ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ – ел дамуының кепілі
Кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Түркия және Қытай Халық Республикасы компанияларының өкілдерін қабылдап, екіжақты инвестициялық жобалар жайлы сөйлесті.
Кездесуге Түркиядан «ALARKO HOLDING» компаниясының басшылары келсе, қытайлық «China CAMC Engineering Co» акционерлік қоғамы мен «SemArco» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылары өз ұсыныстарын ала келіпті.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов алдымен түркиялық «ALARKO HOLDING» компаниясының басшылық өкілдерін қабылдады.
Компанияның вице-президенті Шахин Аббас 1954 жылы негізі қаланған «Alarko Holding» – Түркияда орналасқан, әртараптандырылған іскерлік мүдделері бар танымал, жетекші өнеркәсіптік және инвестициялық конгломерат екендігін атап өтті.
Компания құрылыс, энергетика, жылжымайтын мүлік, инфрақұрылым және өндіріс сияқты бірнеше салада жұмыс істеп келеді.
Кездесу барысында тараптар суды тазарту, қалдықтарды қайта өңдеу және ауылшаруашылық салаларындағы жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру барысын талқылады.
Сондай-ақ Жамбыл облысы сары фосфорға бай екендігін ескерген инвесторлар облыс аумағынан тыңайтқыш зауытын салуға мүдделі. Бұл жоба екі тарапқа да тиімді болмақ. Бұдан бөлек түркиялық компания ашық жердегі жылыжай кешендеріне, органикалық-минералды тыңайтқыштар өндіру және тұқым шаруашылығы кәсіпорындарына шамамен 650 миллион доллар инвестиция тартуға ниетті.
Облыс әкімі қазіргі таңда агроөнеркәсіп саласына мемлекеттік қолдау шаралары мол екендігін, жергілікті билік те өз тарапынан барлық қажетті жағдайларды ұсынуға және жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін баса айтты.
Аймақ басшысы жауаптыларға ұсынылған жобалардың мүмкіншілігі мен тиімділігін жан-жақты талдауға және компания басшыларымен бірге пысықтауды тапсырды.
Ал түс қайта қытайлық компания өкілдерімен болған кездесуде екі тарап өзара ынтымақтастықты күшейтуге ниетті екендіктерін жеткізді. Өз кезегінде аймақ басшысы аталған компания басшыларының жұмысына сәттілік тілеп, қолдау көрсететінін жеткізді.
– Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан арасында ынтымақтастықтың жаңа қадамдары жасалуда. Біз екіжақты ынтымақтастық пен келісімшарт негізінде әлі талай ел экономикасын көтеруге, мемлекетаралық қатынастарымызды тіпті де жақсарта түсуге күш салатын боламыз, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Ал «China CAMC Engineering Co» компаниясының президенті Ли Хайсин жиналған көпшілікке алғысын айтып, облыс әкімінің тікелей қолдауымен жүзеге асқалы отырған жобалардың болашағы зор болатындығына сенім білдірді. Сондай-ақ Ли Хайсин ойға алған жобаларын жүзеге асыру үшін облыс әкімдігінің қолдауы ауадай қажет екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ компания басшылығы құрылыс жұмыстарына тартылатын жұмысшылардың 50 пайызы қытайлық, 50 пайызы қазақстандық болса деген ұсынысын жеткізді. Н.Нұржігітов бұл істі әлі де заң жүзінде талқылайтынын, алайда елге инвестиция тартудағы басты мақсат өңірдің жергілікті тұрғындарын жұмыспен қамту екендігіне баса назар аударды.
Соңында тараптар бір-бірімен жылы қоштасып, алда тағы да кездесулер өткізілетінін айтып тарасты.
Келесі мақала