ТҮРКИЯЛЫҚ КОМПАНИЯ ТАЛАСТА ЗАУЫТ САЛУҒА НИЕТТІ
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Koyuncu Group» (Коюнджу) түрік компаниясының өкілдерімен кездесті.
Компания Талас ауданы, Қаратау қаласының «Тараз» индустриалды аймағында натрий пиросульфитін өндіру жобасын жүзеге асыруда. Жоба бастамашысы – «KARATAU Chemicals» ЖШС. Инвесторлар аталған өндіріске 6 миллион АҚШ долларына тең инвестиция салып отыр.
Құрылысы осы жылдың наурыз айында басталған жоба 2024 жылдың басында іске қосылады деп күтілуде. 30 адамнан астам тұрғынды жұмыспен қамтитын кәсіпорын жылына 25 000 тонна өнім өндіруді жоспарлауда.
Кездесуде «Koyuncu Group» компаниясының басшысы Ибрахим Коюнджу Талас ауданында тағы да химиялық жаңа жобаны жүзеге асыруға ниетті екендіктерін жеткізіп, мүмкіндіктерін таныстырды.
Басқосу барысында тараптар электр энергиясын жеткізуге қатысты және өзге де мәселелерді талқылап, оларды шешу бойынша бірқатар ұсынысты саралады.
Облыс әкімі жобаның маңыздылығын баса айтып, ол бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы тезірек әзірлеп, сараптамадан өткізу керектігін атап өтті.
Аймақ басшысы жергілікті билік облысқа тиімді инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін барлық тиісті қолдауларды жеткізуге күш салатынын баса айтты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Келесі мақала