Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ОТПЕН АРПАЛЫСУ ОҢАЙ ШАРУА ЕМЕС

ОТПЕН АРПАЛЫСУ ОҢАЙ ШАРУА ЕМЕС
ашық дереккөз
ОТПЕН АРПАЛЫСУ ОҢАЙ ШАРУА ЕМЕС
2022 жылдың 19 сәуірі жаңатастықтар үшін дүрбелеңге толы болды. Себебі дәл осы күні түнгі 01:40-та №2 ықшамаудандағы бес қабатты тұрғын үйден өрт шығып, шырт ұйқыда жатқан тұрғындар бір сәтте әбігерге түсті. Оқиға орнына шұғыл жеткен Жаңатас қаласындағы №16 өрт сөндіру бөлімінің өртсөндіруші-құтқарушылары мен төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары шұғыл өртті сөндіру жұмыстарымен және адамдарды қауіпсіз орынға көшірумен қатар айналысты. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» демекші, қас қылғанда дәл сол уақытта жел де күшейе түскен болатын. Қызыл жалын мен қою қара түтін тұмшалап алған тұрғын үйдің тұрғындары алғашында не болып, не қойып жатқанын да түсінбеді. Ішкі істер бөлімі мен өзге де тиісті мекемелердің қызметкерлері жедел оқиға орнынан табылып, қажетті шараларды атқаруға кірісіп кетеді. Дегенмен қызыл жалын желдің әсерінен одан әрі үдей түсіп, адамдардың өміріне қауіп төндірді. Өрт оқиғасы орын алған күні заңды демалысында үйінде болған өртсөндіруші-құтқарушы Нұртай Искаков та дабыл бойынша өзге әріптестерімен бірге оқиға орнына жедел жетеді. Басшылықтан тиісті тапсырма алып, тыныс алу аппаратын арқасына іліп, Заңғар Бекбергенов есімді әріптесімен бірге подъезд арқылы жоғары көтеріледі. Қолқаны қабатын қою қара түтінге қарамастан, Нұртай мен Заңғар өзге әріптестерімен бірге пәтер ішіне кіріп, адамдарды қауіпсіз орынға шығарып, қызыл жалынды ауыздықтауға кірісіп кетеді. Осылайша көп ұзамай өрттің арыны да басылады. Жұмыла әрекет еткеннің нәтижесінде өрт 3 сағаттан аса уақытта ауыздықталады. ТЖД қызметі мен полиция бөлімінің қызметкерлері оқиға орнынан 180 адамды (70-і бала) қауіпсіз орынға көшіреді. Бір қуанарлығы, Нұртай секілді өз ісінің білікті мамандарының нәтижелі жұмыстарының арқасында өрттен зардап шеккендер тіркелмеген. Жаңатас қаласындағы №16 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Нұртай Тілектесұлы 1978 жылы 16 сәуірде Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Игілік ауылында дүниеге келген. Әкесі Тілектес пен анасы Ұлтусынның тәрбиесін көріп өскен Нұртай 2000 жылы Жамбыл политехникалық колледжінде білім алған. Өртке қарсы қызмет органдарында 2004 жылдан бері қызмет атқаруда. Осы уақытқа дейін ІІ, ІІІ дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медальдарымен және ҚР Төтенше жағдайлар министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Нұрболат ӨМІРЗАҚ, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру мекемесінің баспасөз хатшысы

 
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар