Мәдениет үйі ашылды
Астананың 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Қордай ауданы, Қарасу ауылында мәдениет үйінің ашылу салтанаты өтті.
Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері және жергілікті тұрғындар қатысты.
Мәдениет ошағының лентасын қию мәртебесі Дамира Маратқызына, Қарасу ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Бақыт Керімқұлұлына және Қордай аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Біржан Әбдікерімұлына бұйырды.
– Қарасу ауылында мәдениет үйінің жоқтығы – ауыл тұрғындарының көптен бері көтеріп келе жатқан мәселелерінің бірі болған. Жаңа мәдени нысан ауыл халқының бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді, – деді аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай.
Іс-шараға жиналған көпшілік мәдениет үйінің ішін аралап, аудандық «Атамекен» аталар ансамблі мен мәдениет үйі өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады.
Айта кету керек, 90 орындық мәдениет үйінде би, қолөнер сынды үйірмелер ашылған. Сондай-ақ мемлекеттік тілді үйрету бойынша курстар да өтеді. Мұнда 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Қордай ауданы
Келесі мақала