ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР РЕТІМЕН ШЕШІЛМЕК
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбековтің өңірге жасаған жұмыс сапары алдыңғы күні Шу, Мойынқұм аудандарынан басталып, кеше Талас, Байзақ аудандарында жалғасты. Сапар барысында сенатормен бірге облыстық мәслихаттың депутаты Нұрсұлтан Темірхан да бірге болып, қос ауданның тыныс-тіршілігімен танысу арқылы бірқатар өзекті мәселелерге қанықты.
Аталған ауданда Бекболат Серікбекұлы мен Нұрсұлтан Талғатұлы алдымен Қаратау қаласындағы №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығына барып, мекеме жұмысымен етене танысты. 70 адамға арналған орталықта 68 қызмет алушы бар екен. Мекеме жұмысын таныстыру барысында Орталық директоры Ерлан Әнетбаев мүгедектігі бар адамға қолжетімді орта қалыптастыруда инватакси мәселесі өзекті болып тұрғанын сөз етті. Өз кезегінде депутат аталған мәселенің шешімін табуына ықпал ететінін айтты. Сондай-ақ халық қалаулысы қазіргідей азық-түлік бағасы байлауға көнбей тұрған уақытта мұндағы қызмет алушылар үшін күніне бөлінетін 1800 теңге жеткілікті ме, осыған назар аударды.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаржыны үнемі өндіріс, инфрақұрылым секілді экономиканы дамытатын салаға бағыттау керектігін айтып келеді. Алайда республикалық бюджет көлемі – 22 триллион болса, оның тең жартысы әлеуметтік салаға жұмсалады. Бұл салаға қаржы аз бөлініп жатқан жоқ. Сондықтан инватакси мәселесін шешуде қаржы қолбайлау емес деп ойлаймын. Облыстық бюджетке өтінім беріңіздер, мәслихат бюджетті бекіткенде осы мәселені ескеруге ықпал етеміз, – деді Б.Орынбеков.
Қаратаудағы бір кездері иесіз қалған сүйегі асыл тұрғын үйлер бүгінде шетінен қайта жаңғыртудан өтіп, баспанаға қол жеткізе алмай жүрген тұрғындарға үлестіріліп жатқаны белгілі. Депутат қалада жаңғыртудан өтіп жатқан №5, №6 жатақхана мен 3-ықшамаудандағы №16, Бауыржан Момышұлы көшесіндегі №10 көпқабатты тұрғын үй құрылысының жай-күйіне қанықты. Мұндағы құрылыс жұмысының барысымен аудан әкімінің орынбасары Қайрат Серимов және аудан әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы Абзал Абдуғалиұлы таныстырды. 5 қабаттан тұратын аталған екі жатақхана 1973 жылы пайдалануға берілген екен. Бүгінде оған «ALTYN LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр.
Аталған құрылыс нысандарын аралау барысында сенатор үйдің сапалы, жылыту маусымына дайын әрі жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілуін еске салды. Сонымен қатар мердігерлер мен меншік иелеріне жаңғырту жұмысына қатысты ақпараттық және жұмыс кестесі көрсетілген стендті нысан алдына қою қажеттігін ұсынды.
Қаратаулықтарға коммуналдық қызмет ұсынатын, яғни жылу, ауызсу және кәрізбен жабдықтау шаруашылық қызметтерін іске асырып отырған «Игілік» көпсалалы кәсіпорнының жұмысын көрді. Кәсіпорынның мазут шаруашылығын қайта жаңғырту мақсатында жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық, шаруашылық басқармасына жалпы құны 732 миллион 198 мың теңгеге бюджеттік өтінімге ұсынылған екен. Сенатор өз кезегінде республикалық бюджеттен қаржы қарауға ықпал ететінін жеткізді.
Бұдан кейін Б.Орынбеков Қаратау қаласындағы Д.Қонаев мұражайына бас сұғып, онда аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті.
– Облыстық мәслихаттың беделі бүгінде күннен-күнге артып келеді. Ең маңызды мәселе жергілікті жердегі бюджетті қалыптастыру. Сіздердің жұмыстарыңыз бюджеттің орындалуы және оны бақылауда ұстау кезінде көзге көрінеді.
Жақында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев барлық деңгейдегі мәслихат төрағаларын шақырып, арнайы жиын өткізді. Сол кезде мәслихат қандай жұмыспен айналысуы керек, оның функционалдық міндеті қандай екенін түсіндіріп берді, – деген Бекболат Серікбекұлы қаңтар айында Қаратау қаласына Сенат төрағасы арнайы келгенін, онда көтерілген өзекті мәселенің барлығы бүгінде шешімін тапқанын тілге тиек етті.
Депутаттар Талас ауданының индустриалды аймағына барып, онда «Talas Investment Company» ЖШС, «Karatau Chemicals» пиросульфат өңдеу зауыты, «AsiaChem» фосфор тыңайтқышын өңдеу зауытының жүзеге асырып жатқан жобаларымен танысып, мемлекеттік қолдау шараларын қажет ететін өзекті мәселелерге құлақ асты. Мәселен, сенатордың ықпал етуімен республикадан тиісті қаржы бөлініп, бүгінде «Talas Investment Company» ЖШС жобаның екінші кезеңін жүзеге асыруды қолға алған екен.
Байзақ ауданына жұмыс сапары барысында Б.Орынбеков Сарыкемер ауылындағы 5 қабатты, 60 пәтерлі 4 тұрғын үйдің инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымының және қосалқы стансасының құрылысымен танысты. Аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың айтуынша, аталған көпқабатты тұрғын үйлердің электр, газ, кәріз желілерінің қуаттылығы жоғарылауына байланысты бүгінгі күнде жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілген. Осыған байланысты аталған нысанға қосымша 732 758 000 теңге қаражат қажет. Сонымен қатар аталған подстансаның құрылыс жұмыстарын биыл аяқтау үшін 2024 жылға қарастырылған 420 079 000 теңге қаржыға биыл қол жеткізу керек. Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов Бекболат Орынбековтен осы мәселені шешіп беруді сұрады.
Бұдан кейін депутат аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысып, «Шарипов» шаруа қожалығының 250 гектар қызылша алқабына да ат басын бұрды. Мұнда ағын су тапшылығы сөз болды. Б.Орынбеков өз кезегінде Байзақ ауданында тілге тиек етілген мәселелер өңір үшін өте өзекті екенін айта келе, аталған түйткілдер оң шешімін табуы үшін назар аударылатынын жеткізді. Ал ағынсу мәселесіне келгенде аталған шаруашылық иелігіндегі 5 бірдей ұңғыманы пайдалану арқылы амалдау қажеттігін сөз етті.
Сенат депутаты Бекболат Орынбеков бүгін Жамбыл ауданы мен Тараз қаласына шығып, ондағы өзекті мәселелермен танысты.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Келесі мақала