ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИДЕЯЛАРЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысына қатысып, ғылымның даму маңыздылығын атап өткен болатын. «Қай заманды алып қарасақ та, дамудың басты кілті – ғылым. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Сондықтан осы ғылымды дамыту ісіне айрықша мән беріп отырмын», деген еді. Жуырда ҚР Президентінің тапсырмасы аясында Ұлттық ғылым академиясының өкілдері өңірлік ғылымды дамыту мақсатында Тараз қаласына келіп, жас ғалымдармен кездесті.
Кездесу Дулати университетінің ұйымдастыруымен қолға алынған. Яғни өңірлік университет өңірдің дамуы үшін жасап жатқан ғылыми жобаларын коммерцияландыруды мақсат етіп отыр. Бұған дейін бірнеше жоба шетелдік лабораториялардан талдаудан өтіп, жоғары көрсеткішке ие болған еді. Ғалымдар мұнымен тоқтап қалмай, экономиканың түрлі саласында серпін беретін ғылыми жобаларды зерттеуде. Ғалымдардың инновациялық идеяларының өңірді дамытуға ықпал ететін тиімді тұстары осы кездесуде ашық талқыланды.
Жиынға Ұлттық ғылым академиясы Ғылым департаментінің директоры Руслан Нұрғалиев, «Агробиоресурстар және экология» басқармасының басшысы Қуантар Алиханов, «Білім және азаматтық қоғам» басқармасының басшысы Бекбол Рамазан, облыстың басқарма басшылары, жетекші ғалымдар мен өңірлік БАҚ өкілдері қатысты.
Дулати университетінің Ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейтжан Әуесжанұлының бастамасымен академияның делегация мүшелері Дулати университетінің материалдық-техникалық базасын көріп, ғылыми инфрақұрылымдарын аралады.
Жиында сөз алған ҚР ҰҒА Ғылым департаментінің директоры Р.Нұрғалиев өңірлік ғылымды дамытудың маңызы жайлы айтты.
– Өңірлердегі кей өзекті мәселелерді шешуде ғалымдардың көмегі қажет. Осы мақсатта академия ғылыми ұйымдар мен жергілікті мемлекеттік органдар арасында алтын көпір болуды көздеп отыр. Бүгінгі жиынның негізгі мақсаты да осы, – деген ол университет ғалымдарының экономикаға қосатын тиімді жобаларының ерекшеліктеріне де тоқталды.
Айта кету керек, соңғы 5 жылдың көлемінде Дулати университеті ғалымдарының бірқатар жобалары Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан гранттық қаржыландыруға ие болды.
Алқалы жиынның соңында өңірдегі әр сала бойынша түйткілді мәселелер мен оның шешу жолдары талқыланды. Ғалымдар өзара пікір алмасып, отандық ғылымның өркендеуі үшін үлестерін қосатынын жеткізді.
Аяулым ЖАМАНҚАРА
Келесі мақала