Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өндірісі өркендеген өңір

Өндірісі өркендеген өңір
ашық дереккөз
Өндірісі өркендеген өңір
Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлының қатысуымен брифинг өтті. Жиында соңғы 6 айдағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жайлы баяндалды. Бірінші кезекте аудан әкімі ауданның экономикасы туралы сөз қозғады. Бұл тұрғыда ол статистикалық мәліметтерге сүйеніп, аудан халқының санын тілге тиек етті. – Жамбыл ауданына қарасты 42 елді мекенде 88 117 халық тұрады. Оның 40,3 мыңы экономикалық белсенді. Ауылшаруашылығына қатысты өзгерістерді айтар болсақ, ауданда 2 902 агроқұрылым жұмыс жүргізіп отыр, оның ішінде 4 өндірістік кооператив және 2 863 шаруа қожалығы бар. Биылғы жылы құрылған жоспарға сай 59 930 гектар жерге егу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күнге 2 715 тонна бидай, 6 534 тонна жаздық арпа және 103 654 тонна мал азығы жиналды. Әр гектардан түсім күздік бидай бойынша 10,7 центнерді, жаздық арпа 11,3 центнерді және мал азығы 41,1 центнерді құрады, – деді спикер. Бұдан соң аудан әкімі Жамбыл өңірінде қанатын кеңге жайып, тасын өрге домалатқан кәсіпкерлікке тоқталды. Спикердің айтуынша, бүгінде Жамбыл ауданында шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы саны 8 668 субъектіге жеткен. Бұл салада 8 208 адам еңбек етіп келеді. Өндірілген өнім көлемі 65,6 миллиард теңгені құрайды. Сондай-ақ өңірде әртүрлі мемлекеттік бастамалар бойынша несие алып, кәсібін бастап отырғандар да бар. Мәселен, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде 32 жоба бойынша 506 миллион теңге несие алынып, 25 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде алты жоба пайыздық ставканы субсидиялау бойынша жүзеге асырылса, 1 жобаға банктік кредиттері бойынша кепілдік берілген. Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы айтылған соң аудан әкімі 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар туралы мәлімдеме жасады. Өңір басшысының мәлімдеуінше, ауданда алдағы 2 жылда жалпы құны 30,8 миллиард теңгені құрайтын 115 инвестициялық жоба жүзеге асырылады, нәтижесінде 793 жаңа жұмыс орны құрылады. Ал ауылшаруашылығы бағытында 2,2 миллиард теңгеге 58 жоба іске асырылып, 267 жұмыс орны ашылады. Айта кету керек, аталған жобаның 15-і биыл іске асырылатын болады. Сонымен қатар аудан әкімі ауызсумен қамтылу деңгейін де атап өтті. – Аудандағы 42 елді мекеннің 34-і орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Биыл Қаракемер, Құмсуат, Әулиекөл, Көлқайнар ауылдары ауызсумен қамтылды. Тағы 3 елді мекен, атап айтқанда, Бесағаш, Түрксіб және Кемел ауылдары ауызсумен қамтылатын болады. Нәтижесінде аудандағы ауызсумен қамтылған елді мекен саны 38-ге жетіп, қамтылу деңгейі 90,4 пайызды құрайтын болады, – деді ол. Өңірдің шаруашылығы туралы баяндама жасағаннан кейін аудан әкімі тұрғын үй мен жер кезегі тақырыбына ойысты. Бұл орайда өңірде кезекте тұрған азаматтар жайлы мәлімдеді. – Ауданда тұрғын үй кезегіне 1 546 адам тіркелген. Алдағы уақытта 6 тұрғын үй пайдалануға берілген жағдайда кезектілік 33,5 пайызға төмендеп, 480 адам баспанамен қамтылады. Бұдан бөлек «Асар» жобасымен осы жылы 16 үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ жер кезегінде 15 351 адам тіркелген. 2021-2023 жылдары 7 елді мекенде 1 864 жер кезектілікке сәйкес үлестірілді, – деді спикер. Брифинг соңында аудан әкімі БАҚ өкілдерінің қойған сұрақтары мен әлеуметтік желіден келіп түскен сауалдарға жауап берді.

Аяулым ЖАМАНҚАРА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар