Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әрбір өтініш назардан тыс қалмауы тиіс

Әрбір өтініш назардан тыс қалмауы тиіс
ашық дереккөз
Әрбір өтініш назардан тыс қалмауы тиіс
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірлік геоақпараттық жүйенің іске асу барысы, орындаушылық тәртіп, азаматтардың арыз-шағымы туралы мәселелер қаралды. Ең әуелі, аймақ басшысы ағымдағы жылдың алты айында қалыптасып отырған әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқталып, басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді. Кеңестің күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабеков баяндама жасады. Оның айтуынша, өңірлік геоақпараттық жүйенің дайындығы 100 пайызды құрайды. – Жергілікті атқарушы органдардың геопорталдарына қойылатын бірыңғай талаптарға сай барлық базалық ГИС-қабаттар енгізілді, яғни тұрғындар үшін геопорталдың ашық картасына 160 және қызмет бабында пайдалану үшін геопорталдың электрондық кезекші картасына 367 картографиялық дерек әзірленді. Сәулет және қала құрылысы саласына қатысты 6 және жер қатынастары саласы бойынша 7, жалпы 13 мемлекеттік қызмет автоматтандырылып, енгізілді, – деді басқарма басшысы. Сондай-ақ цифрлық технологиялар басқармасы тарапынан өткен жылы геопорталға деректерді енгізу және мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша мемлекеттік мекемелердің жауапты қызметкерлеріне оқыту жүргізіліп, тізімі бекітілген. Ауылдық округтерде және Тараз қаласында орналасқан цифрлық ақпараттық орталықтарға геопортал енгізу бойынша жауапты қызметкерлерге оқыту семинары ұйымдастырылған. Облыс әкімі атқарылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижесін сұрап, кейбір кемшіліктерді сынға алды. – Бұл мәселені бұған дейін де бірнеше рет қараған болатынбыз. Есеп бергенде, баяндағанда бәрі жақсы, керемет дейсіздер. Бірақ геопортал әлі өз жұмысын бастаған жоқ. Ол қашан толығымен іске қосылады? Халық қашан оның игілігін, тиімділігін көре бастайды? Тұрғындарға біздің ережеміз, жұмыс барысындағы үдерістер емес, нақты нәтиже керек, – деген Нұржан Нұржігітов жауапты тұлғаларға бұл тұрғыдағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Басқарма басшысы ағымдағы жылдың шілде айынан бастап жер учаскелерін автоматты түрде беру «Электрондық үкімет» порталы және бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры ақпараттық жүйесі интеграциялану негізінде атқарылып, өңірлік геоақпараттық жүйелердің де бизнес процесі жүргізілетіндігін жеткізді. Өз кезегінде облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмас Тулеубаев, жер қатынастары басқармасының басшысы Бахтияр Көпбосынов та қысқаша есеп берді. Облыс әкімі өңірлік геоақпараттық жүйені картографиялық деректермен толықтырудың, жер учаскелерін электрондық түрде беруге көшудің, ол үшін инженерлік желілерді цифрландырудың маңыздылығын баса айтты. Басқосу барысында орындаушылық тәртіп бойынша облыс әкімі аппараты өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімінің бас инспекторы Болатжан Ақтанбердінің, жеке азаматтардың арыз-шағымы бойынша облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхамед Ниязбековтің талдау-есептері тыңдалды. Орындалмаған тапсырмалар бойынша әр басқарма басшысынан жеке-жеке жауаптар алған аймақ басшысы жұмысқа жаңаша көзқарас қажеттігін тағы бір еске салды. Сонымен қатар Нұржан Нұржігітов берілген тапсырмалардың сапалы орындалуын, азаматтарды жеке қабылдай отырып, олардың мәселелерін нәтижелі шешу бойынша жұмыстар жүргізу керектігін, әрбір азаматтың өтініші ескерусіз қалмау қажеттігін ескертті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар