Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ИНВЕСТОР ТАРТУДАҒЫ БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ – халықтың тұрмысын жақсарту

ИНВЕСТОР ТАРТУДАҒЫ БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ –  халықтың тұрмысын жақсарту
ашық дереккөз
ИНВЕСТОР ТАРТУДАҒЫ БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ – халықтың тұрмысын жақсарту
Тараз қаласындағы «Бизнеске арналған үкіметтің» фронт-офисінде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов облысқа инвестиция тарту бойынша инвесторлардың ұсыныстарын қарады. Жиынға Тараз қаласы мен аудан әкімдері және кәсіпкерлер қатысты. Облыс әкімінің қабылдауында болған бірқатар компания басшысы инвестициялық жобаларын ортаға салды. Осы орайда Нұржан Молдиярұлы инвесторлардың жобалары ең бастысы халықтың жағдайын көтеріп, жұмыспен қамтамасыз етуі керектігін атап айтты. – Біз облысқа не үшін инвестиция тарту керектігін анық білуіміз керек. Біріншіден, мұның барлығы облыс тұрғындарының әл-әуқатын жақсарту үшін жасалып жатыр. Екіншіден, экономикамызға оң әсері болғанда ғана инвесторларды толықтай қолдаймыз. Әрі басталған жоба аяқталуы тиіс. Орта жолда тоқтатып қойып, болмаса аяқсыз қалдырған жағдайда зардабын өзіміз көретінімізді ұмытпауымыз керек. Сондықтан елге, жерге, мемлекетке пайдасы тиетін озық жобалар болса, қолдауға әрдайым дайынбыз, – деді Нұржан Молдиярұлы. Сондай-ақ кездесу барысында аймақ басшысы Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібековтің ауданға инвестиция тарту бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндамасын тыңдады. – Осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 35 031,9 миллиард теңгені құрап, облыс әкімдігімен бекітілген индикатордан 10 584,1 миллион теңгеге жоғары көрсеткіш көрсетті. Жалпы ауданда 103 934 тұрғын болса, 3 614-і жұмыспен қамтылды. Ал жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған 1 749 тұрғын бар. Ауданның инвестициялық ахуалын арттыру мақсатында тұрақты инвестициялық штаб құрылған. Нәтижесінде бүгінгі күнге дейін инвесторлармен 8 инвестициялық штаб отырысы өтіп, онда «Alstom», «Қазақмыс корпорациясы», «QazAquaAliance», «Kaz-Ir Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «ТаразХимПаркі» АЭА қатысушылары мен «TasMarket», «AltynAlmas», «Wanlin» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері басшыларының проблемалық мәселелері тыңдалып, оларды шешу бойынша тиісті тапсырмалар беріліп, жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар Шу ауданының 2023-2027 жылға арналған даму жоспары аясында жалпы құны 259,4 миллиард теңгені құрайтын 129 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде 1 114 жаңа жұмыс орны құрылады. Оның ішінде өнеркәсіп саласы бойынша 59 жоба жүзеге асырылып, 976 жұмыс орны ашылса, ауылшаруашылық саласында 70 жоба іске қосылып, 138 жұмыс орны ашылады. Ал биыл 23 жобаны іске асыруды көздеп отырмыз. Нәтижесінде 124 тұрақты жұмыс орны ашылады, – деді Бақытжан Оразалыұлы. Түрлі жобалардың алдын ала жасалған эскиздерімен танысқан облыс әкімі ең басты мақсат берген уәдені орындап, халықты жұмыспен қамтып, ауыл тұрғындарына жақсы жағдай жасау керектігін атап айтты. – Әр аудандағы, ауылдағы тұрғындардың жағдайы мен жұмыссыз жүргендердің саны жергілікті атқарушы билікке белгілі болуы керек. Біз сол арқылы салынатын құрылыстарға, қолға алынған жобалардың болашағына болжам жасай білуіміз қажет. Бірнеше адамды жұмысқа қамтимын деген зауыттар бүгін ашылып, ертең жабылып қалмауы керек. Әрбір жобаның өзінің атқаратын миссиясы болуы тиіс. Өйткені облысымызға келген компаниялар тек қана өз мүддесін ойлап, қалтасын қампайтып кетпеуі керек, – деген Нұржан Молдиярұлы инвесторлар жергілікті жердің тұрғындарын жұмыспен қамтып, облыс экономикасының дамуына өз үлестерін қосуы тиіс екенін естен шығармауды тапсырды.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар