҚТОҒАЙ МЕКТЕБІНІҢ түлектері 100 ПАЙЫЗ ГРАНТ ИЕГЕРІ АТАНДЫ

АҚТОҒАЙ МЕКТЕБІНІҢ түлектері  100 ПАЙЫЗ ГРАНТ ИЕГЕРІ АТАНДЫ
ашық дереккөз
АҚТОҒАЙ МЕКТЕБІНІҢ түлектері 100 ПАЙЫЗ ГРАНТ ИЕГЕРІ АТАНДЫ
5 тамыз күні ата-аналар мен мектеп түлектерінің сабырын сарқып, төзім-тағатын тауысқан мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды. Түлектердің бір тобы грантқа ие болып, төбесі көкке жетіп қуанып жатса, сол секілді грант иегері атанғандардың қатарынан көріне алмағанына қапа болып жүрген түлектер де аз емес. Білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланып, әлеуметтік желіде жұртшылық бір-бірінен сүйінші сұрасып жатқанда Сарысу жақтан ақжолтай хабар жетті. Естуімізше, Сарысу ауданының Ақтоғай ауылындағы Ақтоғай орта мектебінің түлектері 100 пайыз грант иегері атанып, жоғары нәтижеге қол жеткізген. Ақтоғай орта мектебінің директоры Әмина Шегірдің айтуынша, өткен оқу жылында 8 оқушы алтын ұя мектептерімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқан. 3 оқушы – Алмас Тоқтасын, Жаңабек Нұрдәулет, Махаббат Мадияр «Алтын белгі» иегері атанған. Орта мектеп директоры жыл сайын мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуге 100 пайыз қатысатынын айтады. Мектеп мұғалімдерінің біліктілігінің және тыңғылықты дайындықтың арқасында түлектердің ҰБТ-дан төмен көрсеткіш көрсеткен кезі жоқ. Биылғы көрсеткіш – 95 балл. Сондай-ақ былтыр Ақтоғай орта мектебі облысымыздағы үздік шағын жинақты мектеп атанып, 1 миллион теңге сыйақыға ие болыпты. – Ел игілігі үшін еңбекпен етене араласып, жарқын болашаққа қарымды қадам жасаған ұлағатты ұстаздардың еңбегі ұшан-теңіз. Ендеше бар саналы ғұмырын саналы ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ұстаздарға қандай мақтау, мадақ айтсақ та артық емес. Мектеп тарихында әр жылдарда Шахыбалы Дәуірбаев, Жұмабай Ақділдаев, Ақмолда Жөкенов, Б.Қасымбеков, Р.Сәбденов, С.Сауханов, А.Әйнекова, Б.Байқошқарова, Т.Кенбаева, Ш.Мақашева, А.Қадірсізова, К.Кейсекова, Е.Елеусізова, Р.Дәулетбекова, Ш.Қаспақов, Т.Арынова сынды белді ұстаздар қызмет етті. Осы ұстаздарымыз тәрбиелеген танымал түлектер қатарында жазушы, сазгер Ілия Жақанов, зерттеуші-сазгер Төлеутай Несіпбеков, биология ғылымдарының докторы, профессор Ақжолтай Несіпбаев, геология ғылымдарының кандидаты Өтеш Әбдімәжит, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бар, – дейді мектеп директоры Әмина Шегір. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібекпен тілдесіп, алтын ұя мектебі, алғашқы ұстаздары туралы естелігіне құлақ түрдік. – Біз 1991 жылы Ақтоғай ауылының Серго Орджоникидзе атындағы орталау мектебін аяқтадық. Ол кезде мектеп 9 жылдық болатын. Біздің үздік оқуымызға Шахабалы Дәуірбаев атамыз бастаған Ақмолда Жөкенов, Жұмабай Ақділдаев, Сәбденбек Сауханов, Рахым Сәбденов сынды ұстаздарымыздың еңбегі себеп болды. Бүгінгі күнге дейін бала тәрбиесінен қол үзбей жүрген Зәуірбек Қаспақов, Диханбай Ақділдаев ағайлар, Тамара Арынова, Күлпаш Кейсекова, Рабиға Шәмшілдаева, Алтынкүл Қадірсізова, Шолпан Мақашева, Айжан Өтешова, Рым Айнабекова, Есен Елеусізова апайларымыз сабақты барлық ынта-жігерімен оқытатын. Марқұм Зиятай апайымыз неміс тілінен сабақ беретін. Сол қалыптасқан үрдіс әлі де жалғасып келеді. Жыл сайын мектеп түлектері жоғары көрсеткішке ие болып жүр. Мектеп директоры Әмина Бөкенбайқызы, директордың орынбасары Ақкеліншек Шәріпқызы, математик Аманжол Асылбекұлы, география пәнінің мұғалімі Ерлан Жаңабекұлы, информатик Сәбит Бөкенбайұлы, тарихшы Ғазиз Кемалұлы, қазақ тілінен Гүлжан Мұсахметқызы мектептің білім бәсекесіндегі қабілеттілігін сақтап тұр. Ақтоғайдан еліне тірек болтын білімді ұрпақтың өсе беруіне тілектеспіз, – дейді Қ.Қайшыбекұлы. Ал биылғы түлектердің сынып жетекшісі Гүлжан Нәшірбаева оқушыларының жоғары жетістігімен мақтанатынын айтып, ағынан жарылды. – Шәкірттерім Ұлттық бірыңғай тестілеуде 75 балдан 120 балға дейін жинады. Нұрбек Өзбек пен Айзере Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне, Диляра Бегалы болса, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне, Нұрдәулет Жаңабек Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне, Махаббат Мадияр – Сүлеймен Демирел атындағы университетке, Елдос Райс пен Мәди Шахтыбай М.Тынышбаев атындағы логистика және көлік академиясына оқуға түсті, – деп, кеудесін мақтаныш кернеді. «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтқандай, осы бір ұлағатты сөздер Ақтоғай орта мектебінің ұстаздарына айтылғандай. Еңбектеріңіз жана берсін! Эльмира БАЙНАЗАРОВА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар