Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастарға жұмыссыз жүрген жараспайды

Жастарға жұмыссыз жүрген жараспайды
ашық дереккөз
Жастарға жұмыссыз жүрген жараспайды
Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар. Бүгінгі жас – болашақ Қазақстанның жанды бейнесі. Сондықтан да жастар мәселесі қай кезде де күн тәртібінен түскен емес. Жуырда облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы жанынан құрылған жастар ресурстық орталығының директорлар кеңесінің отырысы өтті. Отырыста Тараз қаласы мен Талас, Мойынқұм және Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының 2023 жылдың екінші тоқсанында атқарылған жұмыстарын талқылау мен жастар саясатының жүзеге асырылу, жастардың жұмыспен қамтылу деңгейі жайында сөз қозғалды. Басқосудың күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар айтып берді. – Бүгінгі директорлар кеңесінің ұйымдастырылу мақсаты – өңірдегі мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу барысын, әрбір өңірдегі өзекті мәселелерін талқылау, шешім шығару. Кеңестің өзіндік жоспарына сәйкес әрбір аудан тоқсан сайын есептерін береді. Ал өз кезегінде басқарма тарапынан нұсқамалар мен ұсыныстар беріледі. Бұл кеңестің тиімділігіне келсек, ол әрбір жастар ресурстық орталығы директорларының бір ортаға жиналып, туындаған мәселелерді бірге талқылауында, – деді Ж.Зұлпыхар өз алғысөзінде. Кейінгі кезекте облыста мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы туралы басқарманың ақпараттық талдау және стратегиялық дамыту бөлімінің басшысы Мақсат Рахымбекұлы баяндама жасады. – Бүгінгі күні облыста 354 мыңнан астам жас бар. Жастар облыс халқының 29,1 пайызын құрайды. Жастардың 147 955-і қалада, 206 084-і ауылдық елді мекендерде тұрады. Облыстағы 13 жастар ресурстық орталығында жалпы саны 415 маман қызмет атқарады. Оның ішінде 328 маман жастармен етене жұмыс жасауда, – деді Мақсат Рахымбекұлы. Бұдан соң бөлім басшысы жастардың жұмыспен қамтылу деңгейіне тоқталды. Спикердің мәлімдеуінше, Тараз қаласы мен аудандарға облыс әкімімен бекітілген жұмыспен қамтудың белсенді шараларының индикаторы және облыс әкімінің орынбасары бекіткен іс-шаралар индикаторы жолданған. I жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, 12 тармақтан тұратын жұмыспен қамтудың белсенді шараларының индикаторы аудандарда да, қалада да толық орындалмаған. Атап айтқанда, Шу және Т.Рұсқұлов аудандарында – 6 тармақ, Меркіде – 5 тармақ, Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарында 4 тармақ атқарылмаған. Ал 13 тармақтан тұратын іс-шаралар индикаторы бойынша Шу және Байзақ аудандары – 9 тармақ, Талас, Жамбыл – 8 тармақ, Т.Рысқұлов – 7 тармақ, Тараз қаласы, Жуалы, Мойынқұм аудандары 6 тармақты орындаған. Тек Қордай ауданы межені 100 пайызға жеткізген. Сондай-ақ аудандық деңгейде ұсынылатын ақпараттардың облыстық жиынтық ақпараттармен сәйкессіздігі орын алуда. Мәселен, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған жастар туралы ақпарат басқармаға облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы келіп түссе, аудандық ресурстық орталықтар тарапынан басқаша ақпараттар жинақталуда. Осыған орай аудандық тиісті бөлімдермен тығыз жұмыс істеу қажеттігі айтылды. Сондай-ақ өзге спикерлер де баяндама жасады. Кеңес отырысының соңында жастар мәселесіне немқұрайды қарамау жөнінде айтылып, нақты тапсырмалар берілді. Оның ішінде жастардың мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен кәсіппен айналысуына жол ашу, жұмыспен қамту мәселесіне аса қатты мән берілді.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар