ЖОЛ САЛАСЫНДАҒЫ ЖОБАЛАР
Жол – экономиканың күретамыры десек, облыста бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жолға қойылған. Әрине, бұған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың, сонымен қатар облыс басшысының тапсырмалары үлкен септігін тигізуде.
Мәселен, биыл облыста жол саласына бөлінген 24,7 миллиард теңгеге 497 жоба жүзеге асырылуда. Қаралған қаржы есебінен 3,3 шақырымды құрайтын облыс орталығындағы «Бурыл А,Б,В» көше жолдарының құрылысы және Шостакович, Саңырық батыр, Мәмбет батыр көшелері, Қаратау қаласындағы 2 нысан қайта жаңғыртудан өтуде. Сонымен қатар 785,6 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Оның ішінде облыстық маңызы бар автожолдардың үлесі –
137 шақырым, елді мекен көшелерінің үлесі – 558 шақырым, аудандық маңызы бар жолдардың қашықтығы 105 шақырымды құрап отыр.
Мәселен, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобасымен 33 жоба немесе 242 шақырым жол жөнделсе, «Ауыл –
ел бесігі» жобасымен 215 жоба немесе 261 шақырым жол жаңаруда. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен 4 жоба немесе 10,4 шақырым, «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасымен 2 жоба немесе 4,3 шақырым жол жөнделіп жатыр. Ал жергілікті бюджет есебінен 243 жоба немесе 282,6 шақырым жол жаңартылуда.
Жыл басынан бастау алған жұмыстар облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қатаң бақылауында. Бүгінде басқарма мамандары жобалардың іске асырылуы бойынша аудандарды аралап, сапаға баса назар аударып отыр.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 15 жобаның 5-еуі өткен жылдан өтпелі болатын. Бүгінде былтырғы жылдан бастау алған 32,7 шақырымды құрайтын 4 жоба пайдалануға берілсе, 57 шақырымды құрайтын 5 жаңа нысанда асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталды. Қалған 6 нысанда жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде.
Аудандық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша жоспарланған 18 жобаның 2 нысанында жұмыстар аяқталды. 12 нысанда жұмыстар жүргізілуде. Қалған нысандар мердігермен техникаларды мобилизациялау сатысында тұр.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 215 орта жөндеу жобаларының бүгінгі таңда 94 нысанында жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Тараз қаласы және аудандарда жергілікті бюджет есебінен 223 орта жөндеу жобаларын іске асыру жоспарланған болатын. Бүгінде 66 жобада немесе 77 шақырымда асфальт төсеу жұмыстары аяқталған. 59 нысанда жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Одан бөлек Тараз қаласында 2022 жылдан өтпелі Мәмбет батыр көшесін қайта жаңғырту жобасы аясында жол жамылғысын төсеу жұмыстары аяқталса, Саңырақ батыр, Шостакович көшелерін қайта жаңғырту қарқынды жүргізілуде.
Жыл соңына дейін алға қойылған межелі мақсаттарға қол жеткізіліп, жобалар ел игілігіне пайдалануға берілмек.
Мұрат САУРЫҚОВ,
облыс әкімдігі жолаушылар көлігі
және автомобиль жолдары
басқармасының басшысы
Келесі мақала