Маңызды басқосуға жас мамандар, қала тұрғындары, қоғамдық белсенділер мен түрлі сала өкілдері қатысып, елдің Негізгі заңына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жөнінде жан-жақты мағлұмат алды.
Кездесуді ҚХП Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Б.Қолтаев ашып, Конституциялық реформалардың қоғам өміріндегі маңызына тоқталды. Ол Конституция – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, мемлекеттің даму бағытын айқындайтын басты құжат екенін атап өтті.
Жиын барысында ҚХП Жамбыл облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Р.Аққозиев сөз сөйлеп, Конституция жобасын халық арасында кеңінен түсіндірудің маңыздылығына назар аударды. Оның айтуынша, мұндай кездесулер қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтып, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға ықпал етеді.
Кездесудің негізгі спикері — Тараз қалалық мәслихатының депутаты Қ.Бибазарова болды. Ол жаңартылған Конституция жобасында ұсынылып отырған өзгерістерді жан-жақты түсіндіріп, әрбір түзетудің мәні мен маңызына тоқталды. Спикердің айтуынша, бұл реформалар заң үстемдігін күшейтуге, азаматтық қоғамды дамытуға және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Кездесу ашық әрі мазмұнды пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі тұшымды жауаптар алды. Іс-шара соңында жиынға қатысушылар Қазақстан Республикасының Конституциясы жобасын қолдайтындарын білдіріп, мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулерінің қоғам үшін аса маңызды екенін атап өтті.


