Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ИГІЛІКТІ ІС ЖАСАУ – КӘСІПКЕРЛІГІМНІҢ МӘНІ»

«ИГІЛІКТІ ІС ЖАСАУ – КӘСІПКЕРЛІГІМНІҢ МӘНІ»
ашық дереккөз
«ИГІЛІКТІ ІС ЖАСАУ – КӘСІПКЕРЛІГІМНІҢ МӘНІ»
Белгілі бір кәсіп бастаған кез келген азамат қалтасының қалыңдай түскенін мақсат тұтатыны анық. Алайда кәсіпкерлікті өзінің де, халықтың да игілігіне жарайтын іс деп ұққан, жамбылдықтарға ғана емес, республикамызға танымал кәсіпкер Бағдат Майлыбаева жайлы әңгіме бір бөлек. Әке жолын қуған Бағдат бүгінде іскер әйел, кәнігі кәсіпкер, аяулы ана, сүйікті жар. Жуырда табысты кәсіпкермен шаһардағы нәзікжандыларға арналған «Bakonya» сән үйінде кездесіп, сөзге тарттық. – Бағдат Асаубайқызы, әңгімеміздің әлқиссасын кәсіпкерлік саласындағы алғашқы қадамдарыңыздан бастасаңыз? Кәсіпкерлікке қанша жасыңызда келдіңіз? – Бизнеске 24 жасымда келдім. Кейбіреулер «бәрін өзім бастадым, бір өзім дөңгелетіп әкеттім» десе, сенбеймін. Өйткені кез келген табысты азаматтың артында тәрбиелеп өсірген ата-анасы тұр. Кәсіпкерлікке баулыған, бағыт сілтеген – әкем. Әкемнің ашып берген бизнесін жүргіздім. Егер бүгінгі таңда кәсібім дөңгелеп, жақсы жетістіктерге жетіп, есімім ел аузында жүрсе, бәрі-бәрі ең әуелі Алланың, екінші әкемнің арқасы. Алғашқы капиталды ата-анаң бермесе, табысты болуың өте қиын. Сондықтан таңдаған саламда кейбір сәттерде сүрініп кетсем, қайта тұрып, көтерілуіме мүмкіндік берген әкеме ризамын. – Осыдан бес-алты жыл бұрын баспасөз беттеріне жиі шығып, түрлі жиындардың бел ортасынан табылып, танымалдылығыңыз күн санап артып жатты. Ал қазір жаныңыз жайлылық пен тыныштықты сүйетін секілді. Бүгінде немен айналысып жүрсіз? – Қазіргі таңда Астана және Тараз қаласында тұрамыз. Себебі «Bakonya» сән үйі екі қалада да бар. Рас айтасыз. «Бақыт тыныштықты сүйеді» демекші, өмірімнің рақатын сезініп, уақыттың қадірін біліп, асықпай алға жоспар қойып, тыныш өмір сүріп жатырмын. Отбасыммен көбірек уақыт өткіземін. Сіз айтқандай, кезінде танымал болғаным да рас. «Бәйтерек» балалар демалыс орталығының, «Қыз Жібек» және «Аю» мейрамханаларының дүркіреп тұрған кезі еді. Әрі депутатпын. Бірнеше іспен қатар айналысатынмын. Тіпті «жұлдыз» ауруымен ауырған кездерім де болды. Адам баласы жүре келе көп нәрсені үйреніп, ақыл тоқтатып, өз-өзіне баға береді екен. Шынымды айтсам, сол бір кездерде өзімді бәрінен мықты, ойлы, ақылды, күшті, ең сұлу, ең керемет сезіндім. Бірақ әкем сабама түсірді. Бірде құрбыммен бірге шетелге шығып бара жатқанмын. Сол тұста інім мені ренжітіп алды. Сөйтіп, мен әкеме шағымдандым. Сол кезде әкем: «Қызым, жұлдыздар жоғарыда, адамдар жерде аяғымен жүреді. Болашақта, жалпы өмірде дұрыс өмір сүремін десең, жоғарыдан төмен түс», деді. Әкемнің бірауыз сөзі маған жеткілікті болды. Көп ойланып, әкемнен кешірім сұрадым. Қайта қалыпқа келдім. Бұрынғы тынбай жұмыс істейтін Бағдатқа айналдым. – Бағдат ханым, бізге отбасыңыз туралы айтып берсеңіз... – Біреу біледі, біреу білмейді, екінші рет тұрмысқа шығып, бақытты өмір сүріп жатырмын. Жұбайым жақсы адам. Бірге тұрып жатқанымызға 13 жыл болды. Бүгінде ұлымыз екінші сыныпты аяқтады. Ал қызым 27 жаста. Қызымның дөңгелетіп отырған кәсібі бар. Бірінші жұбайыммен ажырасқан күні қатты жыладым. Жиырма бір жасымда ақ босаға аттап, қызымды дүниеге әкелдім. Бірақ дәм-тұзымыз жараспай, ажырастық. Өкінбеймін. Ешкімге ренжімеймін. Мен ажырастым ғой деп жыламадым. Ата-анамның абыройын ойлап жыладым. Сол кезде «әулеттің абыройына енді кір келтірмеймін» деп өзіме уәде бердім. Тез арада есімді жиып, кәсіпке араласып кеттім. – «Bakonya» бренді шаһардағы өзіндік миссиясын қалтқысыз атқарып келе жатыр десек, артық айтқанымыз емес. «Bakonya» – сіздің бүркеншік атыңыз ба? Онда қазір қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз? – Бала кезімде мені «Бакония» деп атапты. Өзіме де осы есім ұнайды. Сән үйінің аталуы осы есіміммен байланысты. Мен әкемнің ерке де, өжет қызымын ғой. Бір кәсіпті бастарда түсетін табысты есептемейді екенмін. Өзімді мықты кәсіпкермін деп санамаймын. Қандай кәсіп бастасам да жүрегіме жақынын, қолымнан келетінін таңдаймын. Әдемілікті, тазалықты, сұлулықты жаным сүйеді. Отандық өнімге мемлекеттен барынша қолдау керек. Еш уақытта мемлекеттен көмек күтпеппін. Өзіме сеніп үйренгенмін. Көпшілік «Bakonya» сән үйін қарапайым ателье деп ойлайды. Бірақ бұл мүлде ондай емес. Сондай-ақ ел арасында сапалы киімді тек шетелде шығарады деген қате түсінік бар. Бізге келушілердің бәрі киімдерді Италиядан сатып әкеледі деп ойлайды. Өнімнің барлығы Тараз қаласында өндірілгеніне сенгілері келмейді. Сол себепті біз тұрғындарға киімнің қалай тігілетінін, жалпы жұмыс барысын бақылау үшін арнайы монитор орнатып қойдық. Кей азаматтар біздегі бағалар қымбат деп ойлап, жай ғана киімдерді тамашалаумен ғана шектеледі. Бұл – қате ой. Дүкендегі киімдер қарапайым халық үшін қолжетімді бағада. Сонымен қатар «Bakonya» сән үйіне келіп, кез келген киімді киіп көруге болады. Себебі әйел адам өзіне қандай үлгідегі киімнің жайлы және ыңғайлы болатынын түсінуі керек. Біздің өнім әдемі ғана емес, адам бойындағы кейбір кемшіліктерді жасырады. Себебі әр киімнің дизайны сұлулықты көрсетуге бағытталған. «Адам көркі – шүберек» деген. Киген киімдеріңіз сапалы болсын. Жалпы «Bakonya» сән үйі арқылы «осынша пайда тауып отырмын» деп айта алмаймын. Субсидия да ала алмадық. Субсидия берудің өзі үлкен бизнеске айналып кеткеніне көзім жетті. Субсидиямен айналысып отырғандар өз туыстарына, достарына, жақындарына ғана үлестіріп береді. Біз секілді жеңіл өнеркәсіппен айналысатын кәсіпкерлерге көмек қажет. Мемлекеттен көмек жоқ дей алмаймын. Өкінішке қарай, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау, көмектер аяғына дейін жетпей, орта жолда қалып қойып жатыр. Біз секілді кәсіпкерлерге жетіп жатқан жоқ. – Ал «Бәйтерек» балаларға арналған демалыс орталығының бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай? – Демалыс орталығы – 3 айлық науқандық бизнес. Бір жылдық нәпақаңды үш айда тауып үлгеру керексің. Маусым айынан бастап балалар жазғы лагерьлерде болады. Негізі өзімнің лагерьлердің жұмысына көңілім толмайды. Жылда кейбір мемлекеттік лагерьлерге барынша қомақты сома бөлінеді. Сол лагерьлерде қазіргі таңда былықтар шығып жатыр. Жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, өтірік сырлай салған. Іші тараканға толы. Құрал-жабдықтары жоқ. Ас-ауқатының да сапасы сын көтермейді. Депутат болып тұрған кезімде біраз мәселе көтердім. Менің айқай-шуыммен бір жылдары тендер ойнатылып, көптеген лагерьлерге ақша бөлінді. Балаларды жақсы көремін. Бала – періште ғой. Бірде кішкентай қызым күні бойы теледидар көріп отырды. Қызыма қарап отырып: «неге балаларға арналған демалыс орталығын ашпасқа?! Балалардың бос уақытын дұрыс пайдалану үшін не істесем болады?» деп көп ойландым. Лагерьлерді аралап та көрдім. Балалар демалып жатыр, арғы жағында ересектер ішімдік ішіп отыр. Қоршау жоқ. Жағдай жасалмаған. Әжетхананың иісі сасып тұр. Түк жағдай жасалмаған. Сонда лагерьлерге кім және не үшін ақша бөлініп жатыр? Айта берсе мәселе өте көп. Менің балабақшамда атпен емдеу, суы жылы бассейн, әр балаға жеке жатын орын, ас-ауқаты мол болатын. Лагерьді жаппақ болып статистика департаментіне барсам «жаппаңыздар, бізге статистика үшін керек» дейді. Жаптым. Бірақ қайта ашпақшымыз. Мен кәсіпті ашып-жабудан қорықпаймын. Кейде бір ашқан ісің жүрмейді, енді бірі күшті жүреді. Кәсіп сонысымен қызық қой. – Кезінде «Аю» мейрамханасы да дүркіреп тұрған еді. Заман ағымымен балабақшаға айналды... – Иә, шаһарымыздағы ең жақсы балабақшаның бірі деп айта аламын. Балаларға арналған ойын-сауық орталығымды да жауып, ондағы 4 миллионға сатып алынған әткеншек, аттракцион, батут, бәрін балабақшаға апарып қойдым. «Аю» балабақшасының балалары қызығын көрсін деген ниетте болдым. Қомақты ақша кетті деп ақшаға қайғырып отырмаймын. Жұмыс жүрмеді ме, тез арада жауып, басқа бизнес көзіне айналдырамын. Әр нәрсе өз уақытысымен. – Уақытыңызды тиімді пайдалану үшін жоспар құрасыз ба? – Күнделікті жоспар құру – тірлігіңнің тиянақты бітуіне ықпал етеді. Ешқашан да бүгінгі шаруаны ертеңге қалдырмаймын. Өмір адамды өзгертеді екен. Бүгінде асықпаймын. Ертеңімді ойлаймын. Бұрын біреу сұрамаса да көмектесетінмін. Кейін сол әдетімнен опық жедім. Бірақ ағайын-туыс, дос-жарандарымызға қандай да бір көмек керек болса, бәрін тастап соларға көмектесуге дайынмын. – Бизнестегі тұлғаның бойынан табылу керек қасиеттерді айтсаңыз. Мәселен, бойыңызда қандай жақсы-жаман қасиеттеріңіз бар? – Кәсіпкер болу үшін қайсарлық қажет. Ештеңеден қорықпайтын жүрек болуы тиіс. Сүрінсең қайта тұру үшін қажыр-қайрат керек. Адам бойындағы жеке қасиеттер, туабітті мінез бала күннен қалыптасады. Ата-ананың берген тәрбиесімен қанға сіңеді. Ал бизнесте кәсіпті жүргізу барысында жүре пайда болатын мінездер туабітті мінездермен қайнасып, тұлғаның табысқа жетуіне септігін тигізеді. Жақсы ма, жаман ба, жасым елуге келсе де әйелге тән еркелігім, нәзіктігім бар. Ұялшақтығым бар. Мақтаса ұялып қаламын. Тіке айтқанды жақсы көремін. Бір істі бастасам, аяқтамайынша тыным таппаймын. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар