«ТЕХНИКАЛЫҚ БАЙҚАУ» ҚҰЖАТЫ
Таяу арада көлік жүргізушілеріне қағаз жүзіндегі «техникалық байқау» құжатын алып жүру қажет болмайды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамымен бірлесіп, автокөліктің техникалық байқаудан өткенін куәландыратын құжатты цифрлық форматқа көшіру бойынша жұмысты қолға алды. Енді «Техникалық байқаудың диагностикалық картасы» электронды үкіметтің мобильді қосымшасының жеке кабинетінде сақталатын болады.
Қазір IT мамандары арнайы сервисті әзірлеп, техникалық жұмыстарды жүргізіп жатыр. Интеграциялық жұмыстардан кейін осы қызметтің қанатқақты нұсқасы алдағы 1 қыркүйекте «eGov mobile» платформасында іске қосылады.
Аталған жобаның жоспарына сәйкес құжаттың цифрлық нұсқасы қадағалаушы органдардың дерекқорында сақталып, оны онлайн режимде тексеруге болады.
Айта кету керек, цифрлық құжаттардың заңды күші қағаз жүзіндегі аналогтармен бірдей және олардың артықшылығы көп, яғни сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылып, қоғамның сенімі артады.
Бұл ретте биыл көктемде VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Үкіметке цифрландыруды күшейтіп, бюрократиялық рәсімдерді барынша азайтуды тапсырағанын естеріңізге сала кетейік.
«AR-AI»-ақпарат
Келесі мақала