Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жылыту маусымына дайындық немқұрайдылықты кешірмейді

Жылыту маусымына дайындық немқұрайдылықты кешірмейді
ашық дереккөз
Жылыту маусымына дайындық немқұрайдылықты кешірмейді
Әне-міне дегенше жадыраған жаз өтіп, аптап ыстықтың да беті қайтатын күн таяп келеді. Енді қылышын сүйретіп қыс келердің алдында ертерек қамданбасақ, қапы қаларымыз анық. Осыған байланысты кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен 2023-2024 жылдардағы қысқы жылыту маусымына әлеуметтік нысандардың дайындығы туралы аппараттық кеңес өтті. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша алдымен облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова есеп беріп, облыстағы жалпы 389 денсаулық сақтау ұйымының жылыту маусымына дайындығын баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, қыста 173 нысан қатты отынмен, 1 нысан дизельдік отынмен, 186 нысан табиғи газбен және 29 нысан орталықтандырылған жылу жүйесімен жылытылатынын мәлімдеді. – Қазіргі таңда қатты отынмен жылытылатын нысандарға 4 469 тонна көмір тасымалданды. Сонымен қатар нысандардың қазандықтары мен жылу жүйелері тексеріліп, жоғарғы қысымды сынақтан өткізіліп, жылыту маусымына дайындық паспорттары алынуда. Монометрлер мен термометрлер арнайы тексерістен өткізілді. Сондай-ақ Меркі, Жуалы аудандарына – 1, Мойынқұмға – 2, Шуға 4 табиғи газбен жылу беретін пеш сатып алу қажеттіліктері анықталып, алдағы бюджеттік нақтылауға 79 280 мың теңгеге өтінім ұсынылды. Ал Сарысу ауданындағы Саудакент ауылдық ауруханасының қазандығына аурухана есебінен 2 пеш сатып алынды. Қазандықты күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін 12309,1 мың теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылды, – деді Жанар Мықтыбекқызы. Сондай-ақ басқарма басшысы Жуалы ауданында – 4, Байзақ ауданының 14 елді мекеніндегі нысандарды мекеме өз қаражаты есебінен табиғи газға қосқанын атап өтті. Енді аудандық ауруханалар есебінен шамамен 21 миллион 600 мың теңге көлемінде 27 алғашқы медициналық көмек көрсету нысандарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, газдандыру жоспарланып жатқанын жеткізді. Ал Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов аудан аумағында жалпы 144 бюджеттік мекеме бар екенін, оның 135-і газбен, 9-ы қатты отынмен жылытылатынын, қазіргі таңда 54 қазандық қысқы жылыту маусымына дайындалып жатқанын айтты. Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбековтің мәліметіне сүйенсек, ауданда 149 мекеме болса, 101 ғимаратта орналасқан 101 қазандықтың 53-і газбен, 47-сі көмірмен, біреуі дизель отынымен жылытылады. Сондай-ақ жиында Тараз қаласы мен басқа да аудан әкімдері баяндама жасап, қысқа дайындық жұмыстарының барысы туралы мәлімет берді. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов кейбір мекеме басшыларының жұмысына сын айтып, нақты мәселемен күресіп, «қыстың қамын жазда ойлау» керектігін тапсырды. Әрі жоспарланып қойған көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстарын да жеделдету керектігін айтты.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар