Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету нәтижелі атқарылуы керек

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету нәтижелі атқарылуы керек
ашық дереккөз
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету нәтижелі атқарылуы керек
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов полиция департаментінің кеңейтілген мәжілісіне қатысты. Соңғы үш жылда облыстық полиция департаментіне жергілікті бюджеттен 45 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Оның 22 миллиард теңгесі қызметкерлердің жалақысына жұмсалса, 9 миллиард теңгесі материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған. Полиция департаментінің кеңейтілген мәжілісінде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов осы секілді жергілікті атқарушы орган тарапынан көрсетілетін қолдаулар жалғасатынын айтып, соған сәйкес құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары да нәтижелі атқарылуы керектігін баса айтты. Аймақ басшысы алдымен полиция департаментінің бастығымен бірге «CYBERPOL» жобасының жұмысымен танысты. Бұдан соң облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров, облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин және облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің қатысуымен полиция департаментінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Кездесуде А.Баймурзин баяндама жасап, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмысқа қарсы күрес, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ полицияны трансформациялау жолында жүйелік кемшіліктерді жоймай, қойылған талаптарды орындау мүмкін еместігін атап өтті. Департамент бастығы ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында жалпы қылмыстар 21 пайызға төмендегенін, 10 мың халыққа шаққанда құқық бұзушылық деңгейі 37-ні құрағанын (2022 жылы – 50, республика бойынша – 71) жеткізді. Сонымен қатар ҚР Ішкі істер министрлігі азаматтық қоғаммен әріптестік негізде Президентпен бекітілетін Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету Тұжырымдамасын әзірлегенідігін тілге тиек етті. Тұжырымдама тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, есірткі қылмысына қарсы іс-әрекет, мүлікке қарсы қылмыстардың алдын алу, интернет-алаяқтықпен күрес, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, полиция жұмысын түрлендіру бағыттарын қамтиды. Сондай-ақ адам саудасы, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс, сотқа дейінгі тергеуді оңтайландыру салаларындағы мәселелерді шешуді көздейді. Нұржан Нұржігітов жалпы облыстық статистикалық көрсеткіштерде оң нәтижелерге қол жеткенімен, кейбір аудандарда кемшіліктердің бар екендігін ашып айтты. – Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде полиция жұмысына қатысты бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күресу аса маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Қазіргі таңда, ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіруге баса мән беріліп отыр. Полицейлердің жалақысы бірнеше рет көтерілді. Материалдық-техникалық базаны нығайту үшін жыл сайын қомақты қаржы бөлініп келеді. Инновациялық технологиялар енгізіліп жатыр. Алдыңғы жылдарға қарағанда биыл материалдық-техникалық базаны нығайтуға 2 есе көп қаражат бөлінді. Жалпы ішкі істер органдарына қолдау одан әрі де көрсетіле беретін болады. Осы тұрғыда қылмыстардың алдын алу жұмыстары да соған сәйкес нәтижелі атқарылуы тиіс, – дей келе аймақ басшысы бірқатар өзекті мәселелерге жеке-жеке тоқталды. Жасөспірімдермен жасалған қылмыс, жол көлік оқиғалары, синтетикалық есірткі заттарымен күрес, мал ұрлығы қылмыстарын ашу, алаяқтықпен күрес, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қаңтарда жоғалған қару-жарақтарды табу секілді бірқатар бағыттар бойынша департамент басшысының орынбасарлары мен басқарма басшылары, аудан әкімдері мен бөлім басшыларынан жауап алды. Жиында бірқатар қалалық полиция басқармасы мен аудандық полиция бөлімдерінің де есебі тыңдалды. Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров пен ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров те орамды ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Барлық көтерілген мәселелер жеке бақылауында болатынын жеткізген Нұржан Нұржігітов қоғамда заң мен тәртіптің сақтау, жалпы құылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алуда полиция департаментінің жергілікті атқарушы органдармен және өзге де құқық қорғау, арнайы органдармен бірлесіп әрекет етуінің маңыздылығына назар аудартты. Сондай-ақ департамент басшысы мен оның орынбасарларына барлық бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырып, нақты міндеттер жүктеді.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар