Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шаруасы шалқыған қожалық

Шаруасы шалқыған қожалық
ашық дереккөз
Шаруасы шалқыған қожалық
Ауданның дамуы және жергілікті тұрғындардың әл-ауқатының артуы, жалпы тұрмыстың түзелуі ежелден ауылшаруашылығы, оның ішінде егін және малшаруашылығын дамытумен тікелей байланысты. Тиісінше өңірдегі ауылшаруашылығын дамыту, оған мемлекет тарапынан жасалатын көмек-қолдаулардың шаруаларға қолжетімділігін арттыру – жергілікті атқарушы орган басшылары мен салалық бөлімнің тікелей міндеті. Ал ауданда өз бетінше шаруашылық құрып, оның жұмысын жүйелі жүргізіп жатқан еңбекқор шаруа азаматтардың жанкешті жұмысын қай жағынан насихаттасақ та жарасады. Мұндай шаруашылықтар өңірдегі Жетітөбе ауылдық округінде көптеп саналады. Олар округтің ғана емес, тұтастай алғанда, ауданның ауылшаруашылық саласының дамуына көп үлес қосып келеді. Солардың қатарында саланың қыр-сырын жақсы білетін тәжірибелі маман Мағзымбек Жақсылықов басшылық етіп отырған «Қожа-Ахмет» шаруа қожалығы да бар. Шаруа қожалықтың иелігінде барлығы 100 гектарға жуық егістік жер болса, биыл оның 60 гектарына «Бәйшешек» сұрыпты арпа мен мақсары дақылы егілсе, 40 гектарынан астамы мал азығына көпжылдық шөп, (жоңышқа, эспарцет) егілген. Қыс шанасын жаз сайлаған шаруа қожалықтың мүшелері жауапты науқанның алдындағы бос уақытты тиімді пайдаланып, қолдағы бар техникаларын жөндеп алған. Жақында ғана өз қаражаттарына шөп оруға арналған «Е-303» маркалы «Германка» техникасын сатып әкелген. Біз барғанда шаруашылық басшысының өзі бас болып, техникаларды жөндеуге кіріскен екен. Сәтін салса, олар жақын күндері эспарцет және жоңышқа алқабына орақ салмақшы. Шаруашылыққа Мағзымбек ағаның өзі басшылық жасағанымен мұндағы негізгі жұмыстардың барлығын балалары бірлесіп атқарып отыр. Осыдан болу керек, шаруашылықтың жұмысы жүйелі, тиісінше одан түсетін табыс та жаман емес. Біріккен істе берекенің болатыны о бастан белгілі. Ал кеңесіп пішкен тонның келте болмайтыны тағы бар. Бұл ретте шаруашылық ісін жүйелі жүргізуге және балаларына ақыл-кеңес беруде әкенің көмегі көп тиіп отыр. Әулеттің үлкен ұлдары Әділет пен Ақниет екеуі ақылдаса келе, ауылдық округте «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында құрылған «Жетітөбе» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативіне мүше болып кіріп, жақында 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несиеге де қол жеткізіп үлгерді. Бірі алты миллион, ал екіншісі бес миллион теңгенің көлеміндегі ауылшаруашылығын дамыту бағытында алған несиесіне барлығы 28 бас сауынды сиыр сатып алып, жұмысқа кірісіп кеткен. Бағдарламаның талабына сәйкес, ауылшаруашылық малдары облыс орталығындағы және Меркі, сонымен қатар Түркістан облысындағы Қарабұлақ мал базарларынан сатып әкелінген. – Мұның алдында, дәлірек айтқанда, 2015 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан барлығы сегіз миллион теңге несие алып, оған 30 бастан астам сауынды сиыр сатып алғанбыз. Оны алған себебіміз – шаруашылықта малдың, оның ішінде сауынды сиырдың басын көбейту арқылы сүтті молайту. Бұл – басты бағытымыз. Малды құр бекер көбейте бергенше, оның тұқымын асылдандыруды да басты назарда ұстаймыз. Бұл бағытта шаруашылықта бірнеше жылдан бері «Ангус» асылтұқымды бұқаларын бағып отырмыз. Ірі қараның аталықтарын негізінен Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы асыл тұқымды шаруашылықтардан сатып алдық. Нәтижесі жаман емес. Бұзаулардың санымен бірге өнімділігі де артып келеді. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде етті бағыттағы ірі қараның да қатары көбейіп отыр. Өзім мұның алдында ауылда колхозда еңбек еттім. Шаруашылық ісін дамытуда біршама тәжірибем бар деп айтуға болады. Бастаған істі балаларым ары қарай іліп алып кетті. Менің негізгі міндетім – ұлдарыма бағыт-бағдар және ақыл-кеңес беру. Алға қойған жоспарларымыз өте көп. Малдың санын және егістік көлемін көбейтумен бірге заманауи сүт-тауарлы фермасын ашсақ деген жоспарымыз бар, – дейді шаруашылық басшысы Мағзымбек Несіпқожаұлы. Шаруа қожалық ауылшаруашылық техникаларына мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктерді де тиімді пайдаланып келеді. Бұл бағытта олар лизингпен 2017 және 2020 жылдары «МТЗ-952» маркалы екі бірдей доңғалақты трактор сатып алған. Одан бөлек шаруашылық ісін жүргізуге қажетті басқа да қуатты техникалары жеткілікті. Жұмыс күші де сақадай сай. Атап айтқанда, көктемгі жер жыртып, егін егу, шөп шабу және егін орағы сияқты жауапты науқандарда, сонымен қатар төрт түлікті бағып-қарау кезінде ауыл азаматары қосымша жұмысшы ретінде жұмысқа тартылады. Бір қуантарлығы, қазіргі таңда ауыл-ауылдарда техниканың тілін жетік меңгерген жастардың қатары көбейіп келеді. Олардың еңбек етуге деген құлшынысы аға буын өкілдерін қуантып отыр. Біраз жыл бұрын біз егін орағы туралы материал әзірлеу мақсатымен дәл осы Жетітөбе ауылдық округіндегі алдыңғы қатарлы шаруашылық «Ұлжан» шаруа қожалығында болғанымызда аталған еңбек ұжымында жасы 30-дан енді ғана асқан Рахат Қаржауов есімді жас механизатормен танысып, оның қажырлы еңбегіне сүйсінген едік. «Қожа-Ахмет» шаруа қожалығында да ауылшаруашылық техникаларын негізінен жас механизаторлар тізгіндеген. Бір айта кетерлігі, өмір бойы ауылда тұрып, шаруаға араласып келе жатқан еңбекқор азамат Мағзымбек ағаның үш ұлының да мамандықтары ауылшаруашылығына қатысты емес. Бірі заңгер болса, енді бірі басқа саланы таңдаған. Алайда ауылда тұрған соң ағайынды азаматтар күш біріктіріп, әкелерінің ақыл-кеңесіне мұқият құлақ қоя отырып, шаруашылықтың жұмысын ілгерілетіп, дамытуға барынша күш салып келеді. Қазір бұл шаруашылықта сүтті молынан өндіру ісі жолға қойылған. Тәулігіне жарты тоннадан астам ағарған аудан орталығындағы «Бурное сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт өңдеу зауытына жөнелтіледі. Сондай-ақ жылына 30-дай ірі қара мал бордақыланып, отандық ет комбинаттарына тұрақты өткізіліп отырады. Мал басының төлден өсіп, көбейетінін ескерсек, шаруашылықта бұзауларға ерекше күтім жасалады. Жас төлдер жыл он екі ай қорада ұсталып, оған құнарлы жемшөп беріледі. Содан болар, бұзаулар өте ірі әрі салмақты. Шаруашылықта шөп ору науқаны кезінде мал азығына 10 мыңдай тайланған шөп, одан бөлек 25 тоннадай арпа жемге туралып, дайындалады. Онымен бірге дәнді дақылдарды ору кезінде арпа мен мақсары сабаны да мал азығы үшін таптырмас азықтың бірі ретінде жиналады. Ірі қараларды қыстың көзі қырауда негізінен заманауи жылы қораларда бағамыз. Ол үшін шаруашылық мүшелері осыдан бірер жыл бұрын көлемі 30-да 11 метрді құрайтын екі бірдей қора салған. Қазір бұл қоралар мал қыстату науқанында үлкен рөл атқарып отыр. – Мал азығын дайындау ісінде жаңа техниканың атқаратын қызметі орасан. Шаруашылықта бұл бағытта да біраз жұмыс қолға алынған. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы лизинг жүйесімен екі тракторды соқасымен бірге сатып алғанбыз. Лизинг жүйесінің тиімділігі сол, шаруа қожалық сатып алған техника құнының тек 75 пайызын ғана төлейді. Ал Үкімет техника құнының 25 пайызын инвестициялық субсидия ретінде қайтарып береді. Астық бастыруда әзірше «Енисей-1200» маркалы ескі комбайны іске жарап тұр. Одан бөлек шөптайлағыштар, екі трактор тіркемесі, «ГАЗ-53» жүк көлігі де науқан кезінде біраз кәдеге жарап тұр, – дейді қожалық басшысы. Әлбетте, қай салада болсын оның дамуына кедергі келтіретін факторлардың аз болмайтыны белгілі. Шаруашылық басшысы М.Жақсылықов өз сөзінде малшаруашылығын дамытуда жайылымның тапшылығы тірлікке қолбайлау екенін де айтып қалды. Айтса айтқандай, шаруашылық өз иелігіндегі сауын сиырлардың сүтін молайту үшін бірер ай ірі қараны бөлек бағып көрген. Алайда бұрындары бос жатқан жайылымдық жерлердің өз иелері бар болып шыққан. Шаруашылық басшысы бір сөзінде жайылымдық жерлердің тарылуына сырттан әкелінетін жеке малдың нөпірін азайту керектігін және жайылымдардың көбісі жеке қолға өтіп кеткендігін айтып қалды. Жайылымдық жерлер қайтадан Үкіметке қайтарылса, бұл мәселенің ішінара болса да шешілетінін алға тартады шаруа. Біз әңгіме етіп отырған жетітөбелік «Қожа-Ахмет» шаруа қожалығының басшысы Мағзымбек Жақсылықов бұрынғы М.Горький колхозында комбайншы, жүргізуші, кейіннен гараж меңгерушісі, механик, инженер-механик қызметтерін абыроймен атқарған азамат. Отбасында асыл жары Гүлжан Бердібаева екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген ұлағатты әке мен ана. Ұл-қыздарынан немере сүйген ата-әже. Ал балалардың еңбекке бейім болып өскені, әрине, ата-ананың ақылы мен өнегесі, сонымен қатар отбасындағы орнықты тәрбиенің жемісі болса керек... Нұржан МАНАСҰЛЫ, Жуалы ауданы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

ӨРІСІ МОЛ ӨЛКЕ
Алдыңғы мақала
ӨРІСІ МОЛ ӨЛКЕ

Ұқсас жаңалықтар